«Адамы құқығы хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетованың бастамасымен ұйымдастырылған жиынға елдің бас прокуроры Жақып Асанов, конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов, президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Талғат Донақов, ЕҚЫҰ бағдарламаларының Астанадағы кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо және парламенттің қос палатасының депутаттары мен жоғарғы сот өкілдері қатысты. Сарапшылар қауымы атынан құқық қорғаушы Евгений Жовтис, адвокат Александр Розенцвайг, адвокат Виталий Воронов және өзге заңгерлер мен салалық сарапшылар қатысты.
«ҰЙҚЫДАҒЫ» БАПТАР
Жиында әуелі парламент мәжілісінің заңдар және сот-құқық реформасы комитеті төрағасы Нұрлан Әбдіров баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, конституцияға енгізу үшін ұсынылған жаңа түзетулер «атқарушы және заң шығарушы биліктің арасындағы қарым-қатынасты бүтіндей өзгертеді». Әбдіровтің пікірінше, өзгерістер енгізілген жағдайда конституцияның 61-бабы көп нәрсені өзгертеді, мысалы президентті заң күші бар жарлықтар шығару құқығынан айырып, оның құзырында парламенттің ағымдық сессиясында қандай заң жобаларын қарауды ғана белгілейтін өкілеттікті қалдырады.
– Меніңше, бұл заң шығару функциясын атқаратын парламенттің жоғарғы өкілетті орган ретіндегі Status quo мәртебесін қалпына келтіріп, нығайтуға септеседі. Бұған қоса, билік тармақтарының арасында25 жылда қалыптасқан өзара әрекеттестік жүйесі бар. Сондықтанмына түзетулер – дер кезінде қабылданатын әрі қисынды шаралар, – дейді Нұрлан Әбдіров.
Бұдан бөлек, заңдар комитетінің төрағасы 57-бапты өзгерту жоспарына жеке тоқталды. Бұл бап бойынша, енді парламент депутаттарына парламентте берген есеп қорытындылары бойынша үкімет мүшесі ел заңдарын орындамайтын сияқты болып көрінсе, олар кез-келген министрді үштен екі дауыспен отставкаға жібере алады (ал президент шенеунікті орнынан босату туралы құжатқа қол қоюға міндетті болады). Қазір президент парламенттің бұл талабын орындаудан бас тарта алады, ал депутаттар отставкаға жіберу мәселесіне алты айдан кейін ғана қайта орала алады. Нұрлан Әбдіров қазір бұл «ұйқыдағы» бап, ал оны өзгерту министрліктерге «ықпал етудің мықты тұтқасына» айналады деп санайды.
«ҰЙЫҚТАМАЙТЫН» ЗАҢГЕРЛЕР
Конституциялық реформаға қатысты пайымдарын айтқан Қазақстандағы адам құқығы бюросы директоры Евгений Жовтис «ақыры реті келіп тұр екен, сондықтан конституцияның кей баптарын Қазақстан 1995 жылдан қазірге дейін ратификациялаған кей халықаралық құжаттарға сәйкестендіру қажет» деп мәлімдеді. Жовтистің сөзінше, мұндай өзгерістерді енгізу заңды, өйткені қоғамды шулатқан 26-бап халықаралық келісім-шарттарға сәйкес өзгертілмек деп мәлімделген.
– 26-бапта «Қазақстан Республикасының азаматы» немесе «әркім» деген сөздерді пайдалануға қатысты пікірталастың тууы маған біршама жасанды көрінеді. Өйткені екінші бөлімде құқықтар толып жатыр, ал жеке меншікке қатысты құқық – солардың бірі ғана. Біз 26-баптағы «әркім» сөзі сияқты өзгерістерді 23 және 32-баптарға да енгізуді ұсынамыз. Өйткені бейбіт жиын ұйымдастырып, өткізуге әркімнің құқығы бар. Ал шетелдік азаматтарға арналған көптеген шектеулер 12-бапта жан-жақты сипатталған, – деп мәлімдеді Евгений Жовтис.
Бұдан кейін Евгений Жовтис конституцияның 5-бабының «таптық араздыққа» жол бермеу деген бөліміндегі «таптық» деген ұғымды алып тастауды ұсынды. Заңгердің пікірінше, таптар – өткен ғасырдың басында жоғалған «архаика», ал қазір оның орнына «әлеуметтік топтар» немесе «кедейлік пен байлық сияқты [әділ] анықтау өте қиын жағдай» деген тіркесті қолдануға тырысып жүр. Бұдан бөлек Жовтис «араздық» деген ұғымның да аясын тарылтуды ұсынады, өйткені қазір бұл ұғым оны кең тұрғыда түсінуге мүмкіндік беріп, қилы шектеулер мен қылмыстық тыйымдарды көбейтеді.
Оның орнына заңгер бүкіл әлем қолданатын «өшпенділік» және «жек көрушілік» сөздерін пайдалануды ұсынды.
Бұдан кейін Евгений Жовтис конституцияның ар-ұждан еркіндігі туралы (дін еркіндігіне дейін болған) айтылған 22-бабына қатысты ұғымды кеңейтуді және азаматтардың құқықтары мен еркіндіктері қандай жағдайда шектелуі мүмкін екенін ашып жазуды ұсынды.
Арасында кофе-брейкке үзіліс жарияланған отырыстың бірінші бөлімінде пікірталас болған жоқ. Пікірталастың қызбауына отырысқа қатысушылардың жоспарланған түзетулерден өзгешеленетін ұсыныстарының жазбаша түрде түскен бөлігі жиында оқылмауы да себеп болды. Бірақ бір жағынан мұның себебін шақырылған сарапшылардың әрқайсысы өзін толғандырған мәселеге қатысты ғана пікір айтуымен түсіндіруге де болады.
26-БАПТЫ ҚОЛДАНУДЫ КЕҢЕЙТУ ЖӘНЕ АДВОКАТТЫҚ ДАУ
Жиынның екінші бөлімінде негізгі екі сәтті бөліп айтуға болады. Алматы заң корпорациясынын жетекші сарапшы-кеңесшісі, Қазақстан жоғарғы кеңесінің экс-депутаты Александр Перегрин конституцияның өзгерту жоспарланған 26-бабына қайта оралды. Заңгер Қазақстанда жеке меншікке ие бола алатын адамдардың тізімін қазіргіден де ұлғайтуды ұсынды.
Өкінішке қарай, «әркім» сөзі заңды тұлғаларды қамтымайды. Ал Қазақстанда жеке меншіктің негізгі бөлігі солардың қолында шоғырланған.
– 26-бап жеке меншікке қатысты қосымша кепілдіктер беру үшін қабылданғалы жатқаны түсінікті. Бірақ өкінішке қарай, «әркім» сөзі заңды тұлғаларды қамтымайды. Ал Қазақстанда жеке меншіктің негізгі бөлігі солардың қолында шоғырланған. «Әркім» сөзі шетелдік заңды тұлғалар мен шетелдік азаматтарды қорғамайды. Сондықтан мемлекеттік меншік пен жеке меншікті тең дәрежеде қорғау принципі қарастырылған 6-бапта бұл принциптің Қазақстандағы құқыққа ие барлық тұлғаларға қатысты екенін анықтап көрсеткен жөн шығар. Сол кезде 26-баптағы конституциялық кепілдіктер автоматты түрде заңды тұлғаларға да қатысты болып шығар еді, – деп мәлімдеді Александр Перегрин.
Жиын соңына қарай конституциялық реформаға емес, адвокаттардың құқығына қатысты дау туды. Жоғарғы соттың былтыр желтоқсанның аяғында жарияланған №14 нормативті қаулысына сәйкес, қорғауындағы клиентіне дем беріп, оның қылмысын жасырғаны үшін адвокаттарды сотқа тарту жағдайлары көбейген. Жоғарғы сот бұдан адвокаттардың құқығы бұзылмайды деп ресми жауап берген, бірақ жұртқа танымал кей адвокаттар енді адвокаттарға «жасырын тыңдау» әдісін қолдануға, ал өздерін оңай «қармаққа» түсіруге және өз клиенттерінің үстінен сөз тасуға мәжбүрлеуге болады деп санайды.
Александр Розенцвайгтің мәлімдеуінше, адвокаттар күш құрылымдары мен сот тарапынан күшейген қысым ғана емес, соттарда гаджетті пайдалануға тыйым салудың кесірінен де қиналып жүр. Қазір құжаттардың дені (оның ішінде көп томдық істер) электронды түрде жүргізілетіндіктен әлгі тыйым олардың жұмысын мүлде қиындатып жіберген. Қазақстан жоғарғы соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментіне қарасты талдау және жоспарлау бөлімі меңгерушісі Ләйла Жақаеваның шамына дәл осы сөз тиді.
Жеке заттарымызды неге тексертуіміз керек деп әуелі біз де қарсы болғанбыз. Бірақ қазір үйрендік. Өзім әлгі ережелердің арқасында iPhone-ға тәуелділіктен арылдым.
– [Соттарда] жеке заттарымызды неліктен тексертуіміз керек деп әуелгіде біз де қарсы болғанбыз. Бірақ қазір үйрендік. Ал өзім әлгі ережелердің арқасында iPhone-ға тәуелділіктен арылдым. Дұп-дұрыс ережелер. Ал адвокаттарды сот өндірісіне жіберуге қатысты айтар болсақ, бұл жағынан оған ешқандай шектеу жоқ. Әлемдік практикадан мысал келтірейін: Америка соттарында аудио және видео жазуға тыйым салынатыны, ол жақта процестен сурет салу бізге қалыпты жағдай көрінеді ғой. Ал бізде видео жазылады. Оны кез-келген уақытта сұратуыңызға болады, – деп мәлімдеді Ләйла Жақаева.
Жұртты шулатқан әлгі нормативті қаулы болашақта адвокаттарды қудалауға негіз болады деген қауіпке қатысты Лейла Жақаева жоғарғы соттың бұл нормасы «пайдалы», өйткені адвокат бірінші кезекте терроризм немесе экстремизм актісі дайындалып жатқаны туралы хабарлауы тиіс деп мәлімдеді (әлгі қаулы дәл осы үшін қабылданған деген уәж айтылған). Жақаева талқылау үшін қаулы интернетте «бір айдай» ілулі тұрғанын айтты. Бірақадвокаттар қауымы «бізге бір де бір ескерту немесе ұсыныс жолдаған жоқ» әрі «өкінішке қарай, бізбен тіке емес, Facebook арқылы жұмыс істейді» деді.
Александр Розенцвайг бұған жауап ретінде бұл «құр сылтау» және «адвокаттарға қарсы қатал шаралар» қарастырылған нормативті қаулы заңға сәйкес емес, өйткені ол адвокаттарға қатысты «жедел-іздеу шараларын жүргізуге рұқсат береді әрі бұл дәлелдеудің жалғыз жолы болады» деп мәлімдеді.
Сотқа адвокаттардың телефондары мен флешкаларын кіргізуге тыйым салу қауіпсіздік мәселелеріне емес, «ақпаратты шектеуге» қатысты деп мәлімдеген Евгений Жовтис те Александр Розенцвайгті қолдады. Жиынның өзге қатысушылары пікірталасқа араласқан жоқ.
Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаңтардың аяғында тікелей эфирде ұсынған конституцияны реформалауды «бүкілхалықтық талқылау» ақпанның 26-сында аяқталады. Одан кейін жиналған ұсыныстар жұмыс тобына жолданып, пысықталып, сосын президентке ұсынылуы тиіс. Конституция бойынша президенттің 40-қа жуық өкілеттігін үкімет пен парламентке беру жоспарланған.