Отбасын құрғанымызға да тоғыз жылға аяқ басты. Алғашында бөлме жалдаудан бастадық. Үш баламыз бар. Балалардың көбін естігенде қожайындардың ат-тонын ала қашатыны, тіптен жүрегіңді жаралайды. Сонда квартиранттардың баласы болмауы керек пе? Үй аламыз деп, мемлекеттік бағдарламаларға да қатыстық. Қырсық шалғанда екі баламен, екі жылда да өтпей қалдық. Үшінші жолы қолжетімді баспана бағдарламасына тапсырамыз дегенде, ол болмай қалды. Ал биыл, жасымыз орда бұзар отызға келгендіктен, жас отбасына жатпайсыздар деп тағы қалдық. Әйтеуір жолымыз бір болмай-ақ қойды.
Үш баланы асырау, пәтер ақысын төлеуден жалақымыз артылмайтын заманда, баспана бізге арман болды. Кейде отағасының өмірден түңіліп кететін кездері де болады. Ондайда жылап аламын. Жұмысында беретін пәтерлердің тізіміне іліне алмай жүргені де, өзегіңді өртейді. Біресе, жас отбасы санатына жатпайды десе, бірде жалақың жетпейді деп зәр түбіне жеткізеді.
Соңғы кезде балалар: «Әке-ана, біз қашан өз үйімізге көшеміз» дегенде, өзегің үзіліп кетердей болады. Кеше төрт жастағы қызымнан:
- Аяз ата жаңа жылда саған қандай сыйлық әкелсін? - деп сұрасам, қызым:
- Аяз ата жаңа жылда бізге үй берсін, соны тілеймін, - дейді.
Бұны естіп қалай жүрегің ауырмайды, қалай жыламайсың...
Бірақ, қаншама жыл пәтер жалдап жүрсек те, деніміздің саулығына, балаларымның амандығына, отанымның тыныштығына қарап тәуба деймін. Біздің де жарық күніміз алда шығар. Болашағымыздың жарқын боларына сенемін!
Нұргүл СЫРЛЫБАЕВА
Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.