Accessibility links

Қош, паң Алматы!


Абылай Есімбай, Азаттықтың блог байқауына қатысушы
Абылай Есімбай, Азаттықтың блог байқауына қатысушы

Әр мекеме қол астындағы жұмысшыларды, қызметкерлерді жеке пәтермен қамтамасыз етсе. Сонда құлшына жұмыс істер едік.

Жарылқасын университетті ойдағыдай аяқтады. Қолында - қан қызыл диплом. Өз біліміне сенген Жарылқасын ауылына қайтқысы келмеді. Әйтпесе әке-шешесі: «Дипломмен ауылға» кел» деп еді. Бірақ, Жарылқасын менсінбеді. Ауылды. Ол жақта өспей қаламын деп ойлады.

Содан Алматыда қалды. Орташа бір компанияға конкурс арқылы әзер қызметке орналасты. Жалақысы да орташа. Әрине, тәжірибесіз жас маман болғасын қайдағы жоғары жалақы? Сонымен жұмысына жақын жерден бір бөлмелі пәтерді жалға алды. Онысы айына 50 000 теңге. Одан арзандары бар еді, бірақ олар қаладан алыста һәм іріп кеткен ескі.

Айтпақшы 50 000 теңгеден бөлек коммуналдық қызмет ақысы да бар екен. Ол да Жарылқасынды аяусыз жұлмалап тастады. Бар тапқан-таянғаны пәтерақы, жолкіре, ас-суынан артылмады. Бір жылдай осылай күнкөріс қамымен шапқылап жүрді. Болашақта үйленуіне, көлік, жер алуына деп қор да жинай алмады.

Кәрі әке-шешемді отау болып қуантайын десем, қыздар да үйсіз жігітке қарамайды.

Бір күні бұл өміріне күйіп кеткен болуы керек, Жарылқасын банкке барды. Қолжетімді баспана, ипотека дегендерді көрмек ниетпен. Банкке таудай үмітпен арқаланып кіріп еді, суға шыланған тарыдай боп сүмірейіп шықты. Қолжетімді баспанаға қол жеткізу үшін талай жыл кезекте тұру керек, ипотекалық несие алу үшін кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі, жоғарғы жалақысы болуы тиіс екен. Жас Жарылқасында ол қайдан болсын? Ауылдағы әке-шешесінің лай кірпіштен құйылған ескі үйі жарамайды. Студент кезінде арманы асқақ еді. Енді шынайы өмірге бас қойғалы, арманы аласарып кетті.

«Тым құрығанда бір бөлмелі пәтер алсам ғой. Шіркін, мемлекет қарамағындағы мекемелермен келісім-шарт жасаса. Әр мекеме қол астындағы жұмысшыларды, қызметкерлерді жеке пәтермен қамтамасыз етсе. Сонда құлшына жұмыс істер едік. «Үйсіз адам – күйсіз адам» дегенді қалай тауып айтқан. Кәрі әке-шешемді отау болып қуантайын десем, қыздар да үйсіз жігітке қарамайды. Теледидардан күнде айтып жататын «Қолжетімді баспана» танысың болмаса, қолжетімсіз. Несие де ала алмадым. Кепілге қояр дымым жоқ. Енді не істеймін? Осылай жүре берсем, қартайғанша үй ала алмаспын. Күннен күнге пәтер бағасы аспандап барады. Қой. Бұлай жүргенім жарамас».

Ертесіне Жарылқасын пойызға билет алды: «Қош, паң Алматы! Енді туымды туған жерге тігемін!»

Абылай ЕСІМБАЙ

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.

XS
SM
MD
LG