Accessibility links

Қазақстанның қазіргі шекарасы 75 жыл бұрын мақұлданды


ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ отбасы. Сергей Прокудин-Горский түсірген тарихи сурет.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ отбасы. Сергей Прокудин-Горский түсірген тарихи сурет.

Президент Назарбаев қазақ мемлекеті мен шекарасының тарихын 1991 жылдан ғана бастайды Ал тарихшылар «тәуелсіз Қазақстанның қазіргі шекарасы 1991 жылы емес, одан 55 жыл бұрын Қазақ ССР-інің шекарасы негізінде ресми түрде бекітілген» дейді.


Шекарасы 1936 жылы 5 желтоқсанда мақұлданған Қазақ ССР-інің атауы 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.

Қазақ ССР Жоғарғы советі қабылдаған осы заңға орай Қазақ ССР-інің президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті болып шыға келді.

ШЕКАРАСЫ БАР ҚАЗАҚ ССР ПРЕЗИДЕНТІ

Сол кездегі Жоғарғы совет төрағасының міндетін атқарушы Серікболсын Әбділдин «бұл заң Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан президенті» деген куәлік беру үшін, яғни оның өкілеттігін заңдастыру үшін қабылданған еді» дейді.
Президенттің инаугурациясы 10 желтоқсанға белгіленген болатын. Біз оған Қазақ Советтік Социалистік Республикасы президентінің куәлігін беруге тиіс болдық.

– Президенттің инаугурациясы 10 желтоқсанға белгіленген болатын. Біз оған Қазақ Советтік Социалистік Республикасы президентінің куәлігін беруге тиіс болдық. Алайда 10 желтоқсан күні үш славян республикасы – Ресей, Украина және Белоруссия президенттері 8 желтоқсанда үшжақты Беловеж келісіміне қол қойғаны белгілі болды. Соның нәтижесінде Совет Одағы тарады.

10 желтоқсанда түске дейін менің төрағалық етуіммен Жоғарғы совет Қазақ ССР-інің атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы заң қабылдады. Ал түстен кейін, сағат 15-те Жоғарғы совет менің басшылығыммен жалпыхалықтық жолмен сайланған президенттің инаугурациясын өткізді.

Алайда, заңның әрбір әрпі мен жалпы рухына бағынатын болсақ, онда 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен сайлау заңсыз болып шығар еді, өйткені одан кейін ел тәуелсіздігін алды, – дейді Серікболсын Әбділдин Азаттық радиосына берген сұқбатында.

«ШЕКАРАСЫ БОЛМАҒАН» ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ

Бірақ Қазақ ССР президентінен Қазақстан президентіне айналған Нұрсұлтан Назарбаев өзіне дейін «қазақ мемлекеті де, шекарасы да болмағанын» бірнеше рет айтты.

Қазақстан президенті 2011 жылы шілденің 27-сі күні Алматы облысында өткен малшылар слетінде:

– Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекеті болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ. Тұңғыш рет қазақтың шекарасын шегелеп, Біріккен Ұлттар Ұйымына жеткіздік... Ешқашан қазақ өзі таңдап өз астанасын салған жоқ, – деді.

Нұрсұлтан Назарбаев «тарихта болмаған жаңа мемлекетті құру барысындағы қадамдарын» желтоқсанның 1-і күні ғалымдар форумында да сөз етті.

«СТАНДАРТТАР» МЕН «ЖАҒЫМПАЗДАР»

Азаттық тілшісі президенттің осы сөзіне орай Қазақстан шекарасы қашан және қалай белгіленгені жөнінде бірқатар тарихшылардың пікірін тыңдаған еді. Ғалымдар мемлекеттің шекарасы 1936 жылы 5 желтоқсанда Қазақ ССР ретінде ресми түрде бекітілгенін, негізі 1924 жылы-ақ шешілгенін айтады.

– 1936 жылы 5 желтоқсанда қабылданған СССР конституциясына орай Қазақстан одақтық республикаға айналғанымен, оның шекарасы Ленин тірі кезде-ақ белгілене бастады. Құжаттардың барлығы архивте сақтаулы тұр. Ал негізгі мәселелер 1924-26 жылдары ұлттық-аумақтық межелеу
Қазақ АССР картасы (1920-29 жылдар). (Wikipedia.org сайтынан сайтынан алынған сурет).
Қазақ АССР картасы (1920-29 жылдар). (Wikipedia.org сайтынан сайтынан алынған сурет).
кезінде белгіленді, – дейді тарихшы Қайдар Алдажұманов.

Оның ойынша, «Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан шекарасының қазіргі халықаралық нормалар мен стандарттар бойынша бекітілгенін айтқан секілді».

Тарихшы Бейбіт Қойшыбаев та: «1920 жылы тамызда өткен мәжіліске қазақ әскери революциялық комитетінің арнайы комиссиясы орталыққа барып, қазақтың шекарасы қай жерден өтуі тиістігі жөнінде келісім жасады. Ленин мен Калинин қол қойған «Қазақ автономиясын құру туралы» 1920 жылы 26 тамыздағы декретке осы келісім негізге алынған болатын. Қазақстанның шекара мәселесі 1924 жылы-ақ шешілген» дейді.

– Нұрсұлтан Назарбаев «шекара бүгінгі стандартпен жасалған жоқ» деген оймен айтып жүрген болар. Бірақ ол кезде қай мемлекет бүгінгі стандартпен жасапты? «Қырғыз даласы» деген жазу патшалық Ресейдің кезіндегі карталардың өзінде көрсетілген. 15-ғасырларда жарық көрген «Книга большому чертежу» деген кітапта да қазақ шекарасы анық көрсетіліп тұр. Шекарасыз ел бола ма? Сондықтан Назарбаевтың бұл пікірі қате. Оны шатастырып жүрген – айналасындағы жағымпаздар, – дейді тарихшы Бейбіт Қойшыбаев.
XS
SM
MD
LG