Парламент депутаты Айгүл Соловьеваның сөзінше, «2014 жылы коррупциялық сипаттағы қылмыс динамикасы сәл ғана кемігені байқалған».
Айгүл Соловьева маусымның 2-сі күні Астанада өткен брифингте: «Меніңше, мұндай қылмыстарға қазір көбірек назар аударылып, көбірек ашыла бастағандықтан, жағдай онша қорқынышты емес, бірақ аймақ деңгейінде өте көп қылмыс жасалады» деді.
Депутаттың айтуынша, бұл қылмыстар көбінесе жер, баспана бөлу, шағын және орта бизнеске несие бөлу кезінде жасалады.
Айгүл Соловьева парақорлықпен күресу үшін ел заңдарына «кіріс қана емес, шығындарды да жаппай декларациялау институтын енгізу, мүдделер қайшылығына қатысты типтік жағдайлар мен оларды шешу және жол бермеу амалдарының тізімін құру» сияқты өзгерістер енгізіліп жатыр, ал кейін электронды мемлекеттік қызмет тізімін кеңейту жоспарланғанын айтты.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев та жемқорлықты тыюға жиі шақырады. Ол «парамен ұсталса, ешкімге рақымшылық болмайтынын» талай ескерткен.
Бірақ Қазақстанда коррупциялық қылмыс жасағандардың бостандықта қалу мүмкіндігі қарастырылған. Қазір парақорларды түрме кесудің орнына, ірі айыппұл салады. Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл әдіс – парақорлықпен күрестің анағұрлым тиімді әдісі.
Өткен айда Орал қаласында облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті бұрынғы бастығы Жексенғали Серікопов бірнеше мәрте пара алғаны үшін сотталды. Сот 62 жастағы шенеунікке 43 миллион теңгеге жуық айыппұл салу туралы үкім шығарды. Ол бөлмелерді жалға беру келісім-шарттарын ұзартқаны үшін кәсіпкерлерден пара бопсалаған. Жалпы пара сомасы 610 мың теңгені құраған. Сотта шенеунік кінәсін «мойындап, ісіне өкінетінін» мәлімдеген.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, оның үйін тінту кезінде және банктегі есеп-шоттарынан 30 миллион теңге шамасында ақша табылған. Сот ол ақшаның жартысын сотталушының жұбайына қалдырып, қалғанын мемлекет кірісіне тәркілеген. Егер пара алғаны үшін салынған айыппұлды төлемесе, сот Серікоповты түрмеге жабатынын ескертті.
Биыл ақпанда Астана қалалық соты табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы Мұрат Оспановқа көлемі 1 миллиард теңгеден асатын айыппұл төлету туралы қаулы шығарған. Оны да «коррупциялық қылмыс жасады» деп айыптаған. Астана қалалық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, айыппұл төлеу туралы сот қаулысы биыл сәуірдің 13-і күні күшіне енген. Мұрат Оспанов алты ай ішінде осы айыппұлды төлеуі тиіс немесе бостандығынан айырылады.
Американың Heritage Foundation ұйымы мен The Wall Street Journal басылымының «2015 жылғы экономикалық еркіндік индексі» деген соңғы есебінде Қазақстанда бүкіл саланы жемқорлық жайлағаны айтылған. Есепте «Қазақстанда әлеуметтік қызмет, құқық қорғау ведомстволары және экономиканың барлық саласын коррупция жайлап алған, атқарушы билікке тәуелді соттар жеке меншік құқын тиімді қорғауға қауқарсыз» деп жазылған.
Экономикалық еркіндік индексінде Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда бірнеше орынға кері кетіп, 69-орынды иеленген.