Accessibility links

Жезқазған маңына зымыран қалдығы құлап, адам қаза тапты


Байқоңырдан ұшқан "Союз" зымыран тасығышы. 2016 жылдың қазаны. (Көрнекі сурет)
Байқоңырдан ұшқан "Союз" зымыран тасығышы. 2016 жылдың қазаны. (Көрнекі сурет)

Қазақстанның жергілікті ақпарат құралдары Байқоңыр ғарыш айлағынан маусымның 14-і күні ұшқан Ресейдің "Союз-2.1а" зымыран-тасығышы қалдықтары Жезқазған маңына құлап, шыққан өртті сөндіру кезінде бір адамның қаза тапқанын хабарлады.

Байқоңыр ғарыш айлағынан маусымның 14-і ұшқан Ресейдің "Союз-2.1а" зымыран тасығышының қалдықтары Жезқазған қаласынан 40 километр жерге құлап, одан шыққан өртті сөндіру кезінде бір адам қаза тапқан. Ақпаратқа қарағанда, өрт Жезқазған іргесіндегі Талап ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 16 километр жерде (Ұлытау ауданы - ред.) шыққан. Оны сөндіру кезінде бір азамат қайтыс болған, тағы бір азамат ауруханаға түскен. Жансақтау бөліміне түскен адамның әл үстінде екені айтылып жатыр. Мерт болған және ауруханаға түскен адамдардың аты-жөні хабарланбады.

Тараған ақпараттарға қарағанда, "зымыран тасығыш қалдықтары құлаған жерде қураған шөп өртеніп, бұл туралы хабар Қарағанды облысы төтенше жағдайлар жөніндегі департаментіне маусымның 14-і күні кешкі сағат 18:04-те түскен". Өрт шыққан жерде Ресей базасының 5 техникасы жұмыс істеген. Өрт түнгі сағат үштер шамасында өшіріліп біткен.

Қазақстан картасындағы Қарағанды облысы.
Қазақстан картасындағы Қарағанды облысы.

"ОЛ ЖЕРДЕ ГЕПТИЛ ЖОҚ"

Азаттық тілшісі төтенше жағдайлар жөніндегі комитетке хабарласқан еді. Комитеттің ресми өкілі Руслан Иманқұлов зымыран тасығыш қалдықтарының құлағанын, содан шыққан өртті сөндіру кезінде 1964 жылы туған жұмысшы денесін күйік шалып қаза тапқанын, 1968 жылы туған тағы бір азамат ауруханаға түскенін растады.

Оның сөзіне қарағанда, Байқоңырдан "Прогресс МС-06" жүк кемесін алып ұшқан "Союз-2.1а" зымыран тасығышынан ажыраған қалдықтар маусымның 14-і күні Жезқазған маңындағы Талап ауылынан оңтүстік-батысқа қарай түскен. Зымыран сынығы түскен жерде қурай өртенген.

Қарағанды облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің (ТЖД) ақпараттық қызметінің өкілі Айдана ​Жүніс те облыс аймағына зымыран тасығыш қалдықтары құлағанын растады. Алайда оның сөзінше, көбінше расталмаған ақпарат тарап кеткен.

- Кей жерлерде мұны басқаша хабарлап жатыр. Негізі оның (зымыран-тасығыштың қалдықтарын айтады – ред.) құлауы жоспарлы болған. Яғни құлайтыны белгілі болған. Қазір "Зымыран құлапты, не деген сұмдық?!" деген сияқты сөз тарап жатыр. Ол туралы ресми ақпаратты дайындап жатырмыз. Бір сағат көлемінде жариялаймыз. Өрт сөндірген бір адам қаза тапты, біреуі ауруханада жатыр. Ол жерде гептил жоқ, өрт керосиннен шыққан, - деді ТЖД өкілі Айдана ​Жүніс.

Қарағанды облысы ТЖД-сы берген ресми ақпаратқа қарағанда, өрт аумағы 10 мың гектар болған. Оны сөндіруге 61 адам мен 22 техника жұмылдырылған.

WhatsApp қосымшасы арқылы сәрсенбі күні Жезқазған маңындағы Талап ауылында зымыран фрагменттері құлағаны туралы, зымыранның улы отыны - гептил төгілгені туралы лақаптар тараған еді. Онда тұрғындарға есік-терезелерді жауып отыру, балаларды далаға шығармау туралы кеңестер де берілген.

РОСКОСМОСТЫҢ КӨҢІЛ АЙТУЫ

Ресейдің РОСКОСМОС корпорациясы зымыран тасығыштың қапталындағы блоктар Жезқазған қаласынан 50 километр жерге құлағанын хабарлады.

Корпорация "Күрделі метео жағдайлар (+34 градус, 15 м/сек жел) кесірінен блоктар құлаған жерде дала өрті тұтанған. Халыққа төнетін қауіп жоқ, өрт сөндірілді. Келіп түскен ақпараттарға қарағанда, өрт сөндіру кезінде «НПО машиностроения» (РОСКОСМОС-қа қарайды) акционерлік қоғамының КАМАЗ көлігінің жүргізушісі қаза тапқан. Жел ұйытқып, КАМАЗ көлігін өрт шалған. РОСКОСМОС қаза тапқан адамның туыстарына көңіл айтады" дейді.

Мұның алдында корпорация "2017 жылы маусымның 14-і күні Мәскеу уақытымен сағат 12:20-да Байқоңыр космодромының №31 алаңынан Халықаралық ғарыш станциясына «Прогресс МС-06» жүк кемесін тиеген «Союз-2.1а» зымыран тасығышы сәтті ұшырылғанын" хабарлаған еді. Екі жарым тонна жүк тиеген «Прогресс МС-06» ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш станциясымен маусымның 16-сы күні түйіседі.

Ресей зымыран-тасығыштарының қалдықтары құлап, жергілікті тұрғындар зиян шеккен оқиға тек бұл емес. 2016 жылы маусым айында Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қарсақпай кентінің тұрғындары зымыран қалдықтары құлап, денсаулықтарына зиянды әсер еткенін хабарлаған болатын.

ВИДЕО: "Қарсақпай маңына құлаған зымыран" (2016 жылдың маусымы)

"Қарсақпай маңына құлаған зымыран"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:46 0:00

Ал билік ол маңға зымыран құлады деген сөзді жоққа шығарған. Өзін "Майгүл" деп таныстырған жергілікті тұрғын осы оқиғадан кейін ауылда ауру-сырқау көбейіп, ескі аурулары қозған адамдар көбейгенін айтып, "сүйектерім қақсап, немерелерім де «ішім, басым» деп ауырып жатыр. Бес-алты күннен бері «басымды көтере алмай жүрмін» деушілер толып жатыр. Ракетаның салдары деп ойлаймын. Дәрігерге барсаң, олар не істейді?" деген еді.

Қарағанды облысындағы «зымыран құлады» деген оқиғалардың әйгілісі 2007 жылы 6 қыркүйекте болған. Сол күні ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сапарда жүрген Жезқазған қаласынан 40 километр жерге құлап, бірнеше жүз тонна улы зат – гептил төгілген. Бұл экологиялық апатқа наразы Қазақстан Ресейден 60 миллион доллар өтемақы талап етіп, ақыры Ресей 2,5 миллион доллар төлеуге келіскен.

Қазақстан 2013 жылы 2 шілде күні Байқоңырдан ұша бере жарылып кеткен «Протон-М» тигізген шығынның есесіне Ресей 89 миллион АҚШ доллары төлеуі тиіс деп бағалаған. Кейінірек «Қазақстан жағының шеккен шығынды дәлелдей алмағаны», «Ресейдің өтемақы төлемейтіні» хабарланған. Бұл туралы Азаттық Қазақстанның арнайы органдарына және ресейлік «Роскосмосқа» сауал жолдағанымен, жауап ала алмаған.

  • 16x9 Image

    Рахат МАМЫРБЕК

    Рахат 2010 жылдан бері Азаттықтың Алматы бюросында редактор және жүргізуші болып қызмет атқарып келеді. ҚазҰПУ-ді саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген. "Қазақстан", "31-арна", КТК және "Алматы" телеарналарында жүргізуші, редактор болып тәжірибе жинаған. Жергілікті телеаудиторияға кең танылған "Күлтөбе" телехабарының авторы әрі модераторы болған.

XS
SM
MD
LG