Қазақстанда кәсіпкерлік қалай дамып отыр және оның дамуына мемлекет тарапынан қандай жағдай жасалған? Бұл сауалға елдегі экономистер «Қазақстан дағдарыс кезеңінің негізгі сатысынан өтті» деген баға береді. Олар 2010 жылдың 9 айын сараптай келе осындай қорытындыға келген.
Алайда шағын және орта бизнестің дамуына кедергілер көп екенін алға тартқан кәсіпкерлер де бар. Олар мемлекет тарапынан қолдау болған кезде ғана кедергілерді жоюға боларын айтады.
Ресми зерттеулер нәтижесі Қазақстанның кәсіпкерлік деңгейі бойынша әлемде 72-ші орынды иеленгенін көрсетті. Ал экспортталатын тауардағы кәсіпкерлердің үлесі 0,1 пайызды құрайды екен. Сонымен қатар зерттеушілер Қазақстан инвестиция тарту жағынан да орта деңгейден төмен орынды иеленіп отырғанын және банк ісі бойынша да тұрақтылық жоқ екенін атап өткен.
«Кансервис» компаниясының директоры Нұржан Қалиев қазір Қылмыстық кодекстің 192-бабы бойынша, яғни «жалған кәсіпкерлікпен айналысты» деген айыппен біраз кәсіпкерлер жауапқа тартылып жатыр дейді.
Оның айтуынша, қандай да бір компанияға жалған кәсіпкерлікпен айналысты деген айып тағылатын болса, сол компаниямен жұмыс жасаған басқа кәсіпкерлерді көрсеткен қызметі үшін салықты үстеме пайызбен төлеуге мәжбүрлеп отырады. Ол желтоқсан айының басында бір топ кәсіпкер құзырлы органдарға аталған бапты алып тастауды өтініп, үндеу хат жолдағанымен әлі жауап келмегенін айтады.
Қаржыгер-сарапшы Ғалым Байназар мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы үшін көптеген жұмыстар жасалып жатыр дейді.
Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Тимур Назханов кәсіпкерлерге ешқандай көмек берілмей отырғанын алға тартып, оларға жағдай жасалып жатыр деген пікірмен келіспейтінін айтады.