Accessibility links

Әскери сот Маерманов пен Шейнкманды 11 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды


Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары болған генерал-лейтенант Қажымұрат Маерманов. (Сурет министрліктің сайтынан алынды)
Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары болған генерал-лейтенант Қажымұрат Маерманов. (Сурет министрліктің сайтынан алынды)

Қазақстандық генерал-лейтенант Қажымұрат Маерманов пен израилдік Борис Шейнкман 11 жылға сотталды. Сәрсенбі күні Астанадағы әскери сот оларды сыбайласқан жемқорлық қылмыстары бойынша айыпты деп тапты.

ЖАБЫҚ СОТТЫҢ ЖАРТЫЛАЙ ЖАРИЯ ҮКІМІ

24 ақпан күні Ақмола гарнизонының әскери соты Қазақстанның бұрынғы қорғаныс вице-министрі генерал-лейтенант Қажымұрат Маерманов пен Израиль азаматы Борис Шейнкманға қарсы қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.

Әскери прокуратура таратқан ресми ақпаратта Маерманов пен Шейнкман 11 жылға бас бостандығынан айрылды деп жазылған.

Генерал-лейтенант Маерманов «сыбайласқан жемқорлық, билікті теріс пиғылда пайдалану, пара алу және қызмет бабын асыра пайдалану» қылмыстарын жасады деп айыпталды. Ал израилдік Шейнкман алаяқтық жасады және пара берді деп жазаланды.

Ресми ақпаратта осы іске қатысты тағы бір офицердің сотталғаны айтылған. «Маерманов және Шейнкманмен бірге, билікті теріс пиғылда пайдалану және қызмет бабын асыра пайдалану қылмыстары бойынша Қазақстан Қарулы күштерінің артиллерия және зымырандық әскердің бұрынғы қолбасшысы Е. Жартынов 7 жылға бас бостандығынан және әскери шенінен айрылды» деп хабарланды.

Бұған қоса бұрынғы вице-министр де әскери шені мен мемлекеттік наградаларынан айрылуы мүмкін. Әскери сот Қазақстан президентінің атына осындай ұсыныс түсіріп отыр. Сот шешімі бойынша, жазаланушылардың барлығының да мүлкі тәркіленеді.

Айта кетерлік жайт, әскери прокуратура үкімінің заңдық күшіне қашан енетіндігі, сондай-ақ сотталғандарға жалпы, қатаң немесе ерекше режимнің қайсысы қолданылатындығы, нақты қай колонияға жіберілетіндігі туралы хабарламады.

Сонымен бірге, жазаланушылардың гарнизон шешімімен келісер-келіспестігі, бұған қоса үкім шығарған судьяның аты-жөні де белгісіз қалып отыр.

ІСТІҢ ИЗРАИЛДІК ТАМЫРЫ

Маермановты 2009 жылы сәуірде ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстады. Сол кезде ҰҚК Маермановтың Қазақстанға израилдік әскери кәсіпорынының мүддесін көздеп келген Борис Шейнкманның ісі бойынша ұсталып, Израилмен 2006 жылы жасалған қару-жарақ келісіміне қатысты заң бұзушылықтарға байланысты қамауға алынды деп хабарлаған еді.

Атап айтқанда, генерал-лейтенант Маерманов реактивті қаруды сатып алу және артиллериялық жүйелерді жетілдіруге қатысты израилдік фирмалармен бірқатар келісімшарт жасау кезінде өз өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікпен ұсталған-ды.

Қылмыстық іс қорғаныс министрлігінің 82 миллион доллар сомасындағы бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны жайлы Есеп комитетінің жасаған материалдары негізінде қозғалған. Тергеудің анықтағанындай, келісімшарттар 2006 жылдан бастап қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Қажымұрат Маермановтың тікелей жетекшілігімен жасалынған.

ҰҚК ол келісімшарттар бойынша үш артиллериялық жүйені сатып алуға 190 миллион доллар жұмсалғанын айтады.Тергеушілер мұны әдейі қымбат бағамен көрсетілген деп санайды.

Әскери сот қылмыстық істі 2009 жылы қарашада қарауды бастаған болатын.
XS
SM
MD
LG