Accessibility links

Біз әлі бильярдқа барамыз


Арман Әлменбет жіберген көрнекі сурет
Арман Әлменбет жіберген көрнекі сурет

Үйдің артына барып ықтап тұрдық. Қалтамызды қақсақ, қонақтың ақшасын қоспағанда бес жүз теңгедей бар екен. Ауланы жаңғыртып бір күлейік.

Алматы. Күз. Сағдаттың тұрып жатқан үйі туыстарыныкі, нақтылап айтсақ, әкесінің жездесінікі. Қазір олар үйде жоқ, өзіміз ғана. Қарағандыдан келген тағы бір сыныптас Айдар бар – үшеуіміз көңілді отырмыз.

– Ана кісілер анық келмей ме? – деп мен тағы бір сұрадым.

– Негізі келмеуі керек, – деді Сағдат.

– Келсе не істейміз?

– Осы кейбір адамдар төртінші этаждан секіріп, өлмей қап жатады ғой, – деді Сағдат қуланып.

Келмейтін шығар...

Шайымызды ішіп бола бергенде қоңырау қағылды. Өлім.

Сағдат есікті ашуға кетті. Біз Айдар екеуіміз орнымызда отырып қалдық (осы үйдің адамдары құсап алдарынан шықпағанымыз қандай жақсы болған).

– Класстастарым келген, – деп жатты Сағдат.

– А?! – деген дауыс естілді.

Бізді хабарлаған соң, амалсыздан кіре беріске қарай шықтық. Киімдерін шешіп жатқан осы үйдің кексе тартқан әйелі мен бойжеткен қызы екен – міңгір етіп амандастық та, үнсіз киіне бастадық. Сағдат бізге ілесті. Жағдайдың соншалықты ыңғайсыз болғанын үй иесінің сөзінен-ақ түсінуге болады, ол кісі былай деген еді:

– Қайда бара жатырсыңдар, отырмадыңдар ма?

Өте орынсыз сөз болды, бірақ сыныптасым Сағдаттың сөзі одан да орынсыз болды:

– Біз қазір бильярдқа барамыз, киноға барамыз.

Сыртқа шықсақ, жауын жауып тұр екен. Үйдің артына барып ықтап тұрдық. Қалтамызды қақсақ, қонақтың ақшасын қоспағанда бес жүз теңгедей бар екен. Ауланы жаңғыртып бір күлейік. «Бильярдқа, одан соң киноға барамыз дедің, ә?».

Одан соң қайда баратынымыз талқыланды. Мен ол кезде орыс кемпірдің үйінде тұрушы едім, ол жаққа бара алмаймыз. Тағы бір Дулат деген сыныптас бар, бірақ ол бір жамағайынымен пәтер жалдап тұрады. Содан жұма намазға барып тұратын тағы бір сыныптас бар еді, соған хабарласып, қонақтың жатар орынын шешіп, пәтер-пәтерімізге тарастық.

P.S. Бас-аяғы жиырма шақты пәтер жалдаған адаммын, намысым тапталып, жігерім жаншылған кездерді айтқым келмейді, бұрын айта беруші едім... Жігіт емеспіз бе, шыдармыз, ел емеспіз бе, шешілер бәрі де.

Арман ӘЛМЕНБЕТ

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.

XS
SM
MD
LG