Accessibility links

Өзін-өзі өртеу оқиғасына қатысты жергілікті билік үнсіз отыр


Ерлан Бектібаевтың "Нұр Отан" партиясы ғимараты алдында өзін-өзі өртеген видеосынан скриншот. Тараз, 24 қазан 2015 жыл.
Ерлан Бектібаевтың "Нұр Отан" партиясы ғимараты алдында өзін-өзі өртеген видеосынан скриншот. Тараз, 24 қазан 2015 жыл.

Қазанның 24-і күні Ерлан Бектібаевтың Тараздағы «Нұр Отан» партиясы ғимараты алдында (орталық алаңда) өзін-өзі өртеп, қалалық ауруханада қайтыс болуына қатысты жергілікті билік ешқандай ақпарат бермей отыр. Ал бас прокуратура мен «Нұр Отан» партиясы мәлімдеме жасап үлгерді.

Тараз қаласының орталық алаңында өзін-өзі өртеу арқылы жасалған суицидтен екі күн өтсе де Жамбыл облысының жергілікті билік органдары қандай да бір ақпарат не түсінік беруден бас тартып отыр.

Облыс әкімдігіне хабарласқан Азаттық тілшісіне әкімдіктің баспасөз қызметіне хабарласу туралы кеңес берілді. Ал баспасөз қызметінің өкілі Жансая Елемесова «қазір комментарий бере алмаймыз» деді.

Ақпарат беруден Жамбыл облысының ішкі істер департаменті (ІІД) де бас тартып отыр. ІІД баспасөз қызметінің өкілі Алма Ахметова Азаттық тілшісінің сауалдарына жауап берген жоқ. Тек «қазір БАҚ өкілдеріне арнайы хабарлама әзірлейтіндерін» айтты.

Жамбыл облысы әкімдігі мен ІІД-сі сайтында оқиға туралы бірде-бір ақпарат жоқ. «Соңғы оқиғалар» айдарында қазанның 22-сі күні Таразда «заманауи перинаталды орталық ашылғаны»​ хабарланған. Полиция сайтындағы соңғы ақпарат қазанның 16-сы күні аяқталған «Автобус» шұғыл-алдын алу шарасы жөнінде хабарлайды.

Қазанның 24-і күні Қазақстан бас прокуратурасы оқиға туралы ресми хабарлама таратты. Онда «қазанның 24-і күні шамамен сағат 10:30-да Тараздың орталық алаңында 1995 жылы туған Бектібаев Е. өзін-өзі өртеді. Ол күйіктен қалалық ауруханада қайтыс болды. Өзін-өзі өртеу алдында ол қалыптасқан жағдайға полиция қызметкері кінәлі деп мәлімдеді» деп жазылған.

«ОПЕР САМАТ» ПЕН «БІРЕУЛЕР АТЫП КЕТКЕН РАЙЫМБАЕВ»

Youtube желісіне қазанның 24-і күні шыққан «Тараздағы Нұр Отан алдындағы өзін-өзі өртеу» видеосында Ерлан Бектібаев мәлімдемесін «Бүгін 24 қазан 2015 жыл. Тараз қаласы орталығындамыз. Сағат 10-дар шамасы» деп бастап, «Сіздерге айтайын дегенім - 2015 жылы 7 мамырда Райымбаев Даниярды белгісіз адамдар атып кетті. 22 қазан күні сағат 10-дар шамасында мен үйден шығып жұмыс бабымен Тараз қаласындағы собеске бардым... Сол жерде маған полиция қызметкерлері анаша салып жіберді... Департмент қызметкерлері, Самат опер (полицияның жедел уәкілі – ред.) 7 мамырда қайтыс болған Райымбаевтың ісі бойынша менен көп нәрсе сұрап, қыспаққа алды... Мен өзім 4 маусым күні қамаудан босадым. Мынау келіп тұрғаным - қазір «Нұр Отан» көмектесетін шығар деген ойдамын. Басатын тауым, бармаған жерім жоқ. Өзім жетім баламын. Шешем қайтыс болған. Әкем басқа семьямен тұрады. Өзіме қол жұмсау себебім сол. Өмірден түңілдім, өмір сүргім келмейді» деген.

Өзін-өзі өртеу алдында "Нұр Отан" партиясы ғимараты алдында сөйлеп тұрған Ерлан Бектібаев. Youtube желісіне жарияланған видеодан алынған скриншот. Тараз, 24 қазан 2015 жыл.
Өзін-өзі өртеу алдында "Нұр Отан" партиясы ғимараты алдында сөйлеп тұрған Ерлан Бектібаев. Youtube желісіне жарияланған видеодан алынған скриншот. Тараз, 24 қазан 2015 жыл.

Мұнан кейін ол қолтығынан бензин құйылған ыдыс алып шығады да оны ашып, бірнеше рет үстіне құяды. Сіріңкемен от қойып, отқа оранған күйі «Нұр Отан» ғимаратына айқайлай жүгіріп барып, кіріп кетеді.

Youtube желісінде жарияланған тағы бір видеода қолына камера ұстаған адам оның артынан жүгіріп барып, ғимарат дәлізіне кіреді. Кірген бетте еденде жанып жатқан адамды түсіре бастайды, бірақ өзі «Скорыйды шақырыңдар, жанып жатыр!» деп, бар дауысымен шошына айқайлап жүреді. Жиналған екі-үш адам өртті сөндіруге тырысады. Осы видеода отты өшіру 1 минут 15 секундқа созылған. Өртенген адам «қолым, денем» деп ауырсынып жатады.

Ақпараттарға қарағанда, өзін-өзі өртеген жас жігіт Тараз қалалық ауруханасына жеткізілген, сол жерде қазанның 24-і күні жан тапсырған.

«НҰР ОТАН» МӘЛІМДЕМЕСІ

«Нұр Отан» партиясы баспасөз қызметінің өкілі Жасұлан Әбдіхалық Facebook парақшасында партия «комментариін» жариялады.

Онда «Азамат Бектібаев Ерлан Абдуллаевич өзін-өзі өртегеннен кейін оқиға орнынан шамамен 40 метр жерде тұрған «Нұр Отан» партиясының [Жамбыл] облыстық филиалы ғимаратына жүгіріп кірді. Керекті көмек көрсетілгеннен кейін партия филиалы қызметкерлері Бектібаев туралы ақпараттар жинап, куәлер мен Жамбыл облысы ішкі істер департаментінен (ІІД) анықтамалар алдырды. Ол өзін-өзі өртер алдында мұндай қадамға ІІД қызметкерлерінің қысымынан барғанын айтқан. Одан бөлек, ең соңғы үміті – партия екенін мәлімдеген. Бірақ Ерлан Бектібаевтың бұрын партияның облыстық және қалалық бөлімшелеріне көмек сұрап келмегені анықталды. ІІД анықтамасы бойынша, Өзбекстан Республикасында туған Е. Бектібаев Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Аксукент ауылында тұрғылықты тіркеуде болған. Ауыр қылмыстары үшін бұрын сотталған. Кейін Тараз ІІД-сінің шұғыл-іздестіру шаралары кезінде есірткі заттарын сақтағаны үшін тағы ұсталған. Бұл оқиға «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратының бақылауына алынды. Жақындарына қайғырып көңіл айтамыз» деп жазылған.

БҰРЫНҒЫ ІСІ

Ерлан Бектібаевқа 2015 жылы маусымның 4-і күні шыққан сот үкімі ​Жоғарғы соттың сот істері анықтамалығында тіркеулі тұр.

Онда Ерлан Бектібаевтың «Қазақстан азаматы, білімі – орта, жұмыс істемейтіні, бойдақ екені, тұрғылықты мекен-жайы Тараз қаласы екені, 2015 жылы ақпанның 14-і күні тұтқындалғаны» жазылған. Сот анықтамалығынан оған «Тараз химия-технологиялық колледжіндегі өзімен бірге оқитын студентті пышақтап, оқиға орнынан бой тасалады» және «Алматы қаласында автобуста әйелдің қалтасынан телефон ұрлады» деген айып тағылып, Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының оны қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі және 188-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп тапқанын оқуға болады. Ерлан Бектібаевқа 3 жыл 8 ай 19 күн бас бостандығын шектеу жазасы кесілген.

Ол «мамандандырылған органға хабарламай тұрақты тұратын, жұмыс істейтін жерлерін өзгертпеуге, тұрғылықты жерлерінен кетпеуге, ойын-сауық, яғни мейрамхана, кафе, барларға, спирттік заттар сатылатын жерлерге бармауға, жұмыстан бос уақыттарында тұрғылықты жерлерінен мамандандырылған органның рұқсатынсыз кетпеуге міндеттелген».

Қазақстан бас прокуратурасы мәлімдемесінде «Оқиғаны жан-жақты анықтау мақсатында материалдар сотқа дейінгі тергеу реестрінде қылмыстық кодекстің 105, 362-баптарымен тіркелгені, қылмыстық істің сотқа дейінгі тексеруді объективті жүргізу Жамбыл облысы прокуратурасына тапсырылғаны» айтылған.

Осы материал жарияланар алдында Қазақстанның жергілікті ақпарат агенттіктері өзін-өзі өртеген Бектібаевтың жанында видео түсіріп жүрген адамдардың ұсталғаны туралы ақпараттар тарата бастады.

XS
SM
MD
LG