Accessibility links

Президент сайлауына түсетін Мэлс Елеусізов жеңіске жетеріне сенбейді


«Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов. Алматы, 14 ақпан 2011 жыл.
«Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов. Алматы, 14 ақпан 2011 жыл.

Ақпанның 14-інде Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов Қазақстанда сәуірдің 3-інде өтетін кезектен тыс президент сайлауына өзін өзі үміткер ретінде ұсынатынын мәлімдеді.


Мэлс Елеусізов бұл жолғы кезектен тыс сайлауға осының алдындағы – 2005 жылғы президент сайлауындағы өзінің бұрынғы бағдарламасымен түсетінін айтады.

– Менің бағдарламам бұрынғыдай, аса қатты өзгеріс жоқ. Ең бірінші, әрине, табиғат мәселесі. Қазақстанның табиғаты құрып бара жатыр. Табиғатты көтеру үшін жұмыс істеп жүрген жиырма жылда көп нәрсені көрдім. Сонымен бірге бағдарламамда экономика туралы, саясат, демократия жайлы мәселелер де бар, – деді Мэлс Елеусізов.

Ол қазақ тілі сынағынан өте алатындығына сенімді.

– Мен тілді [қазақ тілін - ред.] жақсы білемін. Бұл, әрине, әркімге әр қалай. Мәселен, президент Назарбаев тілді өте тамаша меңгерген, Тасмағамбетов, министр Құлмұхамедтермен мені салыстыруға келмес. Бірақ, сол Құлмұхамедтің өзі менің қазақ тілінде жақсы сөйлейтінімді, өзгелер түсінетіндігін айтқан болатын. Мен күрделендірмей, қарапайым сөйлеймін, – деді Мэлс Елеусізов.

Бұл жолғы кезектен тыс президент сайлауына тағы бір эколог – «Жасыл ғаламшар үшін» қозғалысының жетекшісі Мұсағали Дуамбеков те түсіп отыр. Мэлс Елеусізов оған сын көзімен қарайтынын айтады.

– Ол көп сөйлейтін адам. Жалпы менің шешіміме оның қадамы түрткі болды. Дуамбековтың сайлауға қатысатындығы мен таңқалдырды. Меніңше, саясатпен әркім айналыса алады, ал экологиямен тек қолы мен ары таза адамдар ғана айналысуы керек. Осыдан бес жыл бұрын ұйым құрмақшы болды, құра алмады. Содан кейін осы бес жылдың ішінде үнсіз отырды. Ал мен осы уақытта көп нәрсе жасап үлгердім... Сөзімнің қысқасы, мен оған сенбеймін, – деді Мэлс Елеусізов.

Елеусізов бұл сайлауда өзінің «жеңіске жете алмасын» білетінін айтады. Алайда ол елдегі кейбір оппозициялық саяси күштердің кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялау туралы бастамасын қолдамайды.

– Бойкот деген ол дұрыс емес. Ешқашан да мен оны қолдаған жоқпын. Қандай болсын, мен ешқандай сайлаудан бас тартқан жоқпын. Бәріне қатыстым. Сайлау кезінде халық та біледі, ұйым құрып, саяси істерді жүзеге асыруға болады. Ал басқа кезде ондай мүмкіншілік жоқ. Бойкот жасау дұрыс емес. Онда олар [бойкотты қолдаушылар - ред.] саясаткер емес. Мен оған қарсымын, – деді Мэлс Елеусізов.



Мэлс Елеусіов үшін президент сайлауына қатысу таңсық емес. 1999 жылы президент сайлауына үміткер ретінде өзін өзі ұсынатынын мәлімдегенімен, әкімшілік заңды бұзғаны үшін билік оны сайлауға жібермеген.

Ал 2005 жылы желтоқсанның 4-інде өткен президент сайлауында ресми тіркеліп, саяси бәсекеге түскен бес үміткердің бірі болған Мэлс Елеусізов, Орталық сайлау комиссиясының ресми қортындысы бойынша, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 0,28 пайызының қолдауына ие болған. Елдегі оппозиция оны «сайлауға биліктің әдейі қатыстырған қуыршақ кандидаты» деп те атады.

Биыл Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы сәуірдің 3-інде өтеді. Кандидаттарды ұсыну ақпанның 20-сына дейін жалғасады.
XS
SM
MD
LG