Accessibility links

Теңгенің «түбі» көріне ме?


Валюта бағамы көрсетілмеген табло қасынан өтіп бара жатқан әйел. Астана, 17 қыркүйек 2015 жыл.
Валюта бағамы көрсетілмеген табло қасынан өтіп бара жатқан әйел. Астана, 17 қыркүйек 2015 жыл.

Қазақстанда кейбір сарапшылардың «Ұлттық валютаның шексіз құлдырауына жол берген жөн бе?» деген сауалға қатысты пікірі екіге жарылды.

Биылғы тамыз, қыркүйек айларында ұлттық валюта екі мәрте күрт құнсызданып, девальвация жалғасады деген болжамдар тұсында Азаттық экономикалық шолушы Денис Кривошеев пен оппозициялық саясаткер әрі экономист Петр Своиктің елдің қазіргі қаржылық жағдайына қатысты пікірін сұрады.

СИНОНИМ ТЕРМИНДЕР

Денис Кривошеев пен Петр Своик қаржы саласының өзекті процестеріне қатысты қолданылатын кейбір терминдердің мәнін бірдей түсінеді.

Кривошеев пен Своиктің айтуынша, Қазақстан билігі қолданатын «теңгені еркіне жіберу» термині - іс жүзінде ұлттық валюта девальвациясын сөзбен бүркемелеу. Екеуінің пікірінше, «теңгені еркіне жіберу» мен «валюта дәлізінен бас тарту» сөз тіркестері - теңге бағамының күрт құлдырауын білдіретін синонимдер.

Валюта бағамы жазылған электрондық баған қасынан өтіп бара жатқан қыз. Алматы, 14 қыркүйек 2015 жыл.
Валюта бағамы жазылған электрондық баған қасынан өтіп бара жатқан қыз. Алматы, 14 қыркүйек 2015 жыл.

Сарапшылардың айтуынша, билік жиі қайталайтын «ұлттық банктің валюталық интервенциясы» термині теңге бағамын қажет деңгейде (биліктің пайымынша) ұстап тұру үшін мемлекет қаражатын пайдалану дегенді білдіреді. Басқаша айтқанда, «ұлттық банктің валюталық интервенциясы» термині теңге девальвациясын, оны «еркіне жіберуді», яғни теңгенің «тұңғиыққа батуын» жасанды жолмен тежеу дегенді білдіреді.

Сарапшылардың айтуынша, теңге бағамын еркіне жіберу мен ұлттық банктің валюталық интервенциясы -қайшы құбылыстар, яғни билік қазір екі оттың ортасында қалып отыр. Сарапшылар «билік екі кеменің құйрығын ұстай алмайды» дейді.

«ТЕҢГЕНІ ҚҰЛДЫРАТА БЕРУ КЕРЕК»

Экономикалық шолушы Денис Кривошеев теңгенің құлдырауын тежемей, керісінше Қазақстанның ұлттық валютасының еркін «жүзуіне», нақтырақ айтқанда, «тұңғиыққа еркін батуына» мүмкіндік беру керек деп есептейді. Биліктің «валюталық интервенция» арқылы теңге девальвациясын тоқтатуға тырысқан әрекетін ол қателікке балайды.

Оның айтуынша, Қазақстан валютасы бағамы мен экономиканың нақты жағдайы арасында ешқашан байланыс болмаған. Теңге бағамы көмірсутегі шикізаты экспортынан түскен кіріс есебінен жасанды жолмен асыра бағаланып келген. Денис Кривошеев «қымбат мұнайдың арқасында ақша жөн-жосықсыз жоғары жалақыға да, ештеңемен ақтауға болмайтын коррупцияға да жетіп жатты» деп санайды.

- Кейін теңге экономикадағы жағдайға қарай бейімделіп, аяғына нық тұруы үшін ұлттық валютаның құлдырауына мүмкіндік беру керек. Сол кезде мемлекет пен қоғам жұмысқа шындап кірісіп, коррупциямен шындап күресу қажеттігін түсіне бастайды. Ал «түбі көрінгенше» құлдыраған теңге «тұңғиықтан біртіндеп жағаға шығып», ес жинап, нығая бастайды, - дейді Кривошеев.

Денис Кривошеев. Алматы, 13 қазан 2015 жыл.
Денис Кривошеев. Алматы, 13 қазан 2015 жыл.

«Тек сол кезде ғана мемлекет пен қоғам экономика мен қаржы мәселесіне қатысты советтік менталитеттен арылып, жұрт еңбекті қадірлеп, еңбегіне сай жалақы ала бастайды Ал биліктің мемлекеттің онсыз да тапшы валюта қорын пайдаланып теңге девальвациясын тежеуге тырысып жатқан қазіргі әрекеті сәтсіздікке ұшырайды, сондықтан жуырда қазақстандықтарды теңгенің тағы бір ірі құлдырауы күтіп тұр» деп болжайды сарапшы.

Кривошеевтің түсіндіруінше, кеше ғана «теңгені еркіне» жіберген биліктің енді валюталық интервенция саясатына көшіп, олай-бұлай бұлталақтауына теңге бағамы құлдырауына байланысты кедейлене түскен халықтың әлеуметтік наразылығына қатысты қорқыныш пен мемлекет қорының тапшылығы себеп болып отыр.

Ол Қазақстанда екі валюта – теңге мен доллардың қатар жүруін қамтамасыз ету керек деп санайды. Бұл тезисіне қатысты ол мынадай уәж келтіреді:

- Кейбір экономистер бұл амал теңгенің «түбіне жетеді» деп ойлайды. Ал мен керісінше, оның позициясын күшейте түседі деп санаймын. Инфляцияны нөлдік деңгейге түсіретін, яғни оны долларлық инфляцияға теңестіретін бұл қадам бізге өте қажет, - дейді ол.

«ЕКІ ВАЛЮТА ҚАТАР ЖҮРУІ ТИІС»

Экономист әрі оппозициялық саясаткер Петр Своик Қазақстан экспорт пен импорт саласында қолданатын валюта болғандықтан, доллар айналымын заңдастыру қажет деп санайды.

- Ақыры Қазақстанның экспорты мен импорты (ішкі өндіріс көлемінен маңыздырақ) долларға тәуелді екен, ол заң жүзінде ұлттық валютаға айналуы тиіс. Долларды заңдастырғаннан кейін теңгені доллар бағамына мықтап «байлау» керек, - дейді экономист.

Петр Своиктің пайымдауынша, «еркіне жіберу» саясатын жалғастыруға болмайды, өйткені бұл теңгені шексіз құлдырата беруі мүмкін.

Петр Своик. Алматы, 25 ақпан 2015 жыл.
Петр Своик. Алматы, 25 ақпан 2015 жыл.

- Қазақстанда іс жүзінде екі валюта бар. Бірі - сыртқы экономикалық балансты қамтамасыз етіп тұрған, мәні де, көлемі де теңгеден гөрі маңыздырақ доллар. Екінші ұлттық валюта – ішкі айналымда жүретін теңге. Экономиканың долларға «байлаулы» сыртқы бөлігі мен теңге қолданылатын ішкі бөлігі- біртұтас ұлттық экономиканың ажырамас екі бөлігі. Сондықтан доллардың үстемдігін күшейтіп, теңгені шексіз құлдырата беруге болмайды , - дейді Петр Своик.

Ол теңге «түбі көрінгенше» құлдырауы мүмкін, бірақ бұл экономиканы жандандыра алмайды деп есептейді.

- Экономика жұрт жұмыс істей бастағанда емес, экономикада даму ресурстары пайда болған кезде жандана бастайды. Ал теңге бағамының құлдырауы даму көздерін жойып отырады, - дейді ол.

Теңге девальвациясы 1999, 2009, 2014 және 2015 жылдары жүргізілді. Ал 2015 жылдың екінші жартысында билік теңгені екі рет девальвациялады. Своик Қазақстанның ұлттық валютасының кезекті девальвацияларының арасы қысқарып бара жатқанына назар аударады.

Жыл басында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстанда ұлттық экономиканы долларсыздандыру жоспары енгізілген. Ол долларға тыйым салуды емес, жеке тұлғалар арасындағы жылжымалы және жылжымайтын мүлікке қатысты мәміле кезінде қолма-қол есеп айырысуды реттеуді кезең-кезеңмен енгізуді ұсынады. Оның ішінде тауарлардың, жұмыс, қызмет түрлері бағасын шетел валютасымен көрсетуге тыйым салу, халықтың ұлттық валютадағы депозиттеріне кепілдеме мөлшерін ұлғайтып, ал шетел валютасындағы депозиттерінің сыйақы мөлшерлемесін жылдық үш пайызға дейін азайту сияқты шаралар бар.

Теңгенің соңғы девальвациясынан кейін үкімет долларсыздандыру саясатын негізгі бағыттың бірі ретінде жариялаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG