Accessibility links

Қытай баспасөзі Чиншанлоның тегін тексеріп әлек


Қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Чиншанлоның әлем рекордын жасаған кездегі қуанған сәті. Лондон, 29 шілде 2012 жыл
Қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Чиншанлоның әлем рекордын жасаған кездегі қуанған сәті. Лондон, 29 шілде 2012 жыл

CNN шілденің 31-і күні Олимпиада чемпионы атанған Зүлфия Чиншанлоның тегі жайлы мақала басты. Қытайлық «Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, спортшы Хунань провинциясында Чжао Чанлин деген атпен туып өскен.

CNN-нің жазуынша, Лондон олимпиадасында ауыр атлетикадан алтын медаль алған қазақстандық спортшы қыз Зүлфия Чиншанлоның жеңісін кейбір қытайлықтар ауыр қабылдаған. «Себебі бұл алтын медальдің Қытай еліне бұйыруы әбден мүмкін еді» деп басталады мақала.

Қытайдағы БАҚ оның ұлтына қатысты жайттарды ашық талқылаған. «Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, Зүлфия Хунань провинциясындағы Юнчжоу қаласында Чжао Чанлин деген қытайлық атпен туып өскен.

Хунаньдегі спорт бюросының басшысы Чжоу Цзюньфудің мәлімдемесіне сүйене отырып, «Синьхуа» агенттігі оның Лондон Олимпиадасына келгенге дейін Чжао Чанлин деген атпен белгілі боп, 2008 жылы Қазақстан спорт федерациясына берілгенін хабарлаған.

Ал China Daily газеті: "Ол (Чиншанло - ред.) қытай еді, қазір қазақстандық болды. Бес жылдық келісім-шарты біткесін келесі жылы Қытайға қайта оралуы мүмкін" деп жазған.

КҮРІШТІ САҒЫНУ

"Синьхуа" сипаттайтын Чжоудың айтуынша, 2007 жылдың наурыз айында Хунань өлкесінде спортшылардың тәжірибе алмасу жаттығуы кезінде Қазақстанның ауыр атлетика командасы Чиншанлоға қызығушылық танытып, оны Қазақстанға әкетіп, жарысқа Қазақстан атынан қатыстыру жайлы ұсыныс білдірген. CNN Қытайдың дерек көздеріне сүйеніп, оның 2008 жылы халықаралық жарыстарға Қазақстан атынан қатысуға рұқсат алып, Қазақстан спорт федерациясына қабылданғанын жазады.

Ол осыдан соң ғана Зүлфия Чиншанло деген жаңа атты иемденді деген «Синьхуа» агентігі.
Қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Чиншанло (сол жақта) Алматыдағы жаттығу орталығында. 29 наурыз 2012 жыл
Қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Чиншанло (сол жақта) Алматыдағы жаттығу орталығында. 29 наурыз 2012 жыл

Қытайлық БАҚ-тың сипаттауынша, Зүлфия қытайша жетік сөйлейді. Бірақ ол «Қытайдан қашан кеттің? Отбасыңыз қай өлкеде тұрады?» деген сияқты Қытайға қатысты сұрақтарды ұнатпайды. Бірде одан: «Қытайға қайтып барасыз ба?» деп сұрағанда ол біраз үнсіз тұрып: «Білмеймін, айта алмаймын» деп жауап берген. Бірақ әңгіме қытай асханасы жайлы болғанда, жас спортшы қыз шешіліп кеткен. Күріштен жасалған бәлішті сағынып жүргенін айтқан. Қытай журналистері оның «асқазаны қытайлық болып қалғанын» осылайша анықтаған.

Алайда CNN-нің жазуынша, олимпиаданың ресми сайтында Чиншанлоның туған жері Алматы қаласы деп көрсетілген.

ЖЕР-ЖАҺАНҒА ТАРАҒАН ҚЫТАЙ СПОРТШЫЛАРЫ

Халықаралық олимпиада комитетінің талабы бойыша ұлттық командасын ауыстырған спортшылар жарысқа жаңа елдің атынан түсу үшін үш жыл күтуге міндетті. Кей кездері Халықаралық спорт федерациясы мен ұлттық олимпиада комитетінің рұқсатымен күту кезеңі қысқаруы немесе кейінге ысырылуы мүмкін.
Мақала авторының зерттеуінше, көптеген қытайлық спортшылар олимпиада даңқына қол жеткізу үшін елдерін тастап, шетел асып кеткен.

Әсіресе, Қытайда бұрыннан жақсы дамыған стол теннисінің мықты жұлдыздары басқа елдің атынан сайысып жүр.

1992 жылғы жазғы олимпиадада күміс жүлдегер атанған стол теннисінің шебері Цзюн Гао да жарыстан соң АҚШ-қа қоныс аударған. Ол сол елдің азаматтығын алған соң АҚШ-тың атынан үш рет олимпиадаға қатысыпты.
XS
SM
MD
LG