Accessibility links

«Діни араздық тудырған» бұрынғы прокурор


Болат Әміров немересін ұстап тұр.
Болат Әміров немересін ұстап тұр.

Шымкенттік Болат Әміров бұрын прокуратурада жұмыс істеген. Анасы қайтыс болған соң Исламға бет бұрған оның таныс жігітке берген екі дискісі заңмен тыйым салынған діни материал деп табылды.

Уақытша жұмыс істемейтін 56 жастағы Болат Әміров қылмыстық кодекстің «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру» деген 164-бабы бойынша қылмыс жасады деп айыпталады. Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов осы бап бойынша былтыр жеті жылға сотталған. Дәл осы бап бойынша айыпталған құқық қорғаушы және журналист Александр Харламовтың соты Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында өтіп жатыр.

БОЛАТ ӘМІРОВТІҢ АЙЫБЫ НЕ?

Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) бойынша ішкі істер департаментінің тергеушісі, полиция майоры Бақыт Шайдозовтың қаулысында Болат Әміровтің 1994 жылдан бері мешітке баратыны туралы жазылған.

Оның әйелі Нағима Әмірова «Дәстүрлі Исламды ұстанатын күйеуім үйімізге жақын маңдағы «Сейіткәрім» деген кәдімгі мешітке баратын» дейді Азаттық тілшісіне.

Күйеуінің қоғамдық қорғаушысы ретінде тағайындалған Әмірова күніне бір рет тұтқынмен жолыға алады. Оның сөзінше, күйеуінің шоқша сақалы бар, "тобығы көрініп тұрғаны болмаса, шалбарының балағы да ұзын", сырт көзге басқа мұсылмандардан еш айырмасы жоқ.

- Қазір ол сияқты киінетіндер көп қой. Бірақ неге екені белгісіз, менің күйеуімнің ғана ізіне түсіп алды, - дейді Болат Әміровтің әйелі.

Алайда биліктің Болат Әміровке тағатын өз айыбы бар болып шықты. Тергеушінің қаулысында «Шымкенттегі мешітке барып жүріп, Болат Әміров мешіт жанында сатылатын діни кітаптарды оқи бастаған. Біртіндеп дінге бет бұрып, бес уақыт намазын қаза қылмай, ішімдік пен жаман сөздерден тыйылған. Тұрақты жұмысы болмағандықтан, діни кітаптарды көтерме бағамен сатып алып, Шымкенттің "Север" деген шағын ауданында орналасқан мешіттің жанында сата бастаған» деп жазылған.

ҚАМАУҒА ТҮРТКІ БОЛҒАН КЕЗДЕСУ

Тергеушінің қаулысында «Болат Әміров 2012 жылғы қыркүйектің 7-сі күні Шымкент қаласындағы "Север" шағын ауданында орналасқан мешіттің жанында бұрынғы танысы, 1989 жылы туылған Жомарт Жарғақовты кездестіреді» деп баяндалады.

Әміров «Ж.Жарғақовты тоқтатып, оны өзімен бірге Шымкент қаласы "Север" шағын ауданындағы 25-үйдің 27-пәтеріне баруға шақырады. Жол-жөнекей Ж.Жарғақовқа дін туралы түрлі әңгімелер айтады. Үйге кіріп, діни сипаттағы үш
Сатылуға қойылған діни әдебиет. Көрнекі сурет.
Сатылуға қойылған діни әдебиет. Көрнекі сурет.
дана кітап пен екі DVD-диск алып шығып, Ж.Жарғақовқа береді. Жас жігіт полицияға келіп арызданып, жоғарыда аталған кітаптар мен дискілерді өз еркімен тапсырды» деп жазады тергеуші өз қаулысында.

Болат Әміровке қатысты қылмыстық іс қозғау туралы мәселе былтыр да көтерілген. Шымкентте өткізілген психологиялық-филологиялық сараптама Әміровтің Жарғақовқа берген кітаптары мен дискілерінен заңсыз ештеңе таппағандықтан, тергеуші А.Мәженова 2012 жылы қазанның 1-і күні қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан.

Алайда Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ішкі істер департаменті 2013 жылғы сәуірдің 12-сінде Астана қаласында жаңа сараптамалық тексеру тағайындайды. Мамырдың 15-інде шыққан сараптамалық қорытынды Жомарт Жарғақовтан алынған DVD-дискілерде «ұлтаралық, діни араздықты қоздыру мен азаматтардың ұлттық ар-намысын қорлау белгілері бар» деген ұйғарым жасаған.

Ақыры полиция Әміровті 10 ай өткесін ғана тұтқындады. 2013 жылғы шілденің 5-інде Әміровтің үйі тінтіліп, өзі қамауға алынды. Нағима Әмірованың інісі және Болат Әміровтің ісі бойынша оның өкілі Бауыржан Мекенбаевтың айтуынша, ол бұл кезде Сауд Арабиясына кіші қажылыққа жиналып жүрген.

— Ораза кезінде жасалатын кіші қажылыққа бару үшін құжаттары дайын, қолында болды. Шілденің 5-інде ол поезбен Шымкенттен Алматыға барып, ал
Қажылыққа аттанар алдында әуежайда отырған адамдар. Көрнекі сурет.
Қажылыққа аттанар алдында әуежайда отырған адамдар. Көрнекі сурет.
шілденің 7-сі күні қажылыққа баратын басқа адамдармен бірге Алматыдан Сауд Арабиясына ұшуы тиіс болатын. Жолға шығар алдында дастархан жайып, кісілерді шақырдық. Қонақтар кетісімен, үйді тінтіп, тұтқындау үшін алты адам келді, - дейді Бауыржан Мекенбаев.

Үш күннен кейін Әміровке «діни араздықты қоздырды» деген айып тағылып, қыркүйектің 5-іне дейін екі айға қамауға алу туралы шешім шыққан. Әміровті Шымкенттегі уақытша тергеу орнына (СИЗО) ауыстырған.

Қамауға алу туралы шешімге қарсы түсірген шағымынан нәтиже болмай, шілденің 12-інде Болат Әміровтің аппеляциялық шағымын қанағаттандырмау туралы қаулы шыққан.

Болат Әміров өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Нағима Әмірованың айтуынша, күйеуі тергеу құжаттарының бірінде «Бұл айыптармен үзілді-кесілді келіспеймін, олардың бәрі жалған» деп жазған.

ДІНГЕ БЕТ БҰРУ

Тергеушінің Әміровке тағылған айыптаулар туралы қаулысында «анасы қайтыс болған 1994 жылдан кейін күйзеліске түсіп, мешітке баруды әдетке айналдырып, өмірдің мәні туралы ойлана бастаған» деп көрсетілген.

— Оның әкесі (1911 жылы туған) - коммунист, СМЕРШ, КГБ-да істеген, аудандық милиция бастығы болған адам. Ол да адал, әділ кісі болыпты. 1972 жылы қайтыс болды. Анасы (1928 жылы туылған) - қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Анасын қатты жақсы көруші еді. Ол кісі қатерлі дертке шалдығып, бір жылдай төсек тартып жатып, 1994 жылы қайтыс болды. Анасының қалай азап шеккенін көрді.
Мешітте уағыз тыңдап отырған адамдар. Көрнекі сурет.
Мешітте уағыз тыңдап отырған адамдар. Көрнекі сурет.
Ауыр дерттен қиналып қайтыс болды. Ол кісінің қазасынан кейін арақ ішкенді, темекі тартқанды тастап, дінге бет бұрды, - дейді тұтқынның әйелі.

Болат Әміров совет заманында, 1986 жылы Мәскеуде Патрис Лумумба атындағы халықтар достығы университетін бітірген. Бір жылдан кейін аудандық прокуратурада прокурор болып қызмет атқара бастаған. 1991-1993 жылдары ОҚО бойынша прокурордың көмекшісі болған ол кейін прокуратурадан кетіп, «тәуелсіз» заңгер ретінде жұмыс істепті.

«Болат Әміров прокуратурадан неге кетті?» деген сұраққа Нағима Әмірова:

— «Прокуратурада енді жұмыс істей алмаймын. Жетті, бұдан былай жазықсызды айыптап, айыптыны ақтай алмаймын» деді. Енді, міне жазықсыз жанның өзін қамап қойды, - дейді.

Қазір Болат Әміров Шымкенттегі СИЗО-ның төрт орындық камерасында отыр. Әйелінің айтуынша, жүзі жүдеу, көңілі жабырқаңқы көрінгенімен, тамақ нашар немесе әкімшілік тарапынан, камераластарынан тарапынан қысым көрдім деп шағымданбайды. Тұтқынның әйелі «Камераны басқаратын үлкені - өзі» дейді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG