Accessibility links

Қозы-Көрпеш Кәрібозов кеден басшысы қызметінен алынды


Қазақстан кеден қызметінің бұрынғы басшысы Қозы-Көрпеш Кәрібозов. Қазақстан қаржы министрлігінің ресми сайтындағы сурет.
Қазақстан кеден қызметінің бұрынғы басшысы Қозы-Көрпеш Кәрібозов. Қазақстан қаржы министрлігінің ресми сайтындағы сурет.

Қаржы полициясы кеденге қатысты арнайы шаралар өткізіп, бірнеше лауазымды шенеунікті қамаған соң көп ұзамай Қазақстан кеден қызметінің басшысы Қозы-Көрпеш Кәрібозов қызметінен алынып, орнына бұрынғы ішкі істер министрі тағайындалды.

Қазақстан қаржы министрлігі кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрібозов қызметінен босатылғаны туралы мамырдың 6-сы күні Twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парағында Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов хабарлады.

«Кедендік бақылау комитеті төрағасы қызметінен К.Кәрібозовты босатып, Серік Баймағанбетовты тағайындау туралы қаулыға қол қойдым» деп жазды Мәсімов интернеттегі жеке блогында.

Осыдан бірнеше күн бұрын Қазақстан қаржы полициясы Қытаймен шекаралас территорияда кеденнен тауарларды контрабандалық әдіспен тасымалдаумен айналысқан деген күдікпен бір топ адамның қолға түскені туралы мәлімдегенін Азаттық радиосы хабарлаған.

Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбайдың айтуынша, «Қорғас» және «Қалжат» кеден бекеттерінде жүргізілген арнайы шаралар нәтижесінде қылмыстық топтың 100-ден аса мүшесі анықталған.

Оның сөзінше, апта сайын «Қорғас» және «Қалжат» кеден бекеттері арқылы контрабандалық жүк тиеген 100-ден 200-ге дейін машина өтіп отырған.

Қамауға алынғандардың арасында Ақмола облысы ҰҚК департаменті бастығының орынбасары Бақытбек Құрманәлиев, «Қорғас» кеден бекетінің басшысы Айдаров бар деп хабарланды. Сонымен бірге Алматы облыстық кедендік бақылау департаменті бастығы Құрманбек Артықбаевқа қылмыстық іздеу жарияланды.

Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Қозы-Көрпеш Кәрібозовтың ұсталғанын хабарлағанымен, әзірге ресми орындардан ол ақпаратты растайтын немесе жоққа шығаратын жауап берілген жоқ.

Қозы-Көрпеш Кәрібозовтың орнына тағайындалған 52 жастағы Серік Баймағанбетов биылғы сәуір айына дейін Қазақстан ішкі істер министрі болып жұмыс істеген.

Бұл оқиғаны бірқатар сарапшылар «коррупциямен күрестің айқын көрінісі» десе, саясаттанушы Досым Сәтпаев бұған сенбейді. Оның ойынша, бұл - «соңғы уақытта біршама күшейген «оңтүстік топты» әлсіретудің бір жолы».

– Бұл топқа кеден комитетінің экс-төрағасы кіретін. Бұл топ соңғы кадрлық ауыс-түйіс кезінде де, президенттің іс басқарушысы Сарыбай Қалмырзаев орнынан алынып тасталғанда да біршама әлсіреп қалған еді. Бұдан бөлек, Жоғарғы сот төрағасы да отставкіге кеткен еді. Осылайша «оңтүстік топтың» беделді өкілдері уақытша «ойынан шығып» қалды, - дейді Досым Сәтпаев.

Саясаттанушы бұл өзгерістер кеден деген «майлы шелпекке» талас болуы да ықтимал немесе Кедендік одаққа мүше Ресей мен Беларусь тарапынан айтылған сынға орай Қазақстанның ең болмағанда «контрабандамен белсенді күресіп» жатқанын көрсеткен әрекеті болуы да мүмкін деген болжамдарын қоса айтады.
XS
SM
MD
LG