Алматы тұрғыны Гүлайым Мақашева Азаттық тілшісіне «шілденің 4-і күні таңертең үйіне бір топ полицей келіп, өзін алып кеткенін» айтады.
- Таңертең он шақты полицей келіп, үйді тінтті. Тінтуге рұқсат беретін ордерлері, прокурор санкциясы, өздерімен ерте келген куәгерлері (понятой) болды. Мен олардың әрекетін телефоныма түсіре бастап едім, тартып алды. Компьютердің процессоры мен телефонымды тәркіледі. Ал мені ішкі істер департаментіне алып кетті, - деді Гүлайым.
«21.05» ТОБЫ МЕН «МЕМЛЕКЕТТІК ТӨҢКЕРІС»
Ішкі істер департаментінде қаулымен танысқан Гүлайым, өзіне «қылмыстық кодекстің 272-бабы 3-тармағы бойынша айып тағылғанын білгенін» айтады. Ол сол күні өзі танитын тағы үш адамның ұсталғанын да естіген.
- Мамырдың 21-і күні жер мәселесіне қатысты наразылық білдірген бір топ азаматты Алматының Алатау аудандық полиция бөлімшесіне апарған. Арасында мен де болдым. Сол жерде бір топ қыз-жігіттермен танысып, «өзара хабарласып тұрамыз» деп телефон нөмерлерімізді жазып алдық. Кейінен WhatsApp арқылы «21.05» атты топ құрдық. Топта өзара хабар алмасып, билікті де сынап, қоғамдағы жағдайларға қатысты ойларымызды жазып отырдық. Тергеушілердің айтуынша, олар осы біздің чатты оқыған, қайдан екені белгісіз, соның негізінде бізді «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болдыңдар» деп айыптап отыр, - дейді Гүлайым Мақашева.
Гүлайымның сөзінше, шілденің 4-і күні төрт адамды: өзін, Әйгерім Тілеужанованы, Айгүл Түркпенбаева мен Жандос Қосберековты ұстаған.
- Келесі күн Дәурен және Серік деген екі жігітті ұстады, фамилияларын білмеймін, оларды да сол күні жіберді, - дейді Гүлайым.
ТЕРГЕУГЕ ҚАЙТА ШАҚЫРУ
Белсенділердің айтуынша, «шілденің 4-і күні ұсталған Жандос Қосбереков үш тәулікке қамалып, шілденің 7-сі күні оған қатысты сот санкциясы шығуы тиіс болған». Алайда Алмалы аудандық сотында сағат 11-де өтеді деген сот сол күйі өтпеді. Сотқа барған Азаттық тілшісіне оның туған-туыстары «тергеушілер кепілге ақша қойсаңыздар, Жандосты босатамыз деді» деп, күні бойы Алматы қалалық ішкі істер департаментінде (ІІД) болды. Жандос Қосберековтің қарындасы Нәзира:
- Кепілге ақша қою үшін шотымда бір жарым миллион теңге болуы тиіс екен. Бірақ ондай ақша болмаған соң, автокөлігімді беруге келістім. Құжаттарын, көлігімді және кілтін бердім, бірақ артынан құжаттарды ғана алып қалып, кілт пен көлігімді қайтарып берді. Айтуларынша, көлігім ағам Жандостың ешқайда кетіп қалмауы үшін кепілге алынды, - дейді.
Нәзира шілденің 7-сі күні Азаттық тілшісіне жағдайды осылай баяндағанымен, «ағама кесірі тиіп кетпесінші» деумен болды. Сондықтан Алмалы аудандық прокуратурасы мен қалалық ішкі істер департаментіне хабарласпауымызды өтінді.
- Тергеушінің сөзінше олар маған көмектескісі келеді. Кешке дейін Жандосты шығарамыз деді, - деген еді ол.
Белгілі болғандай Жандос Қосберековты сол күні кешке босатқан. Алайда бүгін, шілденің 8-і күні тергеуге қайта шақыртқан. Жандостың анасы Рысхан:
- Жандос үйде қонды, бірақ бүгін таңертең тергеуші қайта шақыртып алды. Таңертең кеткен әлі хабар жоқ, мен қазір сол жаққа баруға жиналып отырмын,- деді.
ҚАРА ТІЗІМ
Бұл азаматтардан бөлек, шілденің 6-сы күні белсенді Құрал Медеуов пен Бағнұр Бекті де полиция алып кеткен.
- Таңертең тоғыздар шамасында полиция келіп, үйімнен алып кетті. Түстен кейін, сағат төрттерде босатты. «Сендер бізде қара тізімдесіңдер, кез келген уақытта шақыртамыз. Сендер - бұзақысыңдар, тыныш жүрмейсіңдер, тағы шығайын деп жатыр екесіңдер» деді, - дейді Бағнұр Бек.
Алатау аудандық ішкі істер бөлімінде алты сағатқа жуық болған Құрал Медеуов өзін полицияның «ешқандай заңбұзушылық жасамаймын деген мазмұндағы қол хат жаздырып босатқанын» айтты.
ҮНСІЗДІК
Азаттық тілшісі кешелі-бүгін ұсталған белсенділерге қатысты құқыққорғау органдарына хабарласуға тырысқан еді. Алматы ІІД-сі не аудандық прокуратуралардан қандайда бір жауап алу мүмкін болмады.
Телефон тұтқасын көтерген ІІД қызметкері «журналистерге жауап беретін жалғыз адам - баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек жұмыста жоқ, сондықтан ешқандай комментарий бере алмаймыз» деп қысқа қайырды.
Жандос Қосберековтің ісін қарап жатқан тергеуші Нұрбек Өнешбаевты да табу мүмкін болмады. Департаменттің кезекші қызметкері «барлық сұрақтар баспасөз қызметіне» деп телефон тұтқасын қоя салумен болды. Алмалы аудандық прокуратурасы да осы тақілеттес жауаптар айтты.
Сәуірдің 24-і күні Атырау қаласында «жер мәселесіне» қатысты өткен алғашқы ірі шеруден кейін Қазақстанның өзге де бірнеше қаласында көпшіліктің қатысуымен наразылық акциялары өтті. Осы шерулерден соң, мамырдың 5-і күні Қазақстан президенті жер кодексіндегі шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту және құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге сату туралы даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялап, үкімет жанынан жер реформасын қоғаммен талқылайтын комиссия құрылған.
Ал Алматы және басқа қалаларда мамырдың 21-і күні наразылар митингіге шығуға тырысқанымен, көшедегі адамдарды жаппай полиция ұстаған еді. Мамырдың 21-і қарсаңында және сол күні ұсталған белсенділердің ішінде 30-дан астам адам 15 тәулікке қамалған болатын.
Жерге қатысты наразылық акциялары кезінде және одан кейін Қазақстанның түрлі аймағындағы ондаған белсендіге түрлі айып тағылып, қамауға алынды. Макс Боқаев, Талғат Аян, Жанат Есентаев сияқты бірнеше белсенді қылмыстық баптар бойынша әлі қамауда отыр.