Тамыздың 16-сы, сейсенбі күні Алматыдағы «Баспасөз клубында» өзін коммунистік партия мүшесімін деп таныстырған Бақыт Есжанова Қазақстан коммунистік партиясы мен тіркелмеген «Алға» партиясының қарым-қатынасына арналған баспасөз мәслихатын өткізді.
Бұқаралық ақпарат құралдарына таратылған хабарламадағы «Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар – Қазақстан коммунистік партиясының нағыз мүшелері» деген сөзге қарағанда журналистермен кездесуге бірнеше коммунист келуі тиіс еді. Алайда баспасөз мәслихатында Бақыт Есжановадан басқа ешкім көрінбеді.
«ЖАРҚЫН СОЦИАЛИЗМ ЖАЙЫНА ҚАЛДЫ»
Жалғыз өзі келген Бақыт Есжанова «Тіркелмеген «Алға» партиясының капиталистері Қазақстан коммунистік партиясынан қолын тартсын!» деген үндеуді оқып шықты.
Бұл үндеуде: «...капиталист Мұхтар Әблязов пен ол тағайындаған «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов Қазақстан компартиясын
Бақыт Есжанованың баспасөз мәслихаты өткен бөлмеге ілінген плакаттардың бірі. Алматы, 16 тамыз 2011 жыл.
күшпен басып алғалы жатыр. Ал оған Компартияның бірінші хатшысы, коммунист атын жамылған Ғазиз Алдамжаров жол беріп отыр. Сөйтіп компартия «Алғаның» қолбаласына айналып барады» – деген сөздер айтылды.
Үндеуге қарағанда, «Алдамжаровтың ықпалына түсіп қалған коммунистер тіркелмеген «Алға» партиясының мүшелеріне қызмет көрсетуге көшіп, жарқын социализм идеясы жайына қалған» көрінеді.
Үндеуді оқыған Бақыт Есжанова барша коммунистерді тіркелмеген «Алға» партиясының «зорлығына» тойтарыс беруге және Владимир Козловты капиталистік идеяларын тықпаламай, қарттарды жайына қалдыруға шақырды. Үндеу «Ғазиз Алдамжаров коммунистік құндылықтар мен идеалдарды сатып мазақ болмай, бірінші хатшы қызметінен кетсін» деумен аяқталды.
«ҮНДЕУДІ МЕН ЖАЗҒАН ЖОҚПЫН»
Бір қызығы, үндеуді сөзбе-сөз оқып шыққан Бақыт Есжанова үндеуді кім жазғанын да, өзі сөйлеп отырған баспасөз мәслихатын кім ұйымдастырғанын да білмейтін болып шықты. Тіпті, Владимир Козлов пен Ғазиз Алдамжаровқа қарсы ұрандар жазылып, қабырғаға ілінген плакаттарды «кім әкелгенін де білмейді».
– Бұл үндеу менің интернеттегі поштама келіп түсті. Содан соң өздерін коммунистпіз деп таныстырған әлдекімдер «баспасөз мәслихатын өткізгелі жатырмыз» деп шақырды. Содан соң келдім де үндеуді оқыдым, – деді Бақыт Есжанова Азаттық тілшісінің сауалына.
– Ал өзіңіз үндеуде айтылған мәселелерді қолдайсыз ба? – деген журналистердің сұрағына бірде «иә», бірде «жоқ» деп, күмілжи жауап берді.
Бақыт Есжанова қазір тері-венерологиялық ғылыми-зерттеу институтында кадр бөлімінің қызметкері болып жұмыс істейтінін, бірнеше жылдан бері қоғамдық жұмыспен айналыспағанын, сондықтан саяси партиялар арасында не болып жатқанын білмейтінін, Ғазиз Алдамжаровты танымайтынын айтты.
– Қазақстан коммунистік халықтық партиясының атынан келдіңіз бе, әлде Қазақстан коммунистік партиясының атынан келдіңіз бе? – деген сұраққа да анық жауап бере алмады.
– Егер Ғазиз Алдамжаров шағым берген жағдайда, оған қарата айтылған
Қазақстан компартиясы аппаратының идеология жөніндегі қызметкері Владимир Косиченко. Алматы, 16 тамыз 2011 жыл.
айыптауларыңызды сотта дәлелдей аласыз ба? – деген Азаттық тілшісінің сауалынан кейін:
– Үндеуді мен жазған жоқпын, – деп құтылды Бақыт Есжанова.
«ОЛАҚ СЦЕНАРИЙ»
Баспасөз мәслихатына қатысқан Қазақстан компартиясы аппаратының идеология жөніндегі қызметкері Владимир Косиченко мұны «кезекті арандату әрекеті» дейді.
– Бақыт Есжанованың ең қарапайым сұраққа да жауап бере алмай сасқалақтауы – мұның кезекті арандату әрекеті екенін көрсетеді. «Халық майданы» құрылып, оны жұртшылықтың қолдай бастауы билікті шошытты, – дейді Владимир Косиченко.
Оның айтуына қарағанда, «компартия мүшелері ұйымдастырды» дейтін осындай әрекеттер таяуда Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Жаңаталап ауылында, Тараз бен Шымкент қалаларында да болған.
«Ал мына баспасөз-мәслихаты олардың қасында жай әншейін цирк қой» дейді Қазақстан компартиясы аппаратының идеология жөніндегі қызметкері Владимир Косиченко.
Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов «Халық майданының» саяси күшке айналып, әрекет ете бастағаны, Маңғыстау
жұмысшыларына қолдау көрсеткені билікке ұнамай отырғанын, бүгінгі баспасөз мәслихаты соған қарсы жасаған арандату әрекеті екеніне еш күмәні жоқтығын айтады.
– Үндеу мазмұнына түсініктеме берудің өзі артық, – деп жауап берді Владимир Козлов Азаттық тілшісіне. – Бұл сонымен бірге Ғазиз Алдамжаров пен Серікболсын Әбділдиннің арасына жік сала кетуді де көздегендердің ісі. Екі ұйымның өзара қатынасы 2004 жылы-ақ басталған. Әуелі бірыңғай блок құрдық, кейін «Халық билігі» пайда болды. Бұл кезде компартияны Серікболсын Әбділдин басқарған болатын. Сондықтан Ғазиз Алдамжаровтың кезінде ғана компартия мен «Алға» жақындаса бастады деу артық болады.
«Биліктің бүгінгі сценарийі – мейлінше олақ ойластырылған сценарий болды» дегенді айтты Владимир Козлов.