Accessibility links

Тәуелсіз экологтарды лас жерлердің кейбіріне жібермеді


Балқаш қаласындағы "Қазақмыс" компаниясы кәсіпорнының мұржалары.
Балқаш қаласындағы "Қазақмыс" компаниясы кәсіпорнының мұржалары.

Теміртау, Балқаш пен Екібастұздағы химиялық қалдықтармен ластанған жердің экологиясын тәуелсіз тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ экологтарға барлық жерден сынама алуға рұқсат етпеді.

Химиялық қалдықтармен ластанған аумақта тұратын халықтың экологиялық қауіпсіздігі мәселесін шешуге бағытталған жобаны үш қоғамдық ұйым жүргізіп жатыр.

Олар – Қарағанды облыстық экологиялық мұражайы («Экомузей»), Қарағандының экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жаңа технологияларды енгізу орталығы және чехтың Arnika деген экологиялық қоғамдық ұйымы. Жобаны Еуропа одағы қаржыландырып отыр.

Экологтар тәуелсіз тексеру жүргізу үшін Қазақстанның үш қаласы – Теміртау, Екібастұз және Балқаштан төрт орынды таңдады. Алғашқы қорытындылар шығып, жұртшылыққа сараптаманың түпкілікті нәтижесі жыл соңына қарай ұсынамыз деген уәде берілді. Жоба қызметкерлері «бюрократиялық қол байлаудың кесірінен жұмыстың бір бөлігі ғана атқарылды» дейді.

ЭКОЛОГИЯСЫ ЛАС ҮШ ҚАЛА

Тәуелсіз экологтар Қазақстанның Теміртау, Балқаш және Екібастұз қалаларына текке назар аударған жоқ. Өнеркәсіп дамыған орындары көп қалалардың тұрғындары экологияның жайсыздығына шағым айтады.

Теміртау қаласығы "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнына баратын көше бойында.
Теміртау қаласығы "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнына баратын көше бойында.
Олардың арасында зейнеткер Елизавета Кузнецова да бар. Ол осыдан екі жылдай бұрын өзі 15 жыл тұрған Осакаровка кентінен Теміртау қаласына көшіп келген. Әйелдің айтуынша, қаланың, әсіресе өнеркәсіп орындарына таяу шығыс жағының ауасы өте лас.

— Ауаның ластығынан демікпем асқынып, қан қысымым көтерілді, жүрегім де дімкәс. Уыс-уыс таблетка ішемін. Жазда саяжайға барып жан сауғалаймыз. Зауыттан алыстау болғасын ол жақтың ауасы тазарақ, - дейді зейнеткер Елизавета Кузнецова.

Қалада қоршаған ортаның жағдайына шағым айтушылар көп. Экологтар ластану деңгейін бағалап, химиялық қауіпті заттар нақты қай жерде барын анықтап, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиісті шараларын ұсынбақ.

СЫНАМАЛАР

Экологтар Екібастұз қаласындағы совет заманынан бері қараусыз қалған қосалқы электр станциясынан сынама алды. Экологтардың деректері бойынша, бұл жерде Балқаш жағалауында орналасқан бұрынғы «Дарьял-У» радиолокациялық станциясында кезінде пайдаланылған заттар қолданылған. Бұрынғы «Дарьял-У» советтік әскери базасы қазір улы қалдықтар сақталатын орын. Бірақ экологтарды ол жерге жібермеді.

— «Дарьял» қоймасынан төнетін қауіпке қарсы біз де, мемлекет те әзірше еш шара жасай алмай отырмыз. Мемлекеттік органдардың барлығына кіріп, Балқашқа қауіпті заттар түсетін я түспейтінін анықтау үшін көлдің «Дарьял» тұрған тұсында сараптама жүргізуді ұсындық. Мемлекеттік органдардың қолдауына қарамастан, ол жаққа кіру үшін кім рұқсат беруі тиіс екенін ешкім білмейді. Ешкім өзіне жауапкершілік алғысы келмейді. Еуроодақ бұл зерттеу жұмыстарына ақша бөлді, ал бұл мәселе әлі шешілген жоқ, - дейді жобаның химиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі сарапшысы Дмитрий Калмыков.

"Балқаш-9" нысанындағы бұрынғы советтік Дарьял-У радиолокация станциясының жұрнағы. Қарағанды облысы, 22 мамыр 2010 жыл.
"Балқаш-9" нысанындағы бұрынғы советтік Дарьял-У радиолокация станциясының жұрнағы. Қарағанды облысы, 22 мамыр 2010 жыл.
Балқаш қаласында «Қазақмыс» кәсіпорны орналасқан аумақтағы кен өңдеу қалдықтарын сақтайтын қоймадағы өнеркәсіп қалдықтарының үйіндісі тексерілді. Кезінде бұл жерде зерттеу жүргізіліп, ол жақтан алынған топырақ сынамасында мыс мөлшері көп екені анықталған. Экологтардың айтуынша, Балқаш көлі жағасында тұрған қалдық сақтайтын қоймадағы химиялық заттар бірден көлге барып түсу қаупі бар.

Экологтар Теміртау қаласында балалар алаңдары мен су түбіндегі шөгінділерді сынаптан тазарту жұмыстары жүрген Нұра өзені аңғарынан сынама алды. Экологтар топырақтың да, өзен түбіндегі шөгінділердің де сынамасын алды. Сараптама жасау үшін жергілікті тұрғындардан балық пен жұмыртқа сатып алды. Балқаш көліне таяу жердегі осыдан бірнеше жыл бұрын өртеніп кеткен «Акрал» әскери қоймасы да жеке зерттеу нысаны ретінде таңдалды.

Аумақты зерттеу де, сараптама жұмыстары да жалғасып жатыр. Экологтар «жоспарланған жұмыстардың бәрін орындау мүмкін болмағанымен, алғашқы нәтижелер дайын болды» дейді. Экологтар Теміртау туралы толығырақ ақпарат берді. Бұл қаланың лас экологиясы көпшіліктің назарына ілініп отыр.

СЫНАП ЖҰҚҚАН БАЛЫҚ

Теміртаудағы Самарқанд су қоймасынан шөгінділерден сынама алынып, экологтар зерттеу үшін балықшылардан жыртқыш балық алды.

Нұра өзені бұрынырақ сынаптан тазартылғанымен, кейбір тұстары өнеркәсіп қалдықтарымен әлі ластанатыны тексеру жұмыстары барысында анықталды. Топырақ пен су түбіндегі шөгінділерден алынған сынама үлгілерінің құрамындағы ауыр металдар мен пестицид қалдықтары Прагадағы химиялық технологиялар иснтитутында тексерілді.

Чех маманы Мартин Скальскийдің баяндамасында «Нұра өзенінің кейбір тұстарынан сынаптың көп мөлшері табылды. Өзен түбінен алынған шөгінділердің алты үлгісіндегі сынап деңгейі мөлшерден асып кетті. Өзенді тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет. Ацетальдегид өндіретін «Карбид» зауытының құрамында сынап бар қалдық сулары ондаған жыл бойы өзенді ластап келген. Нұра өзені жағалауында орналасқан ауылдардың, оның ішінде экологиясы сауықтырылды деп хабарланған тұсынан 20 үлгі-сынама алынды» деп жазылған.

Балқаш көлінен ауланған балықтарды көрсетіп тұрған адам. (Көрнекі сурет)
Балқаш көлінен ауланған балықтарды көрсетіп тұрған адам. (Көрнекі сурет)
— Өзен қалдықтардан дұрыс тазартылмаған, негізгі тұстарын қайта тазарту қажет. Балықтан сынап табылды. Жалпы, бұл балықты жиі болмаса да, жеуге болады. Әйтпесе денсаулыққа зияны болуы мүмкін. Бірақ бірер балықтан зиян бола қоймас деп ойлаймын. Әйткенмен, АҚШ стандарттары бойынша бұл балық жеуге жарамсыз деп есептеледі, - дейді чехтардың Arnika үкіметтік емес экологиялық ұйымының өкілі Мартин Скальский.

«АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық комбинатының ауыр металдары қаншалықты жинақталғанын анықтау үшін Теміртау қаласындағы балалар алаңдарынан топырақ сынамасы алынды.

— Алдын ала шыққан нәтижелерге қарағанда, зауыттың экологияға әсері бар. Бірақ анық-қанығы кейінірек белгілі болады. Қазір «АрселорМиттал Теміртау» зауытымен зиянды заттарды аулап, көрсететін аспаптарды орнату жөнінде келіссөз жүріп жатыр, - дейді Мартин Скальский.

Экологтың айтуынша, «АрселорМиттал» компаниясының Чехиядағы зауыты орналасқан Острава қаласының белсенді азаматтары қала көшелеріне шығып, ауаны ластауға қарсы шерулер өткізіп, жағдайды оңалтуға ықпал еткен. Чех экологының айтуынша, компания тұрғындарға ауаны тазартудың жаңа технологияларын пайдалануға және зиянды қалдықтардың шекті межесін қатаң қадағалауға уәде берген.

МИНИСТРЛІКТІҢ ЕСЕБІ

Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігінің есебіне сәйкес, Нұра өзеніндегі судың сапасы үшінші класқа сәйкес, яғни «орташа ластанған».

Нұра, Көкпекті өзендеріне құятын сағаларының (жұмысшы кентінен жарты шақырым төмен тұсы) су сапасы да осылай деп бағаланды. Суда мыс, мырыш, фенол, сульфат мөлшерден артық болып шыққан. Нұра өзені ағатын Балықты темір жол станциясы маңында да, Самарқанд су қоймасында да су сапасына «орташа ластанған» деген баға берілген.

Министрлік тәуелсіз экологтар тексерген балықтағы сынапты талдау нәтижелерін де көрсетті. Ресми есепке қарағанда, Ынтымақ су қоймасынан ауланған балықта сынап мөлшері көп болып шыққан. Ынтымақ су қоймасы қоршаған ортаны ластаудың негізі көзі - бұрынғы «Карбид» химиялық зауытынан 70 шақырым жерде орналасқан.

Күре жолдың бойында балық сатып тұрған адамдар. (Көрнекі сурет)
Күре жолдың бойында балық сатып тұрған адамдар. (Көрнекі сурет)
Экологтардың айтуынша, Ынтымақ су қоймасынан ауланған балықтағы сынап Қазақстанда рұқсат етілген шекті деңгейден төмен деп бағаланған.

Экологтар тәуелсіз экологиялық сараптаманың қорытынды нәтижелерін жұртшылыққа жыл аяғына қарай ұсынбақ.

— Біз химиялық заттарды зерттеудің нәтижелерін алдық. Енді халық зиян шекпес үшін қандай көмек көрсете аламыз, не істеу керек деген мәселе тұр, - дейді жобаға қатысушылардың бірі, «ЭкоМузей» қызметкері Юлия Калмыкова.

Экологиялық тұрғыдан жайсыз деп танылған аймақ тұрғындары үшін арнайы ұсыныс-кеңестер құрастырылады деп жоспарланған. Бұл аймақтардағы экологиялық ахуалды сауықтыру үшін жобаға қатысушылар жергілікті билік және кәсіпорындардың өкілдерімен кездеспек. Экологтар халықты бұл мәселені бақылауға шақырып отыр.
XS
SM
MD
LG