8 қарашада АҚШ-та өткен президент сайлауында Республикашыл партияның кандидаты Дональд Трамптың жеңіске жеткені жарияланды. Ол Демократиялық партиядан сайлауға түскен бәсекелесі Хиллари Клинтоннан озған.
Дональд Трамп сайлаушылар алқасының 276 дауысына ие болған соң америкалық ақпарат құралдары оны сайлау жеңімпазы деп хабарлады.
Трамп халқы тығыз орналасқан аймақтар мен таңдаушылар алқасында көбірек дауыс жинаған. Клинтонды қолдағандар солтүстік-шығыс штаттарда басым болған.
69 жастағы Хиллари Клинтон мен 70 жастағы Дональд Трамп сайлау алдындағы науқанды да қызу тартыспен жүргізді.
Трамп Клинтон мемлекеттік хатшы ретінде қолдаған АҚШ-тың сауда саясатын сынаған. Реалити-шоу жұлдызына айналған бизнесмен Трамп сайлауда жеңіске жетсе, Клинтонды мемлекеттік хатшы қызметінде жеке электронды поштасын жұмыс бабында пайдаланғаны үшін түрмеге қамайтынын білдірген. Ол мұсылмандардың елге келуіне тыйым салып, мигранттарды бөгеу үшін оңтүстік шекара бойынан қабырға тұрғызатынын айтқан.
Американың экс-президенті Билл Клинтонның зайыбы, бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон сайлау науқаны кезінде орта таптың кірісін көтеріп, жоғары білім алуды қолжетімді қылып, қазіргі президент Барак Обама 2001 жылы бастаған денсаулық саласындағы реформаларды жақсартуға уәде берген.
45-президент сайлауынан кейін АҚШ-тың Қазақстан, Орталық Азия және постсоветтік елдерге қатынасы қандай болмақ? Бұл туралы мәселеге AzattyqLIVE хабарында саясаткер Әміржан Қосанов жауап берді.