Accessibility links

Алматыдағы Эдуард Баум мұрасы


Баум тоғайында жүгірумен айналысып жүрген адам. Алматы, 7 желтоқсан 2015 жыл.
Баум тоғайында жүгірумен айналысып жүрген адам. Алматы, 7 желтоқсан 2015 жыл.

Биыл Верный (Алматының 1921 жылдың ақпанына дейінгі атауы) қаласында 47 жыл тұрған ғалым әрі орман маманы Эдуард Баумның туғанына 165 жыл толды. Қазір жойылып кету қаупі төнген ерекше экожүйе – тоғай оның есімімен аталады.

ӘКЕ ЖОЛЫ МЕН АҒА ІЗІН ҚУҒАН

Эдуард Баумның (1850-1921) әкесі – көп жыл Пензада тұрып, бау-бақша училищесін басқарған Балтық немісі Оттон Баум (1813-1876). Эдуард Баумның мамандық таңдауына әкесінің қызметі ықпал еткен. Ол әуелі Петров егіншілік және орман шаруашылығы академиясын, кейін Петербург егіншілік институтын бітірген.

Верный қаласына әуелі Эдуардтың ағасы – Оттон Баум (1842-1892) келген. Мамандығы физик-математик болғанымен, ол Верныйда бау-бақша саласында жұмыс істеген. Верный қазынашылық бауының бас бағбаны, кейін директордың орынбасары болып еңбек еткен, бағбандар мектебін басқарған.

Кей деректерге сәйкес, Эдуард Баум Верный қаласына 1874 жылы, ал тағы бір деректер бойынша, 1875 жылы келген. 1876 жылдың қыркүйегінде оны облыстық орман қорықшысы, кейін аға қорықшы-бақылаушы етіп тағайындаған. Верныйда өзі құрған орман мектебін басқарған. Верный қалалық думасына өкіл болып сайланып, облыстық кеңестің қала істері жөніндегі мүшесі болған. Верный ағарту ісі жанашырлары қоғамын басқару арқылы қоғамдық жұмыстармен белсене айналысқан. Эдуард Баум жыл сайын 15 сәуірде «Ағаш егу мерекесін» өткізу арқылы да Верный тұрғындарын табиғатқа сүйіспеншілікке баулып, қаланы көгалдандыру ісіне үйреткен. 1902 жылғы мереке кезінде Кіші Алматы өзені арнасы бойына ағаштың әр түрінен 1500-ден аса көшет егілген.

Оған совет үкіметі тұсында да жұмыс табылып, Жетісу орман бөлімшесін басқарған, бірінші шақырылған Алматы облыстық кеңесі атқару комитетіне мүше болған. Кезінде профессор-натуралист Владимир Шнитников «Эдуард Баум – нағыз орман жанашыры еді, оның әр ағашын өз қолымен егіп, баптағандай мәпелейтін» деп жазған.

ЭДУАРД БАУМНЫҢ ЕҢБЕГІ

Эдуард Баумның басшылығымен әрі оның тікелей қатысуымен Жетісу өңірінде Ақсай, Колпаковский, Іле, Каменка, Тастақ сияқты тоғайлар бой көтерді. Ол үлкен селекциялық жұмыстар жүргізіп, өлкеде бұрын өспеген ағаш-бұталарды Жетісуға жерсіндірді (ағаштың 61 түрі, бұтаның 52 түрі, алманың 74 сорты, алмұрттың 49 сорты және өзге де жеміс ағаштары).

Оның Алматыда қалдырған ең үлкен мұрасы – өзінің есімімен аталатын Баум тоғайы. Көпке дейін тоғайдың негізін Эдуард Баум салды деп есептеліп келді. «Алма-Ата» (1983 жылғы басылым) энциклопедиясында тоғай тіпті 1892 жылы пайда болды деп көрсетілген. Бірақ өлкетанушылар мен мұрағатшылардың ізденістері тоғайдың ағайынды Баумдар Верныйға келмей тұрып пайда болғанын көрсетеді. 1904 жылғы құжатта Верный тоғайын (сол замандағы атауларының бірі) 1868 жылы облыстың әскери губернаторы Герасим Колпаковскийдің жарлығымен Үлкен және Кіші Алматы станцияларының казактары еге бастаған деп жазылған. Қала Верный деп аталған тұста оны «Алферов тоғайы» деп те атаған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Баум тоғайы

Тоғайды облыс орман шаруашылығы қарауына бергеннен кейін оны дамытуға Эдуард Баум зор үлес қосты. 1877 жылдан бастап тоғайға жетекшілік етті. Кейін бүкіл Жетісу өлкесіне тараған қарағаштың алғашқы тұқымы тоғайға сол жылы егілген еді. Тоғай тәлімбағында (питомник) өсірілген көшеттер кейін Жетісу жерінде орман өсіру ісіне үлкен үлес қосты.

Эдуард Баум қайтыс болғаннан кейін тоғай оның есімімен атала бастады. Азаттық тілшісі әңгімелескен алматылық өлкетанушы Александр Воронов тоғайға Эдуард Баумның есімін беру туралы ұсыныс жазылған мәтінді өз көзімен көргенін айтады. Ол кейін тиісті қаулы қабылданған шығар деп жорамалдайды. Алматылық тағы бір өлкетанушы Владимир Проскурин керісінше, «тоғайға Баум есімін беру туралы ресми құжат жоқ» дейді.

БАУМ ТОҒАЙЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖОСПАРЫ

Қазір Баум тоғайы мүлде қараусыз қалып, мүшкіл күйге түскен. Мұрағат материалдарына, өлкетану деректері мен орманшы-ғалымдардың пікірлері және байырғы тұрғындардың естеліктеріне сүйенсек, Баум тоғайы өз тарихында талай рет қараусыз қалғаны байқалады. Мысалы, Алферов тоғайын 1871 жылы Алматы станицалық қоғамы иелігінен облыс орман шаруашылығы қарауына беруге «тоғайға жеткілікті күтім жасалмауы себеп» деп түсіндірілген.

Баум тоғайына оңтүстік-батыс жақтан кіреберісте автокөлік және мотоцикльмен жүруге тыйым салынатыны ескертілген жазу ілінген. Алматы, 7 желтоқсан 2015 жыл.
Баум тоғайына оңтүстік-батыс жақтан кіреберісте автокөлік және мотоцикльмен жүруге тыйым салынатыны ескертілген жазу ілінген. Алматы, 7 желтоқсан 2015 жыл.

Қазіргі заманда Баум тоғайы проблемасын 140 жыл бұрынғы сияқты иелік етуші мекемені ауыстыру арқылы шешуден үміттенеді. 2006 жылы оны Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің коммуналдық меншігіне беріп, құқықтық мәртебесін өзгерткен. Енді ол – ерекше қорғалатын табиғи территорияда орналасқан республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи ескерткіш.

2009 жылы ұлттық парктердің жұмысын қадағалайтын орман және аң шаруашылығы комитеті Баум тоғайын қалпына келтіру мен жаңарту жобасына тендер жариялаған. Оны «Терра» қашықтан зондылау және геоақпараттық жүйе орталығы» компаниясы жеңіп алған. 2009-2011 жылдары компания республикалық маңызы бар «Баум тоғайы» мемлекеттік табиғи ескерткішінің инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарын жасаған.

«Терра» компаниясының өкілі Татьяна Утяшеваның Азаттықа айтуынша, жоспарды әзірлеу кезінде тоғайдың қазіргі экологиялық ахуалын кешенді бағалау жұмыстары жүргізілген. Мамандар әр ағашты тізімдеп шыққан. Табиғи жолмен қартайған әрі ұзақ уақыт күтім көрмеген тоғайдағы ағаш-бұта көшеттері қазір апатты жағдайға жетіп, келушілердің өміріне қауіп төндіреді деген қорытынды жасалған. Авторлар егер жоба іске аспай қалса, Алматы үшін рөлі зор тоғайдың экожүйесі жойылып кетеді деп көрсеткен.

14 жылға есептеліп жасалған жобада тоғайдағы ағаш-бұталардың 80 пайызы (12537,52 текше метр) – көбін өсімдік зиянкестері зақымдаған немесе кәрі ағаштар – кесілуі тиіс деп көрсетілген. 17 түрлі ландшафт тобын егу, 7122 түп ағаш пен бұтадан тұратын аллея отырғызу және тоғай территориясын тазалау, абаттандыру сияқты өзге де толып жатқан жұмыстар жүргізу көзделген. Жобаны жасау жұмысы аяқталған тұста (2011 жылы) оның құны 1 миллиард 110 миллион теңге деп бағаланған. Татьяна Утяшеваның түсіндіруінше, бұл сомаға суару жүйесін тарту, кәрі және зақымданған ағаш-бұталарды отап, қалпына келтіру жұмыстары, техника сатып алу шығындары кіреді.

ЖОБАНЫ ІСКЕ АСЫРУҒА АҚША БӨЛІНБЕДІ

Татьяна Утяшева Баум тоғайы маңында тұрады. Оның айтуынша, жоба бойынша тоғайдың сыртындағы Үлкен Алматы арнасы жағалауын абаттандырудан өзге өзгерістер байқалмайды. Ал шындығында, жобада қарастырылған біраз жұмыс атқарылған. «Терра» компаниясы жобасында тоғайдың ішімен ағып жатқан Мойка шағын өзені арнасын қоқыстан тазартып, жағасын табиғи сәнді тастармен көмкеру жұмыстары қарастырылған. Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің Ақсай филиалының дерегінше, әкімдік әлгі жұмыстарды екі жылда атқарған.

Баум тоғайы тікелей қарайтын Ақсай филиалы директоры Жанболат Нұрқанатұлы Нұрдәулеттің айтуынша, тоғайды қалпына келтіру және жаңарту жобасын іске асыруға ақша бөлінбеген. Ұлттық парк қазір қорықшы, оның көмекшісі және тоғыз инспектордың күшімен тоғайды күзетумен ғана айналысады.

ТОҒАЙ ТАҒЫ ҚАЛА ИЕЛІГІНЕ ӨТУІ МҮМКІН

Ақсай филиалы өкілдерінің Азаттыққа айтуынша, Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтің тұсында Баум тоғайын қаланың коммуналдық меншігіне қайтару мәселесі қозғалған. Мұны жаңа әкім Бауыржан Байбек те растайды. Бірақ бұл мәселені шешу келер жылға қалған сияқты.

Баум тоғайын баланста ұстайтын мекемені кезекті рет ауыстыру тоғай үшін қаншалықты тиімді деген сұраққа қатысты пікірлер әрқилы. Профессор Валерий Крылов мұны орынды санайды. Оның пікірінше, тоғайдың «табиғи ескерткіш» деген қазіргі құқықтық мәртебесі дұрыс емес.

– Табиғи ескерткішке қорық режимі қолданылады. Ал қорық болған соң оған ешқандай жаңарту жұмыстары жүргізілмеуі тиіс, - дейді ол.

Ғалым заңға «мемориалдық парк» деген түсінік енгізуді және Баум тоғайын осы мәртебені алған соң тоғайды қалпына келтіруді ұсынады.

Ал Yvision блог-платформасында Алматы ормандарының ахуалын сынаған көптеген мақала жариялаған Skyfall авторының пікірі өзгеше. Азаттықтың тоғайға қатысты комментарий сұраған өтінішіне ол «Одақ (Совет одағы) ыдырамай тұрған кезде тоғай аумағы 140 гектар болатын, ал 2006 жылға қарай 130 гектары ғана қалды. Территориясы әлі де азая берер еді, бірақ оны қаланың коммуналдық меншігінен шығарып, ерекше қорғалатын табиғи территориялар тізіміне енгізгені құтқарып қалды. Қазір ақпарат құралдары тоғайды қала иелігіне қайтаруды ұсынып жатыр, бірақ оны кері қайтарса, қоқыстан әжептәуір тазарып қалған тоғайдың қазіргі күйіне зар болып қаламыз» деп жауап жазады.

Мақала жазу кезінде келесі әдебиеттер пайдаланылды:

«Кинематограф. Письма с дороги», Петр Краснов;

«В долине Заилийских гор немецкие сады и парки», Владимир Проскурин;

«Алма-Ата» энциклопедиясы (1983 жылы шыққан);

«Парки и скверы города Алматы, 1868–1916»: мұрағат құжаттары мен материалдарының жинағы (2005 жылы шыққан).

XS
SM
MD
LG