Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Үтіртөбе ауылының тұрғындары биыл 840 гектар егіндік жердің 200 гектарға жуығына ғана мақта еккен. Ауыл тұрғындары мұны мақта бағасының арзандығымен, ала жаздай еткен еңбектері күзде мүлде ақталмайтынымен түсіндіреді.
«ӨНІМ ЖИНАҒАН СОҢ ҚАРЫЗҒА БАТАМЫН»
Үтіртөбе ауылының тұрғыны, 17 жылдан бері мақта егумен айналысатын Тұрлыбай Жұрымбетов биыл 10 гектар жерге мақта егіп, одан 20 тонна өнім алған.
Көктемде жерді 100 мың теңгеге айдаттық. Тағы 100 мың теңгеге шитті мақта ектік. 10 гектар жерге 7 тонна солярка кетті. Бір литр солярканы 115 теңгеден сатып алдық. Ауылда мақта теретін адам жоқ. Итшілеп жүріп бір гектар жерді комбайнға 27 мың теңгеге тергіздім. Ал өнімнің түрі – мынау, − дейді диқан.
Мақта өңдеуші зауыттар 1 килограмм мақтаны 80 теңгеден алып жатқанын айтқан Тұрлыбай Жұрымбетов «мақтаның килосын 120 теңгеден сатса ғана диқандардың еңбегі ақталады» деп біледі.
– Мәселен, биыл еккен мақтаны бір тердім де қойдым. Екінші терімде 10 гектар жерден 3-4 тонна мақта алуым мүмкін. 3 тонна мақта 80 теңгеден 240 мың теңге болады. Оны комбайнға гектарына 27 мың теңге төлеп, жиыны 270 мың теңгеге тергіземін. Сонда мен 30 мың теңгеге қарызға батамын, − дейді Тұрлыбай Жұрымбетов.
«ДИҚАН ЕҢБЕГІН АҚТАЙТЫН БАҒА»
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев мақтаралдық диқан Тұрлыбай Жұрымбетовтің пікірімен келіспейді. Билік өкілінің айтуынша, мақтаның килограмын 80 теңгеден сату – ақылға қонымды баға.
– Диқандар мақтаны мақта өңдеуші компанияларға тапсырады. Бұл компаниялармен әкімдіктің келісім-шарты бар, заңда көрсетілген механизмдері бар. Бұған диқандар да, әкімдік те қарсы емес. Өйткені бұрынғыдай диқандарды езу, қанау деген қазір жоқ. Қазір диқандардың еңбегін ақтайтын ақылға қонымды баға белгіленген. Мақта өңдеуші зауыттар диқандардан мақтаның килограмын 80 теңгеден сатып алып жатыр, − дейді Сапарбек Тұяқбаев.
Оның сөзінше, облыс әкімдігі аймақта текстиль кластерін дамытып, жергілікті мақтаны пайдалану мақсатында 19 компаниямен бірлесіп жоба жасаған, оның жетеуі іске қосылған.
Облыстық әкімшілікпен әріптестік орнатқан сондай компаниялардың бірінің – түркиялық «Шамрок» текстиль корпорациясының басшысы Хасан Турхан сол өңірдің мақтасын жергілікті биліктің талаптарына байланысты сатып алып жатқандарын растады.
– Жалпы, бізге өзге елдерден тасымалдағаннан гөрі жергілікті шикізатты пайдаланған тиімді. Шикізаттың бағасы Ливерпуль биржасына байланысты. Мәселен, қазір биржа бағасы бойынша бір килограмм мақтаның құны 270 теңгеден асады, − дейді Хасан Турхан.
Қазақстанда өндірілген мақтаның сапасы орташа екенін айтқан шетелдік кәсіпкер ондағы өнім тапшы болса, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан да тасымалдамақ.
Мақта Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара, Түркістан, Сайрам және Ордабасы аудандарында егіледі. Облыс әкімшілігі жылына 350-360 мың тонна мақта жинап, 120 мың тоннадай мақта талшығын өндіретін аймақта биыл жаңбырлы маусым кесірінен бұл көрсеткіш төмендеуі де мүмкін екенін айтады.
Азаттықтың Орталық Азия елдеріндегі тілшілері түсірген «Мақта терімі» репортажы (орыс тілінде):