Маусымның 5-і - жексенбі күні Ақтөбе қаласында ондаған қарулы адамдар полициямен қақтығысты. Қылмыскерлер екі бірдей қару-жарақ дүкенін тонап, сатушысы мен бірнеше адамды атып кеткен. Мұнан соң жолаушылар автобусын басып алып, онымен әскери бөлімге шабуыл жасауға тырысқан. Шабуылдарға тойтарыс берілгенімен, қылмыскерлердің (ІІД мәліметі бойынша, олар кем дегенде 27 адам болған) бір бөлігі қашып кеткен. Бұл шабуылдардың кесірінен алты адам қаза тауып, 11 кісі жараланғаны хабарланды. Полиция мен арнайы жасақ өкілдері төрт қылмыскерді атып өлтірген, жетеуін ұстаған. Қалада террорлық қауіптің қатаң режимі енгізілді, түлектердің ҰБТ тапсыруы шегерілді. Қала тұрғындарына үйден шықпау ескертілген. Ақтөбеде интернет пен байланыс қосылмай тұр.
Шабуылдарды дәстүрлі емес діни ағым өкілдері жасады деген болжам айтылғанымен, әзірге қылмыскерлер әрекетінің себебі мен мақсаты туралы анық ақпарат жоқ. Бұл оқиғаны террор ретінде бағалауға бола ма, елде бұл әдеттегі бұзақылық болуы мүмкін бе? Арнайы органдар шабуылдарға неге жол беріп қойды? Билік реакциясы нақты жағдайды білдіріп отыр ма?
Осы және басқа да сауалдарға AzattyqLIVE хабарының бүгінгі сарапшысы қоғам қайраткері, ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі Арат Нарманбетов жауап берді.