Авторитарлық режимдер заң талаптарын аттап өтіп, нарықтық экономиканы бір кланның билігі мен сыбайлас жемқорлыққа тәуелді етіп қойды. Бұқараның мұқтаждығын аяқасты ету әлеуметтік наразылыққа түрткі болды.
ЖҰМЫС ТА ЖОҚ, ДЕМОКРАТИЯ ДА ЖОҚ
Орталық Азия аймағында жұмыссыздық деңгейі өте жоғары. Мысалы, Түркменстанда әр түрлі деректер бойынша жұмыссыздық деңгейі 60 пайызға дейін жетеді екен. Араб елдерінен айырмашылығы, Орталық Азия елдерінің жұмыссыздары күнкөріс үшін құлдыққа да көніп, кез-келген жұмысқа келісіп, жақын және елыс шетелдерге кететінін Азаттық радиосы жазған еді.
Қаңтар айының басында Африканың солтүстігінде бұрқ ете қалған оқиғалар экономикалық дағдарыс кезеңіндегі қоғамның психологиялық жағдайы
Наразылық танытушы мен полиция қызметкері Каирдегі Тахрир алаңында ұстасып тұр. Египет, 3 ақпан 2011 жыл.
жаппай наразылыққа ұласуы мүмкін екенін көрсетті. Араб елдеріндегі толқуға не жағдай (немесе кім) себепкер болды - саяси күрес пе, оппозиция ма, әлде әлемдік алпауыттардың қолдауы ма? Бұл толқуларға себепкер болған негізгі факторлардың бірі - әлемдік экономикалық дағдарыс пен оның салдары.
Жұмыссыздық, инфляция, бағаның өсуі, тұрмыс деңгейінің жалпылама төмендеуі, сыбайлас жемқорлық, елді нашар басқару – олар да бар.
Алжирдегі, Тунистегі, Мысырдағы, Иорданиядағы, Йемендегі наразылықтар дәл осы азық-түлік өнімдерінің қымбаттауына, жұмыссыздыққа, сыбайлас жемқорлыққа байланысты. Халық осылардан тұралағаннан кейін ғана билікті ауыстыру жөніндегі саяси реформаларды талап етті. Биліктен айрылып қалудан қорыққан араб билеушілері бұл проблемаларды шешу үшін жедел экономикалық шараларды қабылдауға, тіпті үкіметті өзгертіп немесе қайта құруға кірісті.
Араб елдеріндегі халықтың экономикасымен, әлеуметтік жағдайымен, өмір сүру деңгейімен танысқанда бұл салалардың Орталық Азия елдеріндегі ахуалға қатты ұқсайтынын байқадық.
МҰНАЙ ДА КЕРЕК, ДЕМОКРАТИЯ ДА КЕРЕК
Наразылық толқындары шарпыған араб елдерінің экономикалары бір-біріне барынша ұқсас. Мысалы, Алжирдің ең басты экономикалық саласы – мұнай-газ секторы. Бұл ел газ қоры бойынша әлемде бесінші, ал мұнай қоры бойынша 14-орында тұр. Елде мұнайдан басқа да пайдалы қазбалар бар. Ауыл шаруашылығы мен теңіз кәсіпшілігі дамыған.
Египеттің қазынасын негізінен Суэц каналы арқылы өтетін кемелерден алынатын салық толтырады. Одан кейінгі орында мұнай экспортынан түсетін табыс тұр. Бұл елде ауыл шаруашылығы мен туризм де дамыған.
Тунис экономикасы мұнай мен минералды шикізаттар экспортына, өңдеуші өнеркәсіпке, туризмнің дамуына негізделген. Йеменнің бюджетін толтыратын негізгі сала – мұнай мен газ.
Аграрлы-индустриалды Иордания – араб аймағындағы ең кедей ел. Бұл елдердегі қызмет көрсету, туризм және ауыл шаруашылығынан өзге экономика салаларының барлығы мемлекетке тиесілі.
Бүкіләлемдік банк пен Халықаралық қаржылық корпорациясы баяндамасының деректері бойынша, бизнеске қолайлылығы жөніндегі 2010 жылғы рейтингте Алжир – 136, Мысыр – 99, Иордания – 107, Йемен – 104, Тунис 58-орында тұр. Бұл елдердегі билік қолайлы бизнес-климат қалыптастыру үшін айта қоярлықтай ешнәрсе жасамағанын сеніммен айтуға болады.
Орталық Азия елдері де шикізаттық экономикаға арқа сүйеп, бизнеске қолайлы жағдай жасауға келгенде ұятты болып отыр. Олардың ішінде бизнеске барынша қолайлы ел Қырғызстан – 47-орында тұр. Ал Қазақстан бұл рейтингіде соңғы орындардың бірінде – 74-орында.
АВТОРИТАРИЗМНІҢ ҰҚСАС ТӘСІЛДЕРІ
Алжирді президенттік таққа 1999 жылы келіп, 2004 жылы екінші мерзімге қайта сайланған Әбдел Әзиз Бутефлик билеп отыр. 2008 жылы президенттік мерзімдерге қойылған шектеуді алып тастау жөнінде Конституцияға өзгерістер енгізілген соң, 2009 жылы Әбдел Әзиз Бутефлик үшінші мерзімге қайта сайланды.
Хосни Мүбәрәк 1981 жылы Египет президенті болды. Содан соң үш мәрте референдум арқылы президенттік мерзімдерін ұзартты. 2005 жылы
Египет президенті Хосни Мүбәрәкке қарсы наразылық кезінде Каирдегі Тахрир алаңында құлшылық етіп отырған шеруші. Египет, 2 ақпан 2011 жыл.
Конституцияға жасалған өзгерістерден соң өз партиясының атынан қайтадан президент болып сайланды.ІІ Абдалла – 1999 жылдан бері Иорданияның королі. Бұл елде конституциялық монархия орнаған.
Әли Абдалла Салех – 1978 жылдан бері Йеменнің үздіксіз президенті.
Бен Әли Тунисті 1987 жылдан бері биледі. 2011 жылы қаңтар айында бұрқ ете қалған халық наразылығынан соң елден қашты.
Орталық Азия биліктерінің әрекеттері де араб билеушілерімен ұқсас – жалған референдумдар өткізіледі, Конституцияға диктаторлар үшін ыңғайлы түзетулер енгізіледі, билеушілердің өкілеттері ұзартылады, «Өмірлік», «Үздіксіз», «Бірінші», «Тұңғыш» президент, «Елбасы», «Ұлт көсемі», «Асқартау», «Түркіменбашы» сияқты толып жатқан атақтар беріледі. Айтпақшы, қазіргі түрікмен президентіне «Арқадағ» деген ерекше атақ берілгені жайлы қалың көпшілікке әуелі Азаттық радиосы хабарлаған еді.
Автократтардың мемлекетті билеудегі лас тәсілдері де ұқсас. «Транспаренси Интернэшнл» халықаралық ұйымының деректері бойынша, 2010 жылы сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша Алжир – 105, Мысыр – 98, Иордания – 50, Тунис – 59, Йемен 146-орынды иеленді.
Оның үстіне, сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша Орталық Азия мемлекеттері араб елдерінен озып кетеді. Тек Қазақстан ғана Алжирмен деңгейлес – 105-орында тұр. Ал Түркменстан мен Өзбекстан рейтингтің соңынан орын алған. Бүкіл билікті қолдарына топтастырған араб пен Орталық Азия билеушілері айналасына жақын туыстары мен өздеріне берілген сенімді адамдарын ғана жинап, сыбайлас жемқорлықтың күрт дамуына мүмкіндік жасайды.
Тунис президенті Бен Әлидің қайын жұрты жайында БАҚ-тарда көптеген мысалдар келтірілді. Олар бір ғана мақсатты – баюды ғана ойлаған. Тунистің бұрынғы президенті мен оның әйелі өз елдерінен қашқан соң Еуропалық одақ олардың активтерін тоқтатып тастады.
Орталық Азия елдері басшыларының туыстары да жыл сайын әлемдегі миллиардерлер рейтингінде жылт етіп көрініп қалады. Олардың кейбіреулерінің аты-жөндері сыбайлас жемқорлық жанжалдарына байланысты да естіліп қалады.
НАРАЗЫЛЫҚ ҚҰБЫЛЫСТАРЫНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
Наразылық шерулері басталған араб елдерінің тұрғын халқы – негізінен жастар. BBC («Би-Би-Си») деректері бойынша, Алжир халқының орташа жасы – 27,1 жас, Мысырда – 24, Иорданияда – 21,8, Йеменде – 17,9, Тунисте – 29,7 жас.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның деректері бойынша, 2008 жылы ең жоғары орташа жас Қазақстанда (29 жас), ең төменгісі Тәжікстанда (20 жас) тіркелген.
Қазіргі наразылық шерулерінің негізгі қозғаушылары – білімді араб жастары. ЮНЕСКО баяндамасына сәйкес, 2004 жылдардың өзінде араб әлемінде білімге бөлінетін мемлекеттік шығын ішкі жалпы өнімнің 4,9 пайызы ғана болған (77,8 миллиард доллар). Ал Орталық Азияда – бар болғаны 2,8 пайыз (7,7 миллиард доллар).
Өз елінде және шетелдерде білім алған жастар сол білімін жұмсай алмайды. Сол білімдеріне лайық емес жұмыс істеуге мәжбүр болады.
Мамандардың болжауынша, 2015 жылы араб аймағындағы мектеп жасындағы балалар саны 2000 жылмен салыстырғанда 13 пайызға, ал Орталық Азия аймағында 10 пайызға артады.
Әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде жұмыссыз қалғандардың көпшілігі де – жастар. Алжирдегі жұмыссыздар үлесі – 9,9, Мысырда – 9,6, Иорданияда – 13,4, Йеменде – 35, Тунисте – 14 пайыз. Алжир халқының – 23, Мысырдың – 20, Иорданияның – 14,2, Йеменнің – 45,2, Тунис тұрғындарының 3,5 пайызы кедейшілік құрсауында қалды деп хабарлайды BBC.
НАРАЗЫЛЫҚ МЕШІТ ПЕН ИНТЕРНЕТТЕ ПІСІП ЖЕТІЛДІ
Араб елдері дәстүрлі түрде дінді жақсы ұстанады. Бұл жақта халық намаз оқу үшін мешіттерде еш кедергісіз жиналады. Орталық Азия мемлекеттерінде билік халықтың бір жерге көптеп шоғырлануына жол бермеуге тырысады. Айтпақшы, 1980 жылдардың басында Польшаның католик азаматтары костелге жиналғанда тек құдайға жалбарынып қана қоймай, коммунистерден көрген құқайларын талқылайтын. Халықтың діни сенімінің күштілігіне байланысты билік бұған еш қарсылық жасай алмады.
Мысырдағы алғашқы жаппай наразылық та жұма намазынан соң басталған. Орталық Азияда совет өкіметінің көп жылдарға созылған ықпалының әсерінен діншілдік мықты бола қойған жоқ. Билік атеизмге көбірек назар аударды. Сондықтан қазір Орталық Азия елдерінде халық мешіттерге жаппай жиналып, социалистік кезеңдегі поляктар сияқты өз мәселелерін талқылайды деп қорқудың реті жоқ.
Сонымен бірге араб елдеріндегі наразылық Интернет арқылы жалғасты. Арабтардың наразылық көңіл-күйлері дәл сол «Фейсбук» және «Твиттер» әлеуметтік желілерінде қалыптасты. Қазір Тунис халқының 33 пайызында интернет бар. Мысыр мен Иорданияда бұл көрсеткіш – 25, Алжирде – 14, Йеменде – 9 пайыз.
Араб елдерінде жастар жаңа технологияларды жақсы игерген. Тіпті наразылық шеруін өткізу кестесінің өзін интернет арқылы үйлестіріліп отыр. Ал Түркіменстанда интернетке бірнеше мың адам ғана кіре алады, «Фейсбук» пен «Твитерді» тек санаулы жастар ғана пайдаланады. Бұл да – биліктің «еңбегі». Түркімен билігі неше рет уәде берсе де, қазір бес миллион халқы бар Түркіменстан астанасындағы интернет-кафе – бесеу-ақ (кейбір деректер бойынша, үшеу).
БАТЫСҚА ҚАТАҢ ЖІГЕР ҚАЖЕТ
Қазір Орталық Азиядағы автократтар мен олардың одақтастары наразылық көңіл-күйдің пайда болу мүмкіндігін бар тәсілмен тұншықтырып жатқандығы ешқандай құпия емес. Бұның себебі – геосаясат. Араб елдерінде болған толқулар халық наразылығының қозғаушы күші экономика екендігін көрсетіп кетті. Қырғызстандағы «қызғалдақ» және «алқызыл» төңкерістердің түпкі себебі де – шешілмей жатқан экономикалық проблемалар, шегіне жеткен сыбайлас жемқорлық болған.
Демократиялық ұйымдар жыл сайын «Батыс Орталық Азия елдерін демократияландыру туралы ұрандарымен ғана шектеліп қалмай, автократтарды халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мәжбүрлеуі керек» деп үндеу тастайды. Бұған қажетті тетіктер (автократтар мен олардың жақындарының қаржыларын тоқтатып қою, сыбайлас жемқорларды анықтап, жазалау, күмәнді сауда-саттықтарды болдырмай тастау, автократтардың шетелдерге сапарын жария түрде елемеу) Батыстың қолында жеткілікті.
Құқық қорғаушылар «жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсартуға көңіл бөлмей отырған Батыс жетекші компанияларының экономикалық мүдделерін қорғаштау әрекетін тоқтату керек» дейді.
Еуропалық одақ пен АҚШ-тың Беларусь оппозициясын қуғындаған Минскінің жоғары дәрежелі шенеуніктеріне қарсы қолданған санкцияларын қатаң саяси жігердің мысалы ретінде келтіруге болады. Швейцария «саяси маңызды» деп аталатын адамдардың қаржыларын бақылауды оңайлататын заңның күшіне енуіне байланысты Гаитидің бұрынғы диктаторы Жан-Клод Дювальенің ақшасын тәркілейтін болды. Бұл жайында Франс-пресс агенттігі 2 ақпанда хабарлады. Бұл заң бойынша, қаржының шығу тегі күмәнді деген күдік пайда болса, мұндай адамдардың есепшоттарын тоқтатып қоюға болады. Заирдың бұрынғы билеушісі Мобуту да осы заңның құрығына ілігеді.