Accessibility links

Шөрік ағай


Ғалым Смағұлұлының карикатурасы.
Ғалым Смағұлұлының карикатурасы.

Еш кінәсі болмаса да, оңбаған ұрылардың кесірінен бірнеше жылды арқалап, қайран да біздің Шөрік ағай абақтыға  кете барды.

Ана жылы аяқ астынан біздің орталықтың басшысы ауысып, орнына Шөрік ағай домаланып келе қалмасы бар ма. Бұрыннан сәлеміміз түзу кісі. Оның сыртында, осыдан екі-үш жыл бұрын Алатау шипажайында бірге демалып, екі апта бір бөлмеде жатып, дәмдес-тұздас болғанымыз тағы бар. Осыған дейін бізді басқарған жігіт соңғы кезде тым ұрысқақ болып кеткен болатын. Әлде неден ілік іздеп, мазалай беретін.

Ол екеуіміз құрдас едік және ғылыми дәрежеміз де бірдей. Бірақ, ғылыми-зерттеу саласында одан гөрі менің сіңірген еңбегім біршама артықтау әрі шет тіліне тәуірлеумін, арнайы аттестациядан өткен ғылыми атағым да бар. Сол артықшылығым әсер етті ме, мені лауазымына таласады деп қорықты ма, әйтеуір, сыныққа сылтау іздейді де жүреді. Қит етсе, мойныма бірдеме іліп қоюға әрекеттеніп, қайдағы жоқты бықсытып жүргенде, ақыры, міне өзі ұшып кетті. Бастық дегендер өзі, тықыр таянғанда сөйтіп тыпыршып кететін сияқты ғой. «Аққа құдай жақ» деген осы шығар. Одан аман-есен құтылғаныма мен қатты қуандым.

Біз биохимия бойынша ғылыми-зерттеу орталығымыз ғой. Ал, ол кісі филология ғылымының докторы, қызыл сөздің майын тамызған профессор.

Мұндайда мен қуанбағанда, кім қуансын. Сөйтсем, жалғыз мен емес, ұзын саны жиырмадай ғылыми қызметкердің бәрі сондай ойда болыпты. Қашан да кеткен бастық жаман, келгені жақсы болатын әдет бар ғой. Жаңа директордың жасы бізден көп үлкен және ғылыми дәрежесі де айтарлықтай-ақ, білдей доктор, алпамсадай жуан профессордың нақ өзі. Біздің орталықтағы қаптаған ғылым кандидаттарына қарағанда, аты да, заты да биік адам. Бірақ, ғылыми бейіні мүлде басқа саланікі. Біз биохимия бойынша ғылыми-зерттеу орталығымыз ғой. Ал, ол кісі филология ғылымының докторы, қызыл сөздің майын тамызған профессор. Сол жағы ғана кішкене нелеу демесең, негізі, былайша болатын-ақ кісі.

Біздің орталықта да бұрын маңдайымызға біткен жалғыз докторымыз болған екен. Алайда, ол кісі мен келерден бұрын директор болған кезінде біраз шаруаны кері кетіріп, орталықты шашып жібере жаздағандықтан жоғарыдағы басшылар зейнеткерлікке әрең қуып шығарып, зорға құтылған көрінеді. Орталығымызда бар-жоғы төрт-ақ еркекпіз. Қалғаны қатын-қалаш, қыз-қырқын. Неше жерден ғылыми дәрежелері болса да, араларынан ілікке алар шын ғалым санаулы ғана. Ал, мен бұл орта үшін шет жұрттан жаңадан келген, осы елде тумаған адаммын. Басшылар «сырын білмейтін аттың сыртынан жүрмейік» деген болулары керек. Директор мырзаны өзге саланікі екендігіне қарамастан таңдап, басқа институттан аттай қалап әкелулеріне сол да бір себеп болған шығар.

Сонымен, жаңа бастық алғашқы жиналысын өткізді. Тайлы-тұяғымыз қалмай, барымызды киіп, бағалы иісі майымызды сеуіп, шашымызды сиыр жалағандай етіп, қайыра тарап жинала қалдық.

Күткен бастығымыздың сөзін салған жерден бұрынғы директорды жамандаудан бастағанына бәріміз де тіксініп қалдық. Жамандау болғанда да, аса бір өзектілігі де шамалы. Негізінен, былай деді:

- Орталықтың бұрынғы директоры кетерінде кабинетті ластап, әбден былықтырыпты. Ішкен шайының орнын да тазаламаған. Шәугімнің ішіндегі шар-шамбасы сол күйі қалып, сасып көгеріп кеткен. Бұлай болмайды ғой. Мен тазалаушыны шақырып әкеліп үш күні бойы осында жұмыс істеттім.

Жиырма екі адам бір-бірімізге қарап, таңданысып қалдық. Қайсы біреулер екі иығын қиқаң еткізіп қояды. Біраз уақыттан кейін әңгімесін жалғастырды:

- Қыздар, жігіттер! Кітап оқыңдар. «Кітап – білім бұлағы» деп текке жай айтыла салмаған ғой. Көп оқу керек. Қазіргі заманда Сәбеңді оқымасаңдар – санасыз боласыңдар, Мұхаңды оқымасаңдар – мұрттай ұшасыңдар! Ал, Құсекеңді оқысаңдар – құстай самғайсыңдар! - деп, толықша келген денесін ырғалтып, бақырайған көзін ойнақшытып, қызыл шырайлы жүзін алаулатып, өзінше мәз боп бәрімізді айналдыра бір қарап шықты.

Не күлерімізді, не жыларымызды білмей біз отырмыз. Жаңа басшы ұзақ сөйледі. Арасында би-шешендердің өлең-жырларынан үзінді келтіріп, оны өзі ерекше мақаммен ыңылдап тұрып жеткізетінін қайтерсің.

Қойшы, сонымен мен бастап, екі-үш адам қостап, жаңа бастыққа ұжым атынан табыс тілеп, ғибратты әңгімесіне алғыс айтып тарқастық.

Бұрынғы директорды қанша жерден жамандасақ та ол орталықтағы зертханаларды күнара болса да бір аралап шығып, ғылыми-зерттеу жұмыс барысымен танысқан болып, кейде мейлі жаңсақ болса да өзіндік ой-пікірін білдіріп жүретін. Ал, Шөрік ағам інге кірген тоқ суырша сүңгіп, таңертең кабинетіне кіріп кетеді де күні бойы шықпай жұмсақ орындығында монтиып отырады да қояды.

Бірде аяқталған ғылыми жобаның есебін таныстырып, бекіттірмекке кабинетіне кірдім. Обалы нешік, ескі көз ғой, құрақ ұшып қарсы алды. Жобаның қашан басталғанын, нендей шаруалар атқарылғанын, зерттеуде қандай әдістемелер қолданылғанынан бастап, жұмсалған қаржы-қаражаттың қалай игерілгеніне дейін егжей-тегжей айтуға кіріскенім сол еді, тоқтатып тастады да:

Басшымыздың сиқы анау болса, әуелі бір құдай, одан соң өзімізге ғана сенбесек, өзге амалымыз нешік.

- Мәке, оны қоя тұршы! Мен саған бір әңгіме айтайын. Мен аспирант кезімде қазақтың не бір ұлыларының қолына су құйып баталарын алған адаммын. Игі жақсылармен бірге дастарханның шетінде мына мен отырушы едім, томпиып қана. Бір жолы Сәбең маған өз қолымен асату жасады ғой. Ай, сол еттің дәмі әлі аузымнан кетпейді. Ет болғанда да марқа қозының жас еті. Бір май, бір еттен... – деп, әңгімесі ұзаққа созылып бара жатқан соң шорт кестім:

- Шөрік ағай, оны қоя тұрыңызшы! Есеп беру мерзімі тақап кетті.

- Ой, сен де бір... әкелші! - деді де, оқу былай тұрсын, бетін ашып қарамастан қолын қойып бекітіп бере салды.

- Аға, мұныңыз енді... – дей біріп едім.

- Давай, бара бер! – деп есікті нұсқады.

Бөлімге оралған соң жігіттермен бірге отырып, есепті қайтадан мұқият қарап шықтық. Басшымыздың сиқы анау болса, әуелі бір құдай, одан соң өзімізге ғана сенбесек, өзге амалымыз нешік. Қорқа-қорқа министрлікке жолдаған соң да қандай ши шығар екен деп уайымдаумен жүрдік. Құдай оң көзбен қараған шығар, есебіміз бекітіліпті. Оны естіген күні төбеміз көкке жетуге бір елі ғана қалды.

Жобалық жоспарларды бекіттіру кезінде де өз күшіміз бен ақыл-ойымызға ғана жүгінетін болдық. Бүкіл орталық ұжымы жұмыла-жабылып, бір-біріміздің жоба-жоспарларымызды, әртүрлі есеп-қисаппен бірге зерттеу нәтижелерін мұқият қарап тексеретін болып алдық. Бұрын «сен тимесең мен тиме» дегендей бір-бірімізмен амандық-саулық сұрасудан аспайтын едік. Енді, қоян-қолтық араласып кеттік. Ал, Шөрік ағай өткен өмірінің жарқын сәттері мен жастың шағының жарқын күндері туралы естеліктерін айтып отырып, біз апарған құжаттардың бәріне оқымай-ақ қол қоя береді.

Осылайша, жарты жыл өткенде алдымен академиядан, кейін министрліктен мақтау ести бастадық. Біздің орталық үшін Шөрік ағай ештеңе істемесе де, тіпті, бірдеме істейін десе де еш білерінің болмағанының өзі бәріміздің жұмысқа деген жауапкершілігімізді арттырып, ғылыми-зерттеулеріміздің сапасын көтерді. «Бір жаманның бір жақсысы бар» деген рас боп шықты.

Ол кісінің орнына тас мүсін әкеліп қоя салса, тіпті қатып кетер еді. Тас мүсін сөйлеп, қайдағы-жайдағы әңгіме айтып миыңды ашытпайды ғой. Ең тиімдісі, тастан жасалған мүсінге еңбекақы төлеудің де, арнайы көлік мінгізіп, жанармай шығындаудың да қажеті болмас еді. Үстелінің үстіне апарып, құжаттарды жайып жіберіп, өзіміз-ақ қолды қойып үн-түнсіз шығып кете берген болар едік. Ал, кабинетіне бас сұқсаң болды, Шөрік ағай жұмысқа ешбір қатысы жоқ, бос мылжың әңгімелерімен іш пыстырып жібереді. Қол қойдыруға кіре қалсаң, орныңнан тапжылтпай аз дегенде жарты сағат ұстап, бұрын айтқан бірдемелерін қайталап мыжи береді. Шыбындаған атша басыңды изеп, «жөн екен, аға!», «о, бәрекелді!» деп өтірік мүләйімсіп, зорға құтыласың.

Жарты жылдың жұмысын қорытқан жиналысқа министрліктен арнайы өкілмен бірге академиямыз төрағасының өзі келіп, Шөрік ағай басқарғаннан бері орталықтың жұмысына жаңа серпін пайда болғанын ерекше атады. Жоғары жақтан келген қос бастықтың екеуі алма кезек сөз алып, Шөрік ағайды көп мақтады. Жиын соңында, ұжымды ұтымды басқарғаны үшін Шөрік директорге жарқыратып тұрып бір ірі орден тапсырып кетті.

Бір жылдан соң иен кабинетте жападан жалғыз босқа отырудан жалықты ма, ағайымыз кейде жұмысқа келмей қалатын болды.

Сыйлық иесін мәре-сәре болып құттықтадық және көл-көсір дастархан жайып, әдемілеп тұрып атап өттік. Ақпарат құралдарынан қаптаған тілшілер келіп, сұхбаттасты, ортаға алып көсілтіп тұрып әй бір сөйлетті-ау дерсің. Соның жемісі болар, Шөрік ағай бір ай бойы теледидар төрі мен газет-журнал бетінен түспеді.

Ол тілші дегендер де бір қызық жандар екен. Ағайымыздың мылжыңы бізге ұнамағанымен олар үшін ат басындай алтындай ірі олжа көрінеді. Не айтса да, жарқылдатып эфирге шығара қояды, бадырайтып газетке жариялап жібереді.

Біздің ғылыми жұмысымызға пәлендей қатысы жоқ, жалпылама мадақ болғандықтан, орталық үшін келіп-кетер пайдасы да, еш зияны да жоқ. Ауылда ешкімді қаппайтын, қасқыр келсе, құйрықты қысып алып үйшігіне зып етіп кіріп жата қалатын, ал, сөйте тұра күні бойы маза бермей барқылдап үре беретін жабағы жүнді кәрі төбеттер болушы еді ғой. Шөрік ағай да дәл сондай болды. Енді, кабинетінде ғана емес, ақпарат құралдарында барпылдап сөйлеп отыратындығына да етіміз үйреніп кетті. «Е, сөйлей берсін, не зиян?» дейміз де шаруамызды істеп жүре береміз.

Бір жылдан соң иен кабинетте жападан жалғыз босқа отырудан жалықты ма, ағайымыз кейде жұмысқа келмей қалатын болды. Біз де қол қойдыруға аса бас қатырмайтын болып алдық. Себебі, қабылдау бөлмесінде отыратын хатшы қыз Шөрік ағайдың қолын айнытпай сызатын болып алды.

Қажет құжаттарды дайындап қабылдау бөлмесіне алып келеміз. Бірінші басшының аты-жөні тұрған жерге хатшы қыз қол қояды да мөрді басып бере салады. Осылайша, аз да болса, уақыт үнемделіп, жұмысымыз одан ары жетілдіріле түсті.

Бірақ, басшымызды мүлде көрмейміз десек, онымыз тым қисынсыз жалған айтқандық болар еді. Анда-санда көреміз. Көбінесе, той-мерекелерде немесе ұжымдағы әлде бір ғылыми қызметкердің мерейтойы болғанда, туған күн мейрамдарында Шөрік ағай міндетті түрде дастархан басына келеді. Төрде отырып, мерекемізбен құттықтап, алғашқы тостын көтертеді. Ең соңында, ас қайырып бата береді. Біздің мекемедегі ол кісінің басты миссиясы осы ғана болып қалған.

Сөйтіп жүргенде елде қаржы дағдарысы болып кетті де той тойлау, мерейтой өткізу секілді салтанатты рәсімдер әдірем қалды. Соның салдарынан бастығымызды көру бақытынан да біртіндеп ажырай бастадық. Арада төрт жыл өткенде Шөрік ағайды мүлдем ұмытып кете жаздаппыз.

Бір күні ресми сипатта сәнді киінген төрт жігіт біздің орталыққа суыт келе қалады. Қабылдау бөлмесіне сау етіп кіре сала Шөрік ағайды сұрапты. Жөпелдемеде сасып қалған хатшы қыз маған телефон соқса керек. Салып ұрып, жетіп барып едім, төртеуі оң-сол, алды-артымнан қоршап төне түсті. Қарсы алдымда тұрған жігіт әлде бір куәлігін ашып көрсетіп, түсініксіз бірдемелерді зулатып аты-жөнін айтқандай болды. Есімде қалғаны «Жемқорлықпен күрес агенттігі» дегені ғана. Сол жағымдағысы қалтасынан жалтылған кісен шығарып әкеліп, әй-шай жоқ, қолыма салайын деп жатыр.

- Сіздерге не керек? Мен осы мекеменің қатардағы ғылыми қызметкері Мәкен Шәкеновпын, - деп айтуға әрең дегенде тілім келді.

- А, сіз Шөрік ағай емессіз бе? - деп, қарсы алдымдағы жігіт құжатымды сұрады. Дереу қолына ұстата қойдым.

Құжатты мұқият қарап, оқып шыққан жігіт өзіме қайтара ұсынды да:

- Бастығыңыз қайда?

- Білмеймін.

- Ең соңғы рет ол кісіні қашан көрдіңіз?

- Ана жылы тойдан кейін...

- Не дейсіз? - деп, әлгі жігіттің екі көзі атыздай боп түсі суып кетті.

- Жоға, кешіріңіз! Ана жолы жиналыста!

- Ана жолыңыз қай айдың қай күні?

- Есімде жоқ, өткен жолы ғой, енді...

- Жарайды, ағасы! Саспаңыз, бастығыңыздың телефон нөмірін айтыңызшы!

- Мен, м-м-мен б-б-білмеймін.

- Жарайды, кете беріңіз! - деп, олар мені босатты да сонда қалды.

Сол күні кешке дейін біздің орталықтың барлық қызметкерлерін шақырып Шөрік ағайдың телефон нөмірін сұраған екен, ешкім білмейтін болып шығыпты. Келген жігіттер әлде бір хаттама жазып, бірнешеуімізге қол қойдырып алды да, кетіп қалды. Бәріміз жапа-тармағай бастығымызды іздеуге шықтық. Кадр бөлімінің барлық құжаттарын ақтарып жүріп осыдан бес жыл бұрын Шөрік ағайдың өз қолымен толтырған жеке парағын зорға таптық. Үйінің мекенжайы, телефоны бар екен.

Дереу үйінің телефонына қоңырау шалсақ:

- Ағаларың жұмыста ғой, - деп, жеңгеміз сызылып тұр.

Ұялы телефонының нөмірін сұрап едік, айтпады. Құпия көрінеді. Әлгі суыт келген төртеу де жым-жырт. Бастығымыздың да қарасын көрмедік. Бірақ, жұмысымыз әдеттегідей қызып жатты. Бір-екі рет министрліктің мадақтама қағазын да алып мәз болып қалдық. Тіпті, Шөрік ағайдың өзін ұмыта бастаған едік, аяқ астынан еске алуымызға тура келді.

Гундуз Агаевтың карикатурасы.
Гундуз Агаевтың карикатурасы.

Бір күні үйіме келіп, диванда демалып жатқанмын. Әрине, қанен-қаперсіз теледидар көріп дегендей әдеттегі мамыражай тірлік қой. Телеэкранда екі беті нан илейтін қос шарадай томпиып. Шөрік ағайдың «тәңір» дидары жарқ ете қалды. Екі қолы кісендеулі, сақшылар мінетін көгала көлікке екі еңгерзедей жігіттің демеуімен отырғызылып жатыр. Тілі таңдайына жұқпай тақылдаған телетілшінің айтқанынан ұққаным, ол ел қазынасынан пәлен миллион теңге қаржы ұрлап, жеп қойыпты. Шөрік ағайдың дәл ондайға баратындай жөні де, ширақтығы да, сұғанақтығы да жоқ секілді еді. Айлап-жылдап жұмысқа келмейтін, тек тост сөйлеп, бата беріп қана жүрген адам қалай ақша жеп қояды екен?!

Ертеңінде орталық қызметкерлері түгел жиналып, біраз шуластық. Ақшаның біздің шоттан ұрланғаны рас екен. Бірақ, ұры Шөрік ағай емес. Осыдан жарты жыл бұрын орталықтан екі ғылыми қызметкер шет елге біржолата қоныс аударып, көшіп кеткен. Бәріміз улап-шулап шығарып салғанбыз. Қаржыны сол екеуі үптеп кеткенін енді ғана білдік.

Банктегілер біздің орталықтың мөрі басылған, Шөрік ағайдың қолы қойылған қағазды көрсетіп бәріміздің аузымызды жапты. Ештеңе деп қарсы уәж айта алмадық. «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылдының» кері болды да қалды. Тергеуде байғұс Шөрік ағай істі мойнына ала салыпты. Енді, не десін. Қолымды хатшы қыз қоя салатын, соңғы бес жылда жұмысқа бармай үйде жатып айлық алдым деп қалай айтады екен. Ақыры, еш кінәсі болмаса да, оңбаған ұрылардың кесірінен бірнеше жылды арқалап, қайран да біздің Шөрік ағай абақтыға кете барды.

Ал, былайғы жұрт оны әлі күнге дейін сан саққа жүгіртіп әлек. Кейде әлде бір құпия дерекпен байланыстырса, біресе, саяси көзқарасы үшін қуғын-сүргін көріп, сотталды десіп, сырттай тон пішіп жүр.

Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.

XS
SM
MD
LG