Accessibility links

Туған шаңырағынан пана таппаған балалар


Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында отырған Гүлнұр Ж. Алматы, 16 қараша 2014 жыл.
Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында отырған Гүлнұр Ж. Алматы, 16 қараша 2014 жыл.

Алматыда жүздеген бала ата-ана мейірімін көрмейді, тіпті кейбірі қатыгездік құрбанына айналады. Сарапшылар балаларға қарсы қылмыс көбейгенін айтады. Бұл күндері Қазақстанда «Бала мен әйелге қарсы зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтіп жатыр.

Тоғыз жасар Гүлнұр Ж. Алматы қаласы білім басқармасының жанындағы ішкі істер департаментіне қарасты кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Кішкентай қыздың айтуынша, Алматы облысы Ұзынағаш кентінде тұратын бейтаныс әйел оны ұрып-соғып, үйінде күшпен ұстаған. Гүлнұрды орталыққа полицейлер алып келген.

Баланың айтуынша, анасы екеуі жұмыс істеп, ақша табу үшін К. есімді әйелдің үйіне келген. Бірақ кейін Гүлнұрдың анасы қашып кетіп, қызы бейтаныс әйелдің қолында қалып қойған. Әлгі әйел оны темір шыбықпен басынан, аяқ-қолынан ұрып отырған, әрі сарайда қамап ұстаған.

- Соңғы рет келгенде үстіме бір шелек суық су құйып, тағы су әкелмек болып сыртқа шыққан кезде есікті кілттеуді ұмытып кетті. Ол кісіден қорқып, көршілердің үйіне қашып бардым, - дейді Гүлнұр.

Көршілер шақырған полицейлер баланы Алматы қаласы ішкі істер департаментінің кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына алып келген.

«АЛМАТЫҒА КҮНКӨРІС ҮШІН КЕЛЕДІ»

Бұл орталықта Гүлнұрмен тағдырлас ондаған бала бар. Алматы қаласы ішкі істер департаменті жанындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы директоры Раушан Құрмашеваның айтуынша, полицейлер әр рейд сайын жаңа балалар әкеледі. Оның айтуынша, балалардың далада қаңғырып қалуының негізгі себебі – олардың ата-аналары ішімдікке салыну немесе есірткі қолдану сияқты қоғамға жат өмір салтын ұстанады, бала тәрбиесімен мүлде айналыспайды.

Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы директоры Раушан Құрмашева. Алматы, 16 қараша 2014 жыл.
Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы директоры Раушан Құрмашева. Алматы, 16 қараша 2014 жыл.

- Қараусыз қалған балалар қаңғыбастыққа салынады. Баласын тастап кетіп жатқан ата-ана көп. Ата-аналар арасында үлкен психологиялық жұмыс жүргізу керек, олардың қиюы қашқан тағдырына бала кінәлі емес қой. Балаларына аяушылықпен қарамайтын ата-аналар көбейіп барады, - дейді Раушан Құрмашева.

Биылғы жылдың тоғыз айында Алматыдағы бейімдеу орталығына кәмелетке толмаған 713 бала түскен, оның алтауы арнайы білім беру органдарына жіберілген. 83 бала ата-ана қамқорлығынсыз, 623 бала қараусыз қалған. Бір баланы қатыгез әрекетке ұшыраған соң орталыққа әкелген.

Орталық мамандарының айтуынша, кәмелетке толмағандардың көбі Шымкент, Қарағанды, Тараз, Атырау аймақтарынан түседі. Бірақ Орталық Азия елдерінен келетін балалар да бар. Биыл орталыққа Өзбекстаннан - 91, Тәжікстаннан – 90, Қырғызстаннан - 60, Әзербайжаннан бір бала түскен.

- Балалар қалаға көбінесе ақша табу үшін келеді. Үлкен қалаға бас-көз болар естияр адамсыз жалғыз келсе, әлдекімдердің жезөкшелікке, қылмыстық ұйымға тартуы мүмкін екенін түсінбейді. Олардың көбі - әке-шешесінен зәбір көрген соң үйінен қашып кеткендер, - дейді Раушан Құрмашева Азаттық тілшісіне.

«АТА-АНАНЫҢ ЖҮЙКЕСІ ТОЗҒАН»

Сарапшылардың пікірінше, балаларға қатігездік таныту әрекеттері Қазақстанда үлкен әлеуметтік проблемаға айналған. Құқық қорғаушы Ержігіт Сегізбайдың пікірінше, соңғы кезде отбасының әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, ата-аналардың балаларына қатыгездік таныту оқиғалары жиілеп кеткен.

– Бұл – бүгін ғана пайда болған жоқ, бұрыннан бар проблема. Тұлға болып қалыптасып келе жатқан баланың ішкі жан-дүниесі қолайлы, тату ортаны аңсайды. Адам тұлға болып қалыптасатын орта болғандықтан, балабақша тәрбиешілерінің, мектеп мұғалімдерінің жалақысын өсіру керек. Әлеуметтік күйзелістің алдын алу үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет, қымбаттап бара жатқан бағаны тоқтатып, жалақыны өсіру керек. Сонда жүйкесі тозған ата-ана бар ашуын баладан алғанды қояды, – дейді құқық қорғаушы Ержігіт Сегізбай.

Дағдарыс орталығында жатқан балалы әйел. (Көрнекі сурет)
Дағдарыс орталығында жатқан балалы әйел. (Көрнекі сурет)

Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі судья Шәкәрім Дәулетияровтің пікірінше, балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерімен күресте шетелдің тәжірибесін пайдалану керек.

– Мысалы, АҚШ-та балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері туралы дер кезінде хабарламаған педагог, полицей, медицина қызметкері сияқты азаматтарға 1 мың доллар мөлшерінде айыппұл салынады. Меніңше, біздің елде де осындай практика енгізу қажет. Бұрын үйі, отбасы бала үшін ең қауіпсіз орын саналатын. Ал қазіргі фактілер бұлай емес екенін көрсетіп отыр. Ең сорақысы, қазір балаларымыз бөтен жандардан емес, туған әке-шешесінен қорқатын болып барады. Қатыгездік фактілерінің көбі ашылмай қалады, балалар көбінесе ондай жайттарды ашып айтпайды, – дейді Шәкәрім Дәулетияров.

Бұғау мен құлдықтан құтқарылған Гүлнұрдың алдағы тағдыры не болатыны белгісіз. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы қызметкерлері оның анасы мен туыстарын іздестіріп жатыр. Егер үш ай ішінде ешкімі табылмаса, қызды балалар үйіне өткізеді.

Ал тұтқындалған күдікті әйел қазір Алматы қаласындағы тергеу абақтысында отыр. Қатыгездік әрекеттерінің себептерін полицейлер анықтап жатыр.

Бас прокуратураның дерегінше, биыл елде балаларға қатысты 8 мыңдай қылмыс тіркелген.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG