Қаңтардың 16-сы күні ҰҚК баспасөз қызметі Қазақстан президенті әкімшілігінің бұрынғы қызметкерлері Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихиннің қаңтардың 12-сі күні екі айға қамауға алынғаны жөнінде ақпарат таратты. Құзырлы орган мәліметінше, ұсталған екі адам қылмыстық кодекстің 185-бабының 3-бөлімі бойынша (Мемлекеттік құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету) күдікті деп танылған.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) ресми сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, "Күдіктілердің және олардың туыстарының тұрғылықты жерлері бойынша тінтулер жүргізілді, заттай дәлелдемелер алынған. Тергеп-тексеру жалғасып жатыр".
ҰҚК бұған дейін Нартай Дүтбаев пен екі шенеунік - Нұрлан Хасен және Ерлан Нұртаевтың "мемлекеттік құпияны әшкереледі, билігін және қызмет бабын асыра пайдаланды" деген күдікпен ұсталғанын желтоқсанның 26-сы күні хабарлаған еді. Олардың үйлерінде де "тінту жүргізіліп, заттай айғақтар тәркіленген". Желтоқсанның 28-і күні күдіктілер сот шешімімен екі айға қамалып, ҰҚК-нің тергеу абақтысына жабылған. Ал қаңтардың 10-ы күні Астанада Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі, 36 жастағы Қуандық Бишімбаев мемлекеттік басқару жүйесіндегі бұрынғы жұмысында «бірнеше рет аса ірі көлемде пара алған» деген күдікпен ұсталған. Олардан бөлек, қаңтар айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарма төрағасы Руслан Ерденаевтың "өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленіп кетті" деген күдікке ілініп, қамалғаны хабарланды.
Майлыбаевтың қамалуы нені білдіреді? Қамалғандар билік кландары арасындағы қақтығыс құрбандары емес пе? Неге соңғы кезде жоғары лауазымды адамдардың қамауға алынуы көбейді? Осы және өзге де сұрақтарға AzattyqLIVE хабарында саясаткер Әміржан Қосанов жауап берді.