Accessibility links

Оппозициялық компартияны жапты


Ленин ескерткіші жанына жиналған Қазақстан коммунистік партиясы белсенділері. Алматы, 7 қараша 2008 жыл.
Ленин ескерткіші жанына жиналған Қазақстан коммунистік партиясы белсенділері. Алматы, 7 қараша 2008 жыл.

Алматы қаласы соты шешімімен Қазақстан коммунистік партиясы жабылды. Саяси ұйым басшылығы «ақырына дейін» күреспек.

Қазақстан коммунистік партиясын (ҚКП) жабу туралы Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі тамыздың 3-інде шыққан. Қазақстан коммунистік партиясы бірінші хатшысы Төлеубек Мақыжанов сот шешімін 10 күн өткеннен кейін алғанын айтады. Жабылатын партия басшылығы сот шешімінің «саяси астары бар» деп мәлімдеп, енді апелляциялық шағым түсірмек.

Партияның орталық аппараты Семей қаласында болғандықтан, Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мұндай шешім шығара алмайды.
Төлеубек Мақыжанов.

- Ақырына дейін күресеміз, БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне дейін барамыз. Әлгі сот процесіне Қазақстан коммунистік партиясы мүшелерінен ешкім қатысқан жоқ. Партияның орталық аппараты Семей қаласында болғандықтан, Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мұндай шешім шығара алмайды. Бұдан ертеректе өткен бірінші отырыста процесті Семей қаласында өткізуді сұрағанмын. Сондықтан Алматыға барудан бас тарттым, - дейді Төлеубек Мақыжанов Азаттыққа.

Төлеубек Мақыжановтың айтуынша, компартия әділет министрлігінің «партия мүшелері саны компартия ұсынған тізімге сәйкес келмейді» деген мәлімдемесі негізінде жабылған.

- Біз 58 мың адамның тізімін бергенбіз, ал әділет министрлігі партияның 38 мың ғана мүшесі бар деп мәлімдейді. Олар мұны қайдан алып отыр? Ешкім қайта санақ жүргізген жоқ. Мысалы, маған да, өзге филиалдарға да партия мүшелерінен ешкім келген жоқ, - дейді Төлеубек Мақыжанов.

Қазақстанның саяси партиялар туралы заңына сәйкес, партияны тіркеу үшін оның кәмелетке толған 40 мың мүшесі болуы тиіс.

Серікболсын Әбділдин басқарған Қазақстан коммунистік партиясы әу бастан оппозициялық болған. 2010 жылы компартия басшысы бірінші хатшылықты Ғазиз Алдамжаровқа берген, ал 2014 жылдан бері партияны Семей қаласындағы филиал жетекшісі Төлеубек Мақыжанов басқарады.

Компартияның бірінші хатшысы болған кездегі Серікболсын Әбділдин мен қазір түрмеде отырған оппозициялық саясаткер Владимир Козлов бірлескен баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 25 қыркүйек 2010 жыл.
Компартияның бірінші хатшысы болған кездегі Серікболсын Әбділдин мен қазір түрмеде отырған оппозициялық саясаткер Владимир Козлов бірлескен баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 25 қыркүйек 2010 жыл.

2004 жылы ҚКП «Қазақстан демократиялық таңдауы» оппозициялық партиясымен бір блокта парламент сайлауына қатысқан соң партия жікке бөлініп, билікшіл әрі оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясының «клоны» - Қазақстан коммунистік халық партиясы (ҚКХП) пайда болған.

Мақыжанов ҚКП қызметі төрт мәрте тоқтатылғанын айтады. Партия үш рет қайта тіркеуден өтуге мәжбүр болған.

- Бізге қарсы қаншама заң бұзушылық болды. Мысалы, 2011 жылы парламент сайлауында Ғазиз Алдамжаров пен бірнеше адам тіркелмеген «Халық майданы» қоғамдық бірлестігі жұмысына қатысқаны үшін партия қызметін тоқтатып тастады. Ал бұл өрескелдік емес пе? «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға сәйкес, Қазақстан азаматтары бір партияның мүшесі болып, түрлі қоғамдық ұйымдарға да кіре алады. Ал олар партия жұмысын әуелі үш айға, кейін тағы үш айға заңсыз тоқтатып тастады, соның кесірінен парламент сайлауына қатыса алмадық, - дейді Төлеубек Мақыжанов.

«МҮМКІН, БІРЕУЛЕРІ БІЗГЕ КЕЛЕТІН ШЫҒАР»

Билікшіл Қазақстан коммунистік халық партиясынан (ҚКХП) сайланған парламент депутаты Владислав Косарев ҚКП-н жабуды заңды санайды.

- Партия бұл соққыны партия басшыларының надандығынан алды. Екі жыл бұрын «Халық майданы» бірлестігімен байланысы үшін оларды үш айға жауып тастаған. Билік оларды тәртіп жоқ болған соң жапты. Партияның орталық комитеті жұмыс істемеген соң Ақтөбе, Ақтау сияқты кейбір обкомдар «өзіміз жабылайық» деп ұсынған. Олар үшін уайымдаймын. Мүмкін, біреулері бізге келетін шығар, біреулері келмейді, - дейді Владислав Косарев.

Әділет министрлігі басшылығы Қазақстан компартиясына қатысты жайттарға комментарий беруден бас тартып, сауалды өзінің қоғамдық бірлестіктер мен заңды тұлғаларды тіркеудің заңдылығын қамтамасыз ету және қадағалау басқармасына жолдаған. Ал оның қызметкерлері «басқарма басшысы демалыста» деген уәжбен комментарий беруден бас тартты.

XS
SM
MD
LG