Accessibility links

Өлген киік саны 70-тен асты


Көлден су ішіп жатқан киіктер. (Көрнекі сурет).
Көлден су ішіп жатқан киіктер. (Көрнекі сурет).

Ақмола облысында бір күнде 73 бас киіктің өлексесі табылды. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі киіктер бұл жолы браконьерлердің құрбаны болған дейді.

Қоршаған орта және су шаруашылығы министрлігінің орман және аң шаруашылығы комитетінің басшысы Бақытбек Дүйсекеевтің хабарлауынша, Ақмола облысында маусымның 24-і күні орман және аң шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері 73 бас киіктің өлексесін тапқан.

Маусымның 25-і күні Ақмола облыстық ішкі істер департаменті инспекция қызметкерлерінің Егіндікөл ауданы Бауманск селосының маңында 14 бас киіктің өлексесін тапқаны, олардың алдын-ала болжам бойынша егіс алқаптарын өңдеген химикаттан қырылуы мүмкін екені хабарланған еді. Бірақ соңғы мәліметке сәйкес дала жануарларын браконьерлер атқаны белгілі болды.

"24 маусымда Егіндікөл ауданында алдыңғы хабарланған 14 басты қоса алғанда барлығы 73 бас киіктің өлексесі табылды. Олардың барлығын атып алып, мүйіздерін кесіп алған. Қазір оларды кімнің атқаны және қалай атылғаны тексеріліп жатыр. Оқиға орнында инспекция мен құқық қорғау орындары жұмыс істеп жатыр. Бұған дейінгі киіктерді "егістікті өңдеген химикаттан қырылуы мүмкін" деген болжам асығыс жасалған" деді Бақытбек Дүйсекеев.

13 маусымда қоршаған орта және су шаруашылығы министрі Нұрлан Қаппаров Қазақстанда киіктің саны 256 мыңнан асқанын, жақын болашақта оның басы жарты миллионға жетсе, етін нарыққа шығаруға болатынын айтқан. Министрдің бұл сөзі сынға ұшырап, әлеуметтік желілерде қызу талқыланған еді. Қазақстан үкімет соңғы жылдары саны күрт азайған киіктерді аулауға 2021 жылға дейін тыйым салған болатын. Қазақ тілінде жүнінің түсіне қарай жазда - киік, қыста - ақбөкен аталатын (орысша - сайга, ағылшынша Saiga antelope - ред.) дала жануары негізінен Қазақстанды, Ресейдің Қалмақиясын және Моңғолияны мекендейді.

  • 16x9 Image

    Айбек БЕЙСЕБАЕВ

    Айбек – Азаттықтың қазақша вебсайтындағы ньюсрайтері. 1986 жылы туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді тәмамдаған. Азаттықта 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

XS
SM
MD
LG