«Тыйым салынған экстремистік ұйымға мүше болды» деп айыпталған бес адамның бірі, 32 жастағы Халымбахи Халымды судья Ұмсын Мұқанғалиева қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-тармағы (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) және 405-бабының 1 тармағы (экстремистік топтардың қызметiне тыйым салу туралы сот шешiмi бола тұра, оларды ұйымдастыру) бойынша айыпты деп тауып, екі жыл алты айға соттады.
Қалған айыпталушылар Болатбек Қожагелдинов (39 жаста), Құбайдолла Төлебаев (54), Ерболат Омарбеков (45) және Нұржан Нұрәділовтың (36 жас) әрқайсысы 405-баптың 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Сот үкімін оқыған судья Халымбахи Халымның қандай жағдайда «алауызық тудырғанын» баяндаған жоқ. Сотталғандардың барлығы жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтейтіні айтылды. Сот үкімі оқылып біткенде сотталушының бірі «Алхамдулиллах» деп Құдайға алғыс білдірді. Ал сот отырысына келген оншақты әйел дауыстап жылап жіберді.
СОТТАЛУШЫЛАРДЫҢ МОЙЫНДАУ СӨЗДЕРІ
Сотталушылар былтырғы қыркүйек айында, қамауға алынбас бұрын, «Таблиғи Жамағатқа» экстремистік ұйым ретінде тыйым салынғаны жайлы қауіпсіздік қызметкерлерінен ескерту алғандарын» растады.
Моңғолияның Баян-Өлгий аумағында туған Халымбахи Халым үкім алдындағы соңғы сөзінде (ақпанның 17-сі – ред.) кәмелет жасына жетпеген үш баласы бар екенін, «дін жолында адам баласына жамандық жасамағанын», «Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері көрсеткен кемшіліктерді түсінгенін, кінәсін толық мойындағанын ескеріп, бас бостандығын айырмайтын жаза» сұраған болатын. Бірақ ол өзіне қосымша тағылған «алауыздық тудыру» айыбымен келіспейтінін мәлімдеді.
Ал Болатбек Қожагелдинов «Құдайдың осындай сот бергеніне, осындай прокурор бергеніне, елімізде осындай [қауіпсіздік] жұмыстары жасалып жатқанына шүкір айтты. Ол «Осында отырған адамдарға бақыт тілеймін, бізді кешіріп қойыңыздар» деді.
Соңғы сөз алғанда өзін «тарихшы» ретінде таныстырған Ерболат Омарбеков «Таблиғ» («Таблиғи жамағат» ұйымын айтады – ред.) жұмысын біз дұрыс деп істедік. Патриот болған соң істедік, беріліп, шынайы істедік. 2007, 2008 жылдары Индияға адам жібердік, «Таблиғ» дұрыс па білсін деп. Олар мұның пайда жағын айтып келген соң істедік. Біздің «үкіметке қарсы шықпа» деген принципіміз бар. Біз бірақ социальный (әлеуметтік - ред.) экстремизмді мойындаймыз. Семьяға нұқсан келетін жақтарын айтты, біз сол жағынан кінәліміз» деп мәлімдеді.
Қалған сотталушылар да «тағылған кінәларды толық мойындағандарын, басқа адамдарға, семьяларға зиян келтіреміз деп ойламағандарын» айтты. Сотталушының бірі «Бізге ҰҚК кейбір семьялардың қараусыз қалып (отағасы кетіп қалғанын айтады – ред.), қиындықтар туғанын, оның социальный экстремизмге жататынын айтты, біз өзіміздің әрекетімізді содан бастап түсіндік» деді.
«ӘДІЛЕТСІЗ ҮКІМ» МЕН «АЛДАП ҚОЛ ҚОЙҒЫЗУ»
Ал бүгін сот үкімі оқылып, сотталушылардың қолдарына кісен тағылып, оларды қарулы жасақ залдан алып шыққан сәтте бастарына орамал таққан, ұзын етек көйлек киген әйелдер «алдап қол қойғызып алды ғой...», «алдап кетті ғой...» деп дауыстап жылай бастады. Сот қызметкерлері оларды залдан тез шығарып жіберді. Сыртқа шыққан соң оншақты әйел біріне-бірі басу айтып жатты.
Соттағы мемлекеттік айыптаушы, Халымбахи Халымды бес жылға, қалған айыпталушыларды төрт жылға соттауды сұраған Астана қалалық прокуроры Серік Есжанов тағылған айыптар мен сот үкіміне қатысты пікірін тек ресми хат арқылы беретінін айтып, Азаттық тілшісінің сұрағына жауап бермеді. Ал Халымбахи Халымның адвокаты Мұхамед Ахметов «сот ең төменгі жаза мерзімін кескенін, сондықтан апелляциялық шағымды ойланып барып беру керек екенін» айтты.
- Бес күн ішінде үкім көшірмесін аламыз. Содан кейін қорғауымдағы адаммен ақылдасып, не істейтінімізді шешеміз. Былай айтқанда ең төменгі жазаны берді - ойлану керек, - деді қорғаушы.
Ал үкімді естіген сәтте «алдап соттады» деген пікірлерін дауыстап айтқан сотталушылардың жақындары Азаттық тілшісіне «енді ештеңе айтпайтындарын» мәлімдеді. Тек аты-жөнін айтудан бас тартқан шоқша сақалды жігіт ағасы «Алланның тура жолына шақырған жігіттер сотталып кетті. Сот үкіміне қарсымын» деп мәлімдеді.
Олар ешкімге жамандық жасамаған, ешқандай агрессия көрсетпеген.
Ал өзін сотталғандардың «жерлесі әрі жолдасы» ретінде таныстырған Қайрат Дүйсенбаев:
- Үкім әділетсіз шықты. Судья да, айып тағушылар да бір күні қатесін түсініп, өкінеді. Жігіттерді бірнеше жыл танимын. Ешқайсысы бұрын сотталмаған, - деді. Оның сөзінше, «елдегі діни жағдайға сотталғандар кінәлі емес» және «олар ешкімге жамандық жасамаған, ешқандай агрессия көрсетпеген».
Астана соты 2013 жылдың ақпанында "Таблиғи Жамағат" діни ұйымын экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Қазақстан билігі 1926 жылы Үндістанда құрылған «Таблиғи Жамағат» ұйымының басты мақсаты Қазақстан сияқты елдердің бірінің территориясында халифат құру деп санайды.
Оқи отырыңыз: «Қысым күшейген сайын радикалдану арта береді»
Экстремистік не террористік ұйымдар ретінде қызметтеріне тыйым салынған діни топтар тізімін үкімет сайтынан табуға болады. Бірақ онда «Таблиғи Жамағат» ұйымына сипаттама берілмеген. «Шығыс Қазақстан облысы дін істері басқармасы мемлекеттік мекемесінің» сайтында бұл ұйым туралы «сарапшылар пікірінше, ұйым исламның жиһадшылар идеологиясынан айырмашылығы шамалы нұсқасын ұстанады» деген ақпарат жазылған.
Қазақстанда ұйым өкілдері қудаланып жатқанына бірнеше жыл болды. Топтың ондаған өкілі Қазақстан колонияларында жаза өтеп жатыр. Ал АҚШ, Батыс елдері, халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстанның «діни сенім еркіндігіне қысым жасап отырғанын» сынайды.