Азаттық тілшісіне президенттікке кандидат әрі Қазақстан кәсіподақтары федерациясының 63 жастағы төрағасы Әбілғазы Құсайыновтан сұхбат алу мүмкін болмады. Ол сайлауалды штабында аккредитациядан өткен журналистерге ғана сұхбат беретінін мәлімдеп, «Жалпы, бүкіл мәселе бойыншы сұрақтарды сайлауалды штабы жетекшісі Рүстем Жоламановқа жолдаған жөн» деді. Бірақ президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайыновқа қатысты сұрақтарға жауап беруден Рүстем Жоламанов та бас тартты.
Наурыздың 26-сы күні Астанада өткен Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды штабының ашылу рәсімі кезінде Рүстем Жоламанов президенттікке кандидат Құсайыновтың сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі –экология екенін мәлімдеді.
ҚАРАҒАНДЫ ОБКОМЫ
Әбілғазы Құсайынов совет заманында лауазымды қызметтер атқарған КПСС мүшесі болғаны өмірбаянынан бірден көзге түседі. Мысалы, Совет Одағы күйрейтін кезге қарай ол Қазақстан коммунистік партиясы Қарағанды облыстық комитетінің екінші хатшысы деңгейіне жеткен. Ол заманда елді Қазақстан компартиясы басшысы Нұрсұлтан Назарбаев басқарған. Ол да билік басына Қарағанды облыстық компартия екінші хатшылығынан көтерілген.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Әбілғазы Құсайынов түрлі басшылық қызметтер атқарып, министрлік басқарған. Қарағанды облысы әкімі әрі құрылғаннан бері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келе жатқан президенттік «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасы болған.
Әкім ретінде мүлде әсер қалдырған жоқ. Әйтеуір оның тұсында жақсарған бір нәрсе есімде қалмапты. Ол жайлы жаман-жақсы ештеңе деп айта алмаймын
Азаматтық белсенді, Қарағанды қаласында тұратын Валентина Махоткинаның айтуынша, бұрын-соңды Қарағанды облысын басқарған әкімдердің ішінде Әбілғазы Құсайынов - ең елеусіз әрі көзге түспеген әкім.
- Ол бізде бір жылдай әкім болды. Атқарған жұмысы туралы есеп беру жиынына қатысқанмын. Әкім ретінде мүлде әсер қалдырған жоқ. Әйтеуір оның тұсында жақсарған бір нәрсе есімде қалмапты. Ол жайлы жаман-жақсы ештеңе деп айта алмаймын, - дейді Валентина Махоткина.
КӘСІПОДАҚТАР ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯ
Әбілғазы Құсайыновтың соңғы қызмет орны - Қазақстан кәсіподақтары федерациясы төрағасы. Құсайыновтың қысқа мерзім ішінде тиісті 93 мыңнан асырып қол жинап алу сырын саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов дәл осы жағдаймен байланыстырады. Саясаттанушының айтуынша, сайлауалды науқаны кезінде Құсайыновқа кәсіподақтардың көп көмегі тиюі мүмкін.
Бірақ саясаткер Ғани Қасымовтың айтуынша, кәсіподақтар «Нұр Отан» партиясы жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайды. Айтпақшы, Қазақстан кәсіподақтары федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов Құсайыновтың емес, Назарбаевтың сайлауалды штабына кірген.
Қазақстан кәсіподақтары федерациясының орталық кеңсесі қызметкерлері Азаттық тілшісіне «Әбілғазы Құсайынов мамырға дейін демалыс алған, оның жақтастарының қолын жинауға кәсіподақтар араласқан жоқ әрі сайлауалды науқанына да мүлде қатысы жоқ» деп хабарлады.
Қазақстан кәсіподақтары федерациясы төрағасы ретінде уақытша жұмыс істемейтін Әбілғазы Құсайыновтың сайлау алды бағдарламасының негізгі бағыты – экология. Бұл - бұрын бірнеше президент сайлауына қатысқан, ал бұл жолы кандидатурасын [қаражат жоқ деп] өзі алып тастаған Мэлс Елеусізовтің үйреншікті тақырыбы болатын.
Өзін «25 жыл бойы экологиялық проблемалармен белсенді айналысып келе жатырмын» деп мәлімдейтін Мэлс Елеусізов жұртқа елдің «бас экологы» ретінде танылған. Оның пікірінше, Әбілғазы Құсайынов - сайлауалды науқаны кезіне ғана тағайындалған «уақытша эколог».
Оның айтуынша, Құсайыновпен Қарағанды облысы әкімі болып тұрған кезде танысқан. Бірақ ол Құсайыновтың әкім ретінде де, эколог ретінде де елеулі істерімен жадында қалмағанын айтады.
- Өзі сияқтылардан еш ерекшелігі жоқ шенеуніктердің бірі, - дейді Мэлс Елеусізов.
Қарағандыда тұратын азаматтық белсенді Валентина Махоткина кәсіподақтар федерациясы жетекшісі ретінде Әбілғазы Құсайынов жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту үшін күш салып жүр дегенге сенбейді. Мысалы, қазір Қарағанды облысында әскерилендірілген тау-кен құтқару бөлімдерінің кейбір бөлімшелерін қысқарту процесі басталған. Махоткинаның айтуынша, бұл қысқарту шахтерлердің еңбек жағдайы қауіпсіздігіне теріс әсер етеді. Оның айтуынша, жұмыскерлердің құқын тиімдірек қорғай алатын тәуелсіз кәсіподақтар құру құқығын жойған жаңа заң дәл осы Құсайыновтың тұсында қабылданған.
- Әлеуметтік және еңбек проблемаларына қарағанда, экологиялық проблемалар жұртқа елеусіз мәселе сияқты көрінеді ғой. Сондықтан кәсіподақ жетекшісі сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыты етіп неліктен экологияны алғаны түсініксіз. Егер президент болып сайланса, ол еңбекшілердің проблемасын шешпей, экологиялық проблемалармен айналыспақ па? - дейді Валентина Махоткина.
Ал журналист Айгүл Омарова Әбілғазы Құсайыновтың саяси кландардың ешқайсысына қатысы жоқ адам екеніне назар аударады. Ол Құсайыновты «Сәл жасқаншақтау шығар. Бірақ ол - адал әрі ар-ұяты бар парасатты адам» деп сипаттайды.
Президент сайлауына Әбілғазы Құсайыновтан бөлек тағы екі кандидат – 74 жастағы қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев пен сайлауда жеңбейтінін, бірақ екінші орыннан дәмелі екенін айтқан президентшіл Коммунистік халықтық партиясының 67 жастағы жетекшісі Тұрғын Сыздықов түседі. Ал Әбілғазы Құсайыновтың қандай орыннан дәмелі екені белгісіз.
Мерзімінен ерте өтетін президент сайлауы сәуірдің 26-сына белгіленген.