Беларусь президентінің баспасөз қызметі таратқан екі ел президенттерінің бірлескен мәлімдемесінде «Тараптар адам құқықтары мәселесі бойынша бір-біріне халықаралық дәрежеде қолдау көрсетеді. Адам құқықтары мәселесін саяси қысым жасау құралы ретінде пайдалану әрекеттеріне бірлесе қарсы тұрады» деп жазылған.
Мәлімдемеде екі елдің Еуропадағы қауіпсіздік және ықтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) "жұмысының тиімділігін арттыру" мен ұйымда қалыптасқан "теңсіздікті түзетуді" көздейтін бастамаларын бірлесіп атқаратыны айтылған. Онда «Екі ел ЕҚЫҰ-ның құрылтай құжаттарын рәсімдеуді, ұйым жұмысындағы жариялылықты қамтамасыз етуді, сайлауларды бақылау тетіктерін реттеуді басты назарда ұстайды» деп жазылған.
Беларусьтегі адам құқықтарының жағдайына қатысты соңғы айларда Минск мен Еуропа Одағының (ЕО) қарым-қатынасы да шиеленісіп, ЕО осы елдегі дипломаттарын шақырып алуға дейін барған болатын.
Ал Еуропа парламенті наурыздың ортасында Страсбургте Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты тыңдаулар өткізіп, бірлескен қарар қабылдаған. Ол құжатта 2011 жылғы желтоқсанның 16-17 күндері Маңғыстау облысында болған толқудың күшпен басылғаны ресми түрде айыпталған еді.
ЕҚҰЫ-ның бақылаушылар миссиясы біржақты жұмыс істейді және оны сайлау кезінде бір елдің екінші елге қысым жасау құралына айналдыруға тырысатынын байқап жүрміз
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы наурыздың 2-сінде Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялармен кездесуінде "Ұйымның бақылаушылар миссиясы біржақты жұмыс істейді және оны сайлау кезінде бір елдің екінші елге қысым жасау құралына айналдыруға тырысатынын байқап жүрміз. Егер бұлай бола берсе, онда ұйым бақылаушыларын сайлауларға қатыстырмаймыз" деген еді. ЕҚЫҰ 2012 жылы қаңтардың 15-сінде өткен парламент сайлауын "демократия талаптарына сай емес" деп бағалаған болатын.
Бұдан өзге, Назарбаев пен Лукашенко екі елдің экономикалық одаққа қатысты "ұстанымдарының ортақ" екенін айтқан. Саяси, экономикалық салада қарым-қатынастарды тереңдетуді екі ел басшылары сыртқы саясаттағы басым бағыттардың бірі деп бағалаған.