Accessibility links

Күйеуіне араша түсіп өзі сотталған мұсылман әйел қолдау тапты


Астана тұрғын, терроризм бабы бойынша сотталған Наталья Войтенкова. (YouTube видеосынан алынған скриншот)
Астана тұрғын, терроризм бабы бойынша сотталған Наталья Войтенкова. (YouTube видеосынан алынған скриншот)

YouTube-те тараған бейнеролик авторлары терроризм айыбы бойынша күйеуінің соңынан 5 жылға сотталған астаналық Наталья Войтенкованы босатуды талап етеді.

Қазан айында Астана тұрғыны Наталья Войтенкова терроризм бабымен 5 жылға сотталған болатын. Содан бері YouTube желісінде көп балалы ананы босатуды талап еткен бейнероликтер пайда бола бастады.

Бірқатар азаматтық белсенділердің Наталья Войтенкованың тағдырына алаңдаушылық білдіруіне негіз болған тағы бір фактор – 2009 жылы оның күйеуі Рафис Галиуллин де осы бап бойынша айыпты деп танылып, 7 жылға сотталған. Тергеу мен сот құжаттарында «Хизб ут-Тахрир» партиясының мүшесі деп сипатталатын ерлі-зайыптылардың 3 жас баласы бар.

Наталья Войтенкова сотталарынан бұрын YouTube желісінде қамаудағы күйеуінің «қысым көріп жатқаны» туралы мәлімдеме жасаған.

РОЛИК ТУРАЛЫ РОЛИК

Үш баласынан еріксіз ажырап, ерінің артынан қамау орнына түскен Наталья Войтенкованың басындағы ахуалға назар аударатын «Защити сестру Наталью!» атты үш минуттық видеода рэп жанрындағы ән орындалады. Ролик авторлары «түрмедегі күйеуі туралы бар шындықты айтқан» Натальяның сотталуына билікті кінәлап, оны босатуды талап етеді.

Бейнероликтегі президентке қаратып айтылатын әнде: «Сіз терроризм және экстремизммен күресті желеу етіп адамдық қасиеттің бар шегінен аттап кеттіңіз. Ислам мен мұсылмандарға қатысты көзқарасыңызды өзгертіңіз. Мұсылмандарды арандатуды тоқтатыңыз!» деген жолдар да бар.

Наталья Войтенкова 2011 жылғы наурыз айында Астанада өткен хиджапқа тыйым салуға қарсы шығу акциясына қатысқан еді.
Наталья Войтенкова 2011 жылғы наурыз айында Астанада өткен хиджапқа тыйым салуға қарсы шығу акциясына қатысқан еді.
Бұл акцияны ұйымдастырушы - өзін «тәуелсіз мұсылман журналист» ретінде таныстырған ресейлік ерікті Тагир Минибаев әке-шешесі түрмеге қамалып, туыстарының қолына өткен үш баланың тағдырына бейжай қарай алмағанын айтады. Ол интернетте Наталья Войтенкова жайлы ақпараттар жариялағаннан кейін әр елдерден белсендіні қолдаған суреттер келе бастаған.

- Ресей, Украина, Татарстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Палестина, Швеция, тіпті Мароккодан келген суреттер болды. Солардың барлығын біріктіріп ролик жасадық, - дейді Тагир Минибаев Азаттық тілшісіне.

Қазір Войтенкованы қолдау ролигі әлеуметтік желілерді де «аралап жүр».

АРАША ТҮСУДІҢ СОҢЫ - СОТТАЛУ

Қазанның 12-сі күні Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты «терроризм мен экстремизмді насихаттады» деп айыпталған 33 жастағы астаналық Наталья Войтенкованы кінәлі деп тауып, 5 жылға соттаған.

Сарыарқа аудандық прокуроры Қазбек Хашиев Войтенкованың YouTube-қа күйеуі, «Хизб-ут-Тахрир» партиясының мүшесі Рафис Галиуллиннің түрмедегі жағдайы туралы видеомәлімдеме жариялағанын айтқан.

Тергеу амалдары мен сот процесінің бастапқы кезеңіндегі адвокаты Төлеген Махметовтің сөзінше, Войтенкованы осы бейнероликке қатысты соттаған.

- Сотта ол бейнероликті өзі түсіргенін айтты, бірақ интернетке салмаған. Осылайша тағылған айыпты мойындаған жоқ. Қазір айыпталушы басқа адвокат жалдаған, оның аппеляциясы туралы айта алмаймын, - деді ол Азаттық тілшісіне.
Қамалуына негіз болған YouTube желісінде жарияланған екі бейнероликте Войтенкова негізінен 7 жылға сотталған күйеуіне «түрмеде қысым жасалып жатқанын» баяндаған.

Наталья Войтенкованың қазіргі адвокатының кім екенін анықтау мүмкін болмады. Ал қамалуына негіз болған YouTube желісінде жарияланған екі бейнероликте Войтенкова негізінен 7 жылға сотталған күйеуіне «түрмеде қысым жасалып жатқанын» баяндаған. Жақтастары айыпталушының бейнероликке түскенімен оны таратуға еш қатысы жоқ екенін айтады.

- Қазір Натальяның бұл бейнероликті жасамағанын дәлелдеуге тырысып жатырмыз. Google-ден бейнероликті Натальяның салмағанын дәлелдейтін құжат алуға күш салып жатырмыз, - дейді ресейлік ерікті Тагир Минибаев Азаттық тілшісіне.

Терроризмге қатысты баптар бойынша сотталған Рафис Галиуллин мен Наталья Войтенкованың үш баласы бар. Үлкені Абдулла - 12 жаста, Хадиджа - 6 жаста, Муслима - 5 жаста. Рафис Галиулиннің Ресейде тұратын інісі Рашид Галиулиннің сөзіне қарағанда, қазір олар Астанадағы туыстарының қолында.

- Балаларды Рафистің анасы мен Натальяның сіңілісі қарап жатыр. Олар мектепке барып жүр. Әзірше әке-шешесінің түрмеде екенін білмейді, - дейді Рашид Галиуллин Азаттыққа.

Азаттық тілшісі Наталья Войтенкованың сіңлісі 19 жастағы Полинаға хабарласқан кезде ол сөйлесуден бас тартты.

Адвокат Төлеген Махметовтің айтуынша, Наталья Войтенкова қазір Астанадағы тергеу изоляторында отыр. Азаттық тілшісінің бұл үкімге қатысты Сарырқа аудандық сотынан комментарий алу әрекеті әзірше нәтижесіз аяқталды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG