Accessibility links

Қытайдың «жұмсақ күш» саясатының Қазақстанға әсері қандай?


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин салтанатты рәсім кезінде. Астана. 8 маусым, 2017 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин салтанатты рәсім кезінде. Астана. 8 маусым, 2017 жыл

Алматыдағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде дәріс оқитын қытайтанушы маман Ержан Керімбай Азаттықпен сұхбат құрып, Қытай билігінің Ху Цзиньтао тұсындағы «жұмсақ күшінің» Си Цзиньпиннің кезінде қайтіп «қатаңданып» кеткені туралы әңгімеледі.

Азаттық: - 2018 жылдан бастап Қазақстанда «Қытайдың жұмсақ күш саясаты» дейтін тіркес жиі айтыла бастады. Бұл қандай саясат?

Ержан Керімбай: - Бұл – 1980 жылдары Гарвард университетінің профессоры Джозеф Найдың шығарған теориясы. [Қандай да бір биліктің] өзге елдерді күшпен жаулау емес, мәдениетімен және экономикасымен тарту дегенді білдіреді. 1990 жылдардан бастап Қытай билігі осы теорияны өздеріне [бейімдеп] алды. Әлеуметтанушыларынан бастап саясаттанушыларына дейін бұл мәселені ұзақ талқылады. Әлемдік қауымдастықта өздерінің имиджін қалыптастыру үшін «жұмсақ күшке» мән берді. Бұдан бөлек, энергия көздеріне қол жеткізу үшін оларға «Қытай қаупі» дейтін түсінікті бәсеңдету керек болды. 2013 жылы [бұл саясатты] заңға енгізіп, арнайы бағдарлама жасады. Аса ірі мөлшерде қаржы бөлінді. Барлық күшті осыған арнады.

Қытайтанушы маман Ержан Керімбай. Алматы. 4 ақпан, 2019 жыл
Қытайтанушы маман Ержан Керімбай. Алматы. 4 ақпан, 2019 жыл

Азаттық: - Нәтижесі не болды?

Ержан Керімбай: - Нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай. «Жұмсақ күштің» бір тармағы – тіл саясаты. Мысалы, қазір Қытай тілін әлемнің барлық дерлік елдері оқып жатыр. Дүниежүзі бойынша Конфуций университетінің саны 500-ден асты. Конфуций сыныптары мыңға жетті. Осы уақытқа дейін әлемге жабық болып келген Өзбекстанның өзінде екі [Конфуций] институты бар. Ал Қырғызстанда - төрт институт, 12 сынып бар екен. Тек Түркіменстанда жоқ. Қазақстанда бес бірдей институт бар. Оның екеуі Алматыда орналасқан. 17 миллион халық үшін бұл көп. Сол саясат бағытталған нысананың бірі – біз (Қазақстан – ред.). Өйткені «бір жол, бір белдеу» бағдарламасын іске асыру үшін Орталық Азияны тыныштандыру керек.

Азаттық: - Бірақ әлемде «Қытайдың қатаң саясаты» туралы пікірталас күннен күнге өршіп келе жатқан жоқ па? Мұндай үрдіске себеп болған басты факторлардың бірі Шыңжаң өлкесіндегі аз санды этностардың көріп жатқан қысымы сияқты. Сонда Қытайдың қазіргі билігі «жұмсақ күш» саясатынан бас тартып отыр ма?

Ержан Керімбай: - Мүлдем бас тартты деуге келмес. Бірақ қазіргі жүргізіліп отырған саясаттың оған қайшы екені рас. Жалпы Ху Цзиньтаоның кезінде «жұмсақ күш» саясатының нәтижесі көрінген еді. Қытайға бір бүйрегі бұрып тұратын орталар қалыптасқан. Шыңжаңда тұратын этникалық қазақтардың кешеге дейін еркіндігінің өзі соның бір көрінісі болатын. Шындығын айту керек, [Қытайдың қазіргі президенті] Си Цзиньпин осы жасалған жұмыстардың тас-талқанын шығарды. Қытайдың қазіргі билігіне көңілі толмайтындар өз ішінде де көбейіп кетті. «Әлемдегі имиджімізді бұзды» деген әңгіме көп айтылып жатыр. Пекинде болған кезде жергілікті докторанттармен көп араластым. Сыбырлап қана айтады. Қазіргі саясатқа көңілдері толмайды. Негізінде соңғы 30 жылдың ішінде жергілікті аз ұлттар ассимиляцияға өздері де ыңғайланып қалып еді. Бірақ қазіргі билік тізеге салып, белден басып жіберді. Мұның ар жағында өздерінің дәстүршіл саяси мәдениеті жатыр. Түбінде «мығым, біртұтас Қытай мемлекеті болады» деген идеялары бар. Оны өздері «датун» деп атайды. Қазір осы «датун» идеясын тездетіп жүзеге асыруға кірісті. Былтыр Си Цзиньпин «Қытай арманы» дегенді ұсынды. Сол кезде де қазіргі позициясын ашық білдірді. Бірақ тағы қайталап айтамын, Си Цзиньпиннің саясатына Қытай интеллигенциясының көңілі толмайды. Жабық қоғамға айналып барады. Мысалы әлеуметтік желілердің ешқайсысы істемейді. Интернеттегі қарапайым Google іздеу жүйесі жоқ. Gmail поштасын пайдалана алмайсың. Жастардың озық ойлардан кенже қалып бара жатқаны анық аңғарылады. Әрине, оларға бір жарым миллиард адамды коммунистік идеяға ұйытып ұстап отыру үшін еркін ойлар мен демократияны енгізудің қажеті жоқ. Өйткені кешегі «араб көктемі», демократиялық көзқарастардың қалыптасуы, халықтың дүрбелеңге түсуі әлеуметтік желі арқылы дамыды. Соны білетін Қытай билігі барлығына тыйым салды. Елдің ішіне еркін ойлардың енгенін қаламайды.

Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев (сол жақта) және Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин. 22 қараша, 2018 жыл
Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев (сол жақта) және Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин. 22 қараша, 2018 жыл

Азаттық: - Өзіңіз сол жаққа жиі сапарға шығып тұрасыз. Аз ұлттарға қатысты қатаң саясаттың қандай да бір әсерін байқадыңыз ба?

Ержан Керімбай: - Былтыр Пекин қаласында екі ай болып, қазан айының аяғында келдім. Одан бір жыл бұрын Гонконгтағы политехникалық университетте де екі ай болған едім. Ол жақта Қазақстаннан барып оқып жатқан, Қытайдың грантын иеленген магистранттар мен докторанттар өте көп. 2013 жылы Қытай мемлекеті ұсынған «бір жол – бір белдеу» бағдарламасынан кейін Қытайдағы әрбір университеттің жанынан ТМД елдерін зерттейтін орталықтар ашылды. Оған дейін мұндай 40-қа жуық орталықтың бар екені айтылатын. Олардың барлығы қазір Жібек жолының бойында орналасқан мемлекеттердің экономикасын, әлеуметтік ахуалын, экологиясын, дінін, тіпті тау мен тасына дейін зерттеп жатыр. Соның ішінде оларды біздегі тіл саясаты да қызықтырып отыр. Мәселен, қазақ тілі өзінің тілдік тұғырына міне ме, жоқ па? Әлде орыс тілінің үстемдігі сақтала ма? Ағылшын тілінің болашағы қандай? Қытай тілі болашақта негізгі тілдердің бірі бола ала ма? Егер «бір жол – бір белдеу» жобасы іске қосылса, ол жерде негізгі тіл қай тіл болады? Олар осындай сұрақтарға назар аударып отыр. Мені өздеріне шақырған кезде осы сауалдар төңірегінде сұрайды. Пекинге де, Гонконгке де барғаным осы мәселемен байланысты болды.

Азаттық: - Қытайда оқитын қазақстандық студенттер санының көбейгенін айттыңыз. Қазір Қытайдың жоғарғы оқу орындарына қабылдану Қазақстанмен салыстырғанда оңай деген пікір айтылады. Мұның сыры неде?

Ержан Керімбай: - Қытай жоғарғы оқу орындарының қазақстандық жастарға оқу грантын беру мәселесі 1990 жылдардан басталды. Бірақ 2007 жылы [Қытай коммунистік партиясының] 17-сьезінде қабылданған «жұмсақ күш» саясаты бағдарламаға енген соң гранттар санының бірден көбейгенін көруге болады. Мұндағы мақсат – Қытайдың саясатына ыңғайлы бір орта тәрбиелеу. Мысалы, 2007 жылдан бастап Конфуций институттарын аша бастады. Ал 2013 жылы «бір жол – бір белдеу» бағдарламасы қабылданғаннан кейін магистранттар мен докторанттарға берілетін гранттар саны бірден өскен. Мысалы, 2012 жылы 9 мың 500-дей қазақстандық студентке грант бөлінсе, 2013 жылы бұл сан 11 мыңнан асқан. Ал 2016 жылы 14 мыңға жетіп жығылған. Кеше сол Пекинге барған кезде қазақстандық қыз-жігіттермен сөйлессем, бәрінің дерлік зерттеп жүрген тақырыптары Қазақстанға қатысты. Содан кейін бір байқағаным - бөлінген гранттар тек гуманитарлық пәндерге берілген. Бірде бір IT саласының маманы жоқ. Сізге біздің студенттердің зерттеп жүрген тақырыптарының шет жағасын айтайын. Журналистика саласы бойынша оқып жүрген бір магистранттың тақырыбы – «Қазақстандық ақпарат құралдарының дамуы». Ал екі бірдей филолог қазақ ауыз әдебиетін зерттеп жүр. Қазақстанның тіл саясатын үш адам зерттеп жүр. Сонымен қатар «бірге зерттеу жүргізейік, бірге жұмыс істейік» деп келетін жоғарғы оқу орнының делегациялары өте көп. Қытайдағы әрбір университеттен келеді. Өйткені сол жоғарғы оқу орнының жанынан ашылған орталықтарға біздің ел мен аймақты зерттеуді міндет етіп қойып тастаған.

Батыс Қытай - Батыс Еуропа күрежолы бойындағы құмды дауыл. Жамбыл облысы. 28 тамыз, 2012 жыл
Батыс Қытай - Батыс Еуропа күрежолы бойындағы құмды дауыл. Жамбыл облысы. 28 тамыз, 2012 жыл

Азаттық: - Жөн, Қытай билігі қазақстандық студенттерге грант беріп, өзімізді өзімізге зерттетіп жатыр екен. Қазақ ауыз әдебиетінің немесе бұқаралық ақпарат құралдарын зерттеудің оларға қажеті қандай?

Ержан Керімбай: - Совет үкіметі тарқап, жаңа мемлекеттердің пайда болуы Қытай билігінің айтарлықтай қорқынышын туғызды. Өйткені беймәлім мемлекет және қолында ядролық қару болды. Екіншіден, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі аз этностар, оның ішінде ұйғыр этносы да тәуелсіздік сұраған. Олар Түркия арқылы әлемдік қауымдастыққа шықты. Әрине, мұндай сепаратизмге апаратын нәрсе оларға керек емес. Сондықтан бізбен қарым-қатынас кезінде өздеріндегі барды жоғалтып алмау және бізден де керегін алу үшін зерттеп жатыр.

Азаттық: - Қытай Қазақстанмен көрші жатқан, тарихы тым тереңге кеткен, дара дәстүрі мен мәдениеті қалыптасқан ел. Бірақ Қытай мәдениеті Қазақстан халқының басым көпшілігі үшін әлі де таңсық. Бұл құбылыс Қытайға қатысты қандай да бір ксенофобиялық көзқарастың салдары ма, әлде басқа да себептері бар ма?

Ержан Керімбай: - Мұның ең бірінші себебі – Қытай ақпарат кеңістігінің жабықтығы. Изоляцияда отырғаны. Екіншіден, тілдің де өз әсері бар. Үшіншіден, Қытай билігінің өз мәдениетін насихаттай бастағанына да көп болған жоқ. «Жұмсақ күш» саясатының бір тармағы да осы мәдениетті көтеруге негізделді. Өйткені жергілікті халықтарды өзінің мәдениетіне нандыру үшін, өркениетті мәдениет екеніне көзін жеткізу үшін, аз этностарды ассимиляцияға ұшырату үшін осы мәселеге назар аударды. Яғни 1980 жылдардан бастап қана қолға алынған Қытай мәдениетінің жұртты қызықтыратындай аса бір ерекшелігі болмады.

Азаттық: - Соңғы сұрақ, дәл қазір Қытай ұстанып отырған «жұмсақ саясаттың» Қазақстан үшін әсері қаншалықты?

Ержан Керімбай: - Қытай билігі Қазақстанға қатты назар салып отыр. Өйткені оларды Батыс Еуропамен құрлық арқылы байланыстыратын бірден бір ел – Қазақстан. Бұл ұстанымға Қазақстандағы коррупцияның күшейіп кеткені де оңтайлы болып тұр. Қазір олар (Қытай билігі – ред.) бізбен қалай жұмыс істеу керектігін әбден үйреніп алды. Коррупция Қытайдың ыңғайына келіп тұр.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет!

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG