Талғат Аянның әкесі әрі адвокаты Төлепқали Аянов Азаттықпен әңгімесінде сот қаулысы қолына тиісімен үкімге шағым беретінін айтты. Ол енді Қазақстан Жоғарғы сотына кассациялық шағым бермекші.
Боқаев пен Аянның сот үкімі бойынша берілген апелляциялық арызды қарау үш күнге жалғасты. Дүйсенбі, қаңтардың 16-сы күні адвокаттар бірнеше өтініш жасады, олардың арасында айыптау қорытындысына негіз болған психологиялық-филологиялық сараптаманы жарамсыз деп тануды сұраған өтініш те бар. Қорғаушы тарап сонымен бірге БҰҰ-ның азаматтардың бейбіт жиындар өткізу және еркін жиналу құқығы мәселелері бойынша өкілі Майна Киаидың мәлімдемесін де іске тіркеуде сұраған. Өтініштер тапсыру қаңтардың 18-і, сәрсенбі күні де жалғасты.
Айыптаушы тарап соттан қорғаушылар берген өтініштерді қанағаттандырудан бас тартуды сұрап, бірінші деңгейдегі сот үкімін күшінде қалдыруға шақырды.
Өткен жылғы мамыр айынан бері қамауда отырған Макс Боқаев пен Талғат Аянның апелляциялық өтініштері қаралған сот отырыстарына бейнеконференция байланысы арқылы қашықтан қатысты.
Алғашқы сатыдағы сот Боқаев пен Аянға үкімін қарашаның 28-і күні жария еткен. Істі қараған судья Гүлнәр Дәулешова азаматтық белсенді Макс Боқаев пен Талғат Аянды «араздық қоздырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу тәрбітін бұзды» деп танып, әрқайсысын бес жылға бас бостандықтарынан айыру және үш жылға дейін қоғамдық жұмыспен айналысуына тыйым салу туралы үкім шығарған. Үкімде Боқаев пен Аянға 250 айлық есептік көрсеткішке тең сомада (530 мың теңге немесе бір жарым мың доллардан асатын) айыппұл салынатыны айтылған. Одан бөлек сот және сараптама шығыны ретінде үлестік тәртіппен белсенділерден 259 мың теңге қаражат өндірілетін болды.
Боқаев пен Аян 2016 жылғы мамырдың 17-сінен бері қамауда отыр. Биліктің бастамасымен жүргізілуі тиіс жер реформасына қарсы Атырауда сәуірдің 24-і күні өткен митингіден кейін оларға қылмыстық айыптар тағылған еді. Былтыр жазда Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті жер реформасына наразылық шараларын шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов қаржыландырған деп мәлімдеген. Атыраудағы сот кезінде Төлешов (кейін оны билікті күшпен басып алмақ болған деген айыппен 21 жылға соттап, түрмеге отырғызған) пен оның көмекшілерінен айыптау куәлері ретінде қашықтан жауап алынған. Төлешовтің көмекшілері «Талғат Аянға ақша бергенбіз» деп айтқан. Макс Боқаев пен Талғат Аян ол айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, ешкімнен ондай ақша алмағандары туралы мәлімдеген.
Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды бас еркіндігінен айырған сот үкімін сөкті. Еуропалық Одақ Астананы Боқаев пен Аянды босатуға шақырып, азаматтық белсенділерді түрмеге қамау Қазақстанның адам құқығы саласында өзіне алған халықаралық міндеттемелеріне қайшы екені туралы мәлімдеген. БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі сарапшылары Макс Боқаев пен Талғат Аянды қудалаудың саяси астары бар деп мәлімдеген.