Accessibility links

Орталық Азиядағы «Гүлен мектептері»


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Анкара, 5 тамыз 2016 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Анкара, 5 тамыз 2016 жыл.

Түркияда шілденің ортасында болған жағдайды ел президенті Режеп Тайып Ердоған «төңкеріс жасау әрекеті» деп атады, бұл жағдай Түркияның көптеген мемлекеттермен қарым-қатынасына ықпал етті.

Ердоған өз еркімен елден кетіп, АҚШ-та тұратын дін насихатшысы Фетхуллах Гүленді «билікті ауыстыру мақсатында төңкеріс жасағысы келгендердің негізгі үгітшісі» деп атады.

Түрік үкіметі есін жинап, билігін қалпына келтірген соң көтеріліске айыптыларды іздеп, жетекшілері мен қатысушыларды қудалай бастады. Анкара «Гүлен қаржыландыратын мектептері бар мемлекеттер оқу орындарын жапсын» деген талап қойды.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ «ГҮЛЕН МЕКТЕПТЕРІ»

Түркия айтқан елдердің ішінде Анкараның түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіндегі серіктестері Қазақстан мен Қырғызстан бар. Бірақ бұл екі елдің үкіметі Ердоғанның талабына бағынбады.

Бұл екі мемлекет неліктен Анкараның өтінішін қабыл етпеді және Орталық Азия елдерінде «Гүлен мектептеріне» қатысты қандай пікір қайшылығы бар? Осы сауалдарға жауап іздеу мақсатында Азаттық дөңгелек үстел өткізді. Оны Азаттықтың БАҚ-пен байланыс жөніндегі менеджері Мұхаммед Тахир жүргізді.

Бішкектен Орталық Азиядағы Америка университетінің профессоры Эмил Жороев пен Қазақстан мен Қырғызстанда дәріс оқыған және Қырғызстандағы білім мәселесі бойынша көптеген жұмыстардың авторы, Лексингтондағы Кентукки университетінің өкілі Алан Деюнг және осы блог авторы Брюс Панниер қатысты.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ердоғанмен кездесуге барып, Түркиямен арада туындаған мәселені тез реттеді. Назарбаев Қазақстандағы «Гүлен мектептерін» жабуға келіспеді, бірақ оқу орындарының басшылығы мен оқытушыларын мұқият бақылауға уәде берді.

Бішкектегі «Манас» қырғыз-түрік университеті.
Бішкектегі «Манас» қырғыз-түрік университеті.

Жороевтың айтуынша, Назарбаев Ердоғанға «Қазақстан Түркия үкіметінің ескертуін барынша назарда ұстайды, егер бұл мектептер шынымен күдік тудырса, Қазақстан қарсы шара қабылдауға әзір» деген екен. Анкара Қырғызстан тарапына да «Гүлен мектептері» туралы қаупін айтып, оны жабуға шақырған, бірақ Бішкек ол ұсынысты үзілді-кесілді қабылдамады.

Жороев оған таңғалудың керегі жоқтығын айтады. «Гүленге қатысы бар осы 20 шақты мектеп елдегі ең өнімді, жоғары бағаланатын оқу орыны, қазірге дейін сан мыңдаған бала білім алып шықты» дейді ол.

Деюнгтің айтуынша бұл мектептер Қырғызстандағы көптеген қажеттілікті өтеген. «Гүлен мектептері нашар мектептердің орнына ашылды... олар балаларға мүмкіндік берді, ресурстар берді, кластарды электр энергиясымен жабдықтады» дейді ол. Жороев та, Деюнг те «Гүлен мектептерінің» оқушыларға сапалы білім бергенін айтады.

Жороев Совет Одағы тараған соң, Орталық Азияның мұсылман мемлекеттері исламның қандай бағытын ұстанған лайық деген сауалға жауап іздегенін айтады. «Қазақстан, әсіресе Қырғызстан исламды қандай үлгіде оқытамыз деп ойланды, оған қатысты нақты саясаттары жоқ еді, сондықтан ғылым-білімге ашық, исламның заманауи нұсқасын ұсынатын Гүленнің ұстанымы қолайлы болды» дейді Жороев.

ӨЗБЕКСТАН, ТӘЖІКСТАН ЖӘНЕ ТҮРКІМЕНСТАН ПОЗИЦИЯСЫ

Дөңгелек үстелге қатысушылар «Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан бұл бағытты қаламағанын» атап өтті. Гүленнің идеяларына сопы ғалым Саид Нұрсидің өмірі мен шығармашылығы ықпал еткен. Ташкент Нұрси еңбектерінен бірінші болып қауіптенді.

1997 жылдың тамызында өзбек президенті Ислам Каримов Түркияда Нұрси мектебінде оқып жатқан студенттердің бәрін шақыртып алды. Өзбекстанда Нұрсидің ілімін насихаттауға тыйым салынған, ондай топқа мүше болған жандар түрмеге қамалады.

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университеті.
Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университеті.

Тәжікстан «Гүлен мектептерінің» соңғысын 2015 жылы жапты, тәжік үкіметінің бұл әрекетін діншіл топтарға қарсы науқанның бір бөлігі ретінде қарауға болады. Түркіменстанда бұл топ «Нұршылар» деп те аталады, бұл елде Гүленге қатысы бар жалғыз мектеп тамыздың басында жабылды.

«Мұның бәрі осы республикалардың шенеуніктерін алаңдатқан қозғалысқа қарсы әрекеттер» дейді Деюнг. Жороев 1990-жылдары Қырғызстанда «Гүлен мектептері» ашылған кезде «олар балалардың санасын улап, өзгертіп жібереді» деген сыбыстар көп болғанын айтады. «Алайда дәлелдердің болмауы көптеген елдерге бұл мектептердің қауіпсіз екенін көрсетті» дейді ол.

Әрине, әлі де күдік бар. «Осы күндердің ең маңызды сұрағы «Гүленге қатысы бар қозғалыстың негізгі мақсаты не?» деген сауал» дейді Жороев. Деюнг бұрын Орталық Азия елдерінде болған кезде «Гүлен мектептері» туралы сөйлескенін айтады. «Мен адамдармен сөйлескенде «бұл мектептердің басшылары немесе университеттерінің ректорлары қалай оқытылады?» деп сұрадым, маған әркез «оларға ешкім нұсқау беріп, оқытпайды, өз жұмыстарын істеп жатқан еріктілер деген жауап алдым» дейді ол.

Кейбіреулер үшін мұғалімдерді даярлау ісінің бұлыңғырлығы «Гүлен мектептеріне» деген күмәнді күшейтеді. Талқылауға қатысқандар Қазақстан мен Қырғызстандағы «Гүлен мектептері» ұйымдары туралы нақты мәлімет беруі керек және оқу бағдарламаларын жария етуі тиіс деген пікір айтты.

Дөңгелек үстелде осы тақырыптың басқа да қырлары айтылды.

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG