Қарағанды облысы Нұра ауданы Ахмет ауылының 32 жастағы мүгедек тұрғыны Николай Синявин жергілікті үш полицейді «азаптады» деп айыптайды. Оың айтуынша, биылғы тамыз айының аяғында полиция бөлімшесіндегі тергеу кезінде оның мойын омыртқасы сынып, белі мен мойын омыртқаларында жарық пайда болған әрі басынан жарақат алған. Қазір емделіп әрі тергеу сұрақтарына жауап беріп жатқан оның шағымы енді сотқа жетуі мүмкін.
ТЕРГЕУДЕН КЕЙІН
Николай Синявиннің Азаттық тілшісіне айтуынша, бұл жағдай аяқ астынан әрі тез болған. Ол «Сол күні танысым екеуміз біздің үйдің ауласында тұрғанбыз. Әкемнің орнына жеке көлікпен кісі тасуға шыққанмын. Жалпы, кісі тасумен әкем айналысады, бірақ сол күні әкем үйде болмады да, орнына мен шықтым. Жанымызға бір жігіт келіп, көрші кентке дейін жеткізіп салуымды өтінді. Бірақ жол ақысы қанша болатынын айтып едім, әлгі бейтаныс жігіт «мұнша ақшам жоқ» деп бір жаққа кетіп қалды» дейді.
Кейін Николай үйінің ауласынан екі пакет тауып алған. Николайдың айтуынша, іле-шала балалар жүгіріп келіп, әлгі бейтаныс жігіт сұрап жатыр деп пакеттерді алып кеткен. Келесі күні оның үйіне полицейлер келген.
- Қақпадан ентелеп кіріп келген үш полицей мені бас салып ұстап алып, ұрып-соға бастады. Әлдебір 25 мың теңгені қайтаруымды талап етті. Үшеуі «полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеттің» деп айқайлап, мені көлікке салып, алып кетті. Мұның бәрін көршілер көріп тұрды. Куәгерлер мұны өз түсініктерінде растады. Ауылдық әкімдіктегі учаскелік инспектордың кабинетіне әкелген соң да ұрып-соғуларын қоймай, «ұрлық жасағаныңды мойында» деп азаптай бастады. Бір бөтелке арақты өңешіме күшпен құя бастады. Оларға «ештеңе ұрлаған жоқпын, мына бассыздықты тоқтатып, не болғанын дұрыстап түсіндіріңдерші» десем де тоқтамады,- дейді Николай Синявин Азаттық тілшісіне.
Оның анасы Любовь Битнер Азаттық тілшісіне таяққа жығылған әрі қатты мас ұлын полицейлер үйге әкеліп тастаған соң баласы бірнеше мәрте есінен танып қалғанын айтты. Бұдан кейін ол ұлын сот-медициналық сараптамадан өткізуге апарған.
Николайды үйге әкеліп тастаған полицейлер маған «бір түсінбестік болып қалды, ешкімге ештеңе айтпаңыз, ешқайда шағымданбаңыз, бәрін анықтадық» деп кешірім сұрап, кетіп қалды.
- Баламның көмейі күйіп қалыпты, аузы-басы жара. Оның үстіне, полицейлер ұрып жатқанда қолындағы көлік кілтіне Коляның саусағы ілініп қалып, тырнағын жұлып алған. Бәрі біткен соң Николайды үйге әкеліп тастаған полицейлер маған «бір түсінбестік болып қалды, ешкімге ештеңе айтпаңыз, ешқайда шағымданбаңыз, бәрін анықтадық» деп кешірім сұрап, кетіп қалды, - дейді Любовь Битнер Азаттық тілшісіне.
Бірақ Николай анасы екеуі алдын ала медициналық сараптамадан өтіп, тиісті органдарға жүгінген. Кейін медициналық тексеруден өту үшін жәбірленушіні Астанаға жіберген. Қазір ол сонда.
Николай «Нұра аудандық ішкі істер басқарамасы полицейлері біреудің ұрлығын бұрын істі болғаным үшін менің мойныма ілмек болды» деп болжайды. Ақпарат құралдарына берген комментарийлерінде полицейлер жәбірленуші Синявиннің «адам тонап, қарақшылықпен айналысқанын, бұзақылығы үшін бұрын бірнеше мәрте сотталғанын» айтқан. Ол бұрын үш рет сотталған - екі рет шартты жазаға кесілген, бір рет жазасын түрмеде өтеп шыққан.
Былтыр автомобиль апатына ұшырап, бел омыртқасы сынып, мүгедек болып қалған Николай толық сауығып үлгерместен ауруханаға қайта түскен. Қазір ол балдақпен жүреді.
Синявин «мені азаптаған полицейлер қылмыстық жауапқа тартылуы керек» дейді. Оның айтуынша, қыркүйектің 15-і күні прокуратура тергеушісі телефон соғып, Астанаға келуін өтінген. Қазір Николай түсінік беру үшін Астанада жүр.
«АЗАПТАУ» БАБЫ БОЙЫНША ТЕКСЕРУ
Николай Синявинның прокуратураға жолдаған арызына сәйкес «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оны Қарағанды облысының арнайы прокуратурасы тексеріп жатыр.
Облыстық прокуратураның Азаттық тілшісіне хабарлауынша, әзірше ешкімге айып тағылмаған. Қазір алдын ала тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Арнайы прокуратураның бұл істі жүргізіп жатқан тергеушісімен хабарласу мүмкін болмады. Азаттық тілшісіне оның іссапарда екенін айтты.
- Жәбірленушінің уәждерін тексеру және бұл іске қатысты жайттарды анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр, - дейді прокуратура қызметкерлері.
Жәбірленушінің уәждерін тексеру және бұл іске қатысты жайттарды анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр.
Ал облыстық ішкі істер департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы бұл іске қатысы бар полицейлердің әрекетіне жеке қызметтік тексеру жүргізіп жатыр.
Ахмет ауылы Қарағанды қаласынан 200 шақырымдай жерде орналасқан. Ауыл тұрғындары көбінесе мал шаруашылығымен айналысады, бидай, картоп өсіреді. Тұрғындардың айтуынша, қазір кенттің жағдайы түзелген, көптеген тұрғын үй салынған, бұрынғы совхоздар мен жоспарлы экономиканың қайта оралуынан күдер үзген халықтың көбі мал-құс ұстап, күн көреді.