Accessibility links

ЛБК әйелдер екі жақтан кемсітуге ұшырайды


Feminita ұйымының белсенділері Гүлзада Сержан (сол жақта) мен Жанар Секербаева. Астана, 17 мамыр 2017 жыл.
Feminita ұйымының белсенділері Гүлзада Сержан (сол жақта) мен Жанар Секербаева. Астана, 17 мамыр 2017 жыл.

Қазақстандағы ЛБК әйелдердің жағдайын алғашқы зерттеу көрсеткендей,олардың көбі жыныстық өзгешелігі үшін зәбір көріп, кемсітушілікке ұшырадық деп шағымданады. Сауалнама нәтижелері негізінде БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне ұсынылатын есеп әзірленбек.

Қазақстандағы ЛБК (лесби, бисексуал, квир) қауымы әйелдерінің қажеттіліктері туралы алғашқы зерттеуді алматылық Feminita ұйымы жүргізген. 16 қала мен елдімекенде жүргізілген сауалнамаға қатысқан 228 әйелдің 159-ы лесби, 53-і бисексуал, 10-ы квир, екеуі - пансексуал (өздерін гендер бойынша атамауға тырысатын адамдар), біреуі - трансгендер әйел.

Респонденттердің 48 пайызының мәлімдеуінше, олар жыныстық өзгешелігіне бола қилы зорлық-зомбылыққа немесе қысастыққа тап болғанын мәлімдеген. Ал 56 пайызы зорлық-зомбылыққа ұшыраған өзге де әйелдерді білетінін айтқан. Сауалнамаға қатысқан әйелдер әсіресе жұрттың тілдеп, қорлауы, жақтырмай қарауы, жеке өмірге жөнсіз араласу, соққыға жығу, қудалау тәрізді әрекеттер жиі кездесетінін айтқан. Оларды Қазақстандағы гей-клубтар жанында ұрып-соққан, үйде күшпен қамап ұстаған. Кейбірі «коррекциялық мақсатта зорлау әрекеттеріне» ұшыраған.

Зерттеуге қатысқан ЛБК әйелдер ақпараттық ресурстарға, медициналық және достық пейілдегі психологиялық жәрдемге, үйден қуып жіберіп, барар жері болмаған кезде паналайтын орынға мұқтаж екенін айтқан.

Бұл – Feminita ұйымының алдын ала есебі, олар жинаған деректер бұдан әлдеқайда көп, сондықтан олардың негізінде кітаптар шығару жоспарланған. Бұған қоса, белсенділердің айтуынша, әйелдерді кемсітудің кез келген түрін жою конвенциясы талаптарын орындау туралы 2018 жылы Женевада БҰҰ-ның адам құқығы комитетінде таныстыру жоспарланған Қазақстан есебі аясында ЛБК-әйелдер қажеттіліктерін зерттеу негізінде балама баяндама әзірленетін болады.

Feminita бастама тобын құрған әрі ұйым белсенділері Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаева Азаттыққа сауалнаманың қалай жүргізілгені және Қазақстандағы әйелдер құқығының жалпы ахуалы жайлы айтып берді.

Азаттық: - Зерттеуге қатысуға келіскен әйелдердің негізгі портретінің сипаттамасы қандай?

Жанар Секербаева: - Көбі жоғары білімді, ертеректе гетеросексуалды отбасында босанған баласымен тұратын, ал қазір ерінен ажырасып кеткен, өзі секілді партнер қызбен бірге тұрып жатқан әйелдер. Мұндай әйелдер көп деуге де болмайды, бірақ жалпылама портреті сондай. Тағы бір сипаты -жалғызілікті, жоғары білімді, қазір карьера жасаумен айналысып жүрген, баласы жоқ әйел. Осындай екі портрет шықты, яғни баласы бар немесе баласы жоқ, бірақ табысы жеткілікті, тұрмысы жақсы әйелдер. Бірақ олардың көбі қызметтегі карьерасы әбден қалыптасатын жасқа толмаған, көбі пәтерді жалға алып немесе әке-шешесімен бірге я жатақханаларда тұрады.

Гүлзада Сержан: - Сауалнамаға қатысқандардың көбі – 80 пайызы - жоғары білімді қыздар. «Лесбилер» дей бастасаң, олардың көбі орыстар деп ойлайтын стереотип бар, бірақ шындығында көбі қазақ қыздары болып шықты. Лесбилердің 82-сі – қазақ, орыстар – 57, ал бисексуалдар арасында 27 қазақ, 15 орыс бар. Орыс, қазақ қыз-келіншектерінен бөлек, өзге ұлт өкілдері де кездеседі.

Жанар Секербаева: - Қыздардың тұрмыс жағдайы әркелкі – біреулерінің табысы өзіне молынан жетеді, енді біреулері туыстарына немесе әке-шешесіне тәуелді. Олар өзінің жыныстық өзгешелігін жарияламайды, өйткені үйден қуып жібермес үшін жасыруға мәжбүр. Өкінішке қарай, отбасында зәбір көру, қорлау, бақсыға емдету, ал полицияда зорлауға ұшырау, жыныстық бопсалау әрекеттері сияқты өрескел оқиғалар болған. Біздің полицияның ЛБК әйелдерге деген көзқарасы - құрметтен мүлде жұрдай. Меніңше, бұл тақырып жеке зерттелуі тиіс.

Азаттық: - Полиция ЛБК әйелдерді зәбірлеуге қатысты қозғалған істерді тексеруден бас тарта ма?

Жанар Секербаева: - Әйелдер неше түрлі қорлайтын, кемсітетін сөздер естімейінше, олар тіпті ЛБК әйелдердің арыздарын да алмайды. Лесби әйел соққыға жығылғаны жайлы арыз беру үшін полицияға барса, оны көру үшін бүкіл полиция қызметкерлері жиналады. Бұған қоса, бәрінің айтатыны - «Жөні түзу адам сияқтысыз ғой, ал әлгі клубты неғып айналшықтап жүргенсіз? Сіздерге сол керек, өйткені әлгі клубта өңкей педофилдер жиналады, соны білмедіңіз бе?», «Шашыңыз ұзын екен, лесбиге қалай айналып жүрсіз?» деген сұрақтар. Полицейлерден туған әке-шешеңнен естімеген сөздерді естіп, көрмеген қорлықты көресің. Полицияның мұндай қылықтарына төзбейтінімізді белсенді ретінде мәлімдеймін. Мұндай шектен шыққан арсыздық, қол жұмсау, бопсалау әлемнің бірде-бір елінде жоқ.

Азаттық: - Әйелдер полицияда зәбірлеуге ұшыраған оқиғалар жайлы айтып қалдыңыз. Қандай нақты оқиғаны айттыңыз және бұл қай қалаларда болған?

Өзіңіз ойлаңызшы, қағаздарыңды өткізейін деп кабинеттерді аралап жүрсең, бірінші қабаттан төртінші қабатқа дейін сені қорлап, жыныстық ерекшелігіңді дөрекі түрде қайталап сұрап, бәрі дәлізге шығып сені мазақ етіп күледі. Мұндай қорлық көрген адам полицияға қайта жүгіне ме?
Жанар Секербаева

Жанар Секербаева: - Алматы, Өскемен, Тараз, Орал, Шымкент – қысқасы бүкіл Қазақстан деуге болады. Полицияда жұмыс істейтіндердің ешқайсысы әйелдермен қалай сөйлесудің жөнін білмейді, әйел адамға «Ал сіз, не, әлгісіз бе?», «Жоғарғы жағың ұлға ұқсайды, ал төменгі жағыңда не барын білмеймін» деген әдепсіз сұрақтар қоюға болмайтынын білмейді. Этикет ережесі, полицей кодексі бойынша (егер оларда ондай кодекс бар болса) адамға «сен» деп сөйлеуге болмайды. Қару асындым, кепка, фуражка кидім, полиция көлігіне міндім екен деп адамдарға бұлай қарауға ешкімнің, тіпті президенттің де құқығы жоқ. Өзіңіз ойлаңызшы, қағаздарыңды өткізейін деп кабинеттерді аралап жүрсең, бірінші қабаттан төртінші қабатқа дейін сені қорлап, жыныстық ерекшелігіңді дөрекі түрде қайталап сұрап, бәрі дәлізге шығып сені мазақ етіп күледі. Мұндай қорлық көрген адам полицияға қайта жүгіне ме? Қазақстан полициясының мұндай қылығы барып тұрған сорақылық. Жыныстық өзгешелігін біле тұра, полицияның ЛБК-қыздардың ісін қарауға көмектескенін әзірше естімеппін.

Гүлзада Сержан: - Медициналық көмекке жүгінген лесби қыздарға дәстүрлі некеде тұру керек деп ақыл үйретіп, лекция оқып кетеді...

Жанар Секербаева: - Дәрігерлер «Сізге осының бәрі керек пе?», «Шыққан ортаңызға оралмайсыз ба?», «Не дейсіз, маған не қыл деп келіп тұрсыз? Сізге психиатрға қаралу керек» дейді. Медициналық білімі бар, Гиппократ антын берген адамдардың қылығы осындай. Олар да лесбиді «қызықтайды», дәрігердің кабинетіне лесби кірсе, бірнеше санитар әйел жиналып барып, есіктен кезек-кезек сығалап тұрады. Қазір қандай сұмдыққа құлдырап бара жатқанымыз Қазақстан қоғамы өресінің таяздығы мен өшпенділігін ғана көрсетпейді. Бізде неге осындай өшпенділік бар? Қазақстандықтар, өздеріңізге «Мен неге адамдарды өзгеше белгісі болса жек көремін?» деген сұрақ қойып көріңіздерші.

Гүлзада Сержан: - Көп адамдар жақындарын қорыққаннан, толық ақпаратты білмейтіндіктен зәбірлейді. Бізде әйелдің орны отбасы, ошақ қасында болуы тиіс, ол қызметші ғана деген пікір қалыптасқан. Көпшілікке әйел – ана, әйел – ерінің жұбайы ғана болуы тиіс деп түсіндіреді... Бірақ адамның әртүрлі болатыны, әртүрлі киінуі мүмкін екені, адамның мұндай ерекшелігінетөзімділік таныту керектігі айтылмайды.

Азаттық: - Қазіргі кезде Қазақстанда ЛБК әйелдерге қай жерде тұру қауіпсіздеу?

Гүлзада Сержан: - Олар Алматы мен Астанаға кетіп қалуға тырысады, өйткені өзге қалаға қарағанда, ол жақтарда ЛБК өкілдері сәл көбірек шоғырланған, ашық жүріп-тұруға, өмір сүруге қауіпсіздеу. Үлкен қала болғандықтан, Алматыда жұрт арасына сіңіп кетуге қолайлы, сондықтан көбі сол жаққа барады.

Жанар Секербаева: - Шеттен келгендер көп. Біз сауалнама жүргізген кезде олардан «Дәл қазір қай қалада тұрып жатырсыз?» деп сұрадық. Мүмкін ол мүлде өзге жерде туған шығар. Егер дүниеге келген қаласын сұрасақ, картина өзгеше болып шығар еді. Алматыда сауалнамаға қатысқан 51 адамның бәрі алматылық емес, Астанада да көбінесе шеттен барғандар.

Азаттық: - Ал өздеріңіз ше, жыныстық ұстанымдарыңыз жайлы айтуға қорықпайсыздар ма?

Жанар Секербаева: - Жоқ, қорықпаймыз, өйткені ақыры зерттеу жүргізіп, қыздар бізге сенгеннен кейін бұл оларға деген құрметіміздің белгісі деп санаймыз. Олармен жолыққанда біз де сендердің топтарыңа жатамыз, бізге сенулеріңе болады дедік. Әлдебір қатерлер барын түсінеміз, қорлап, кемсітуі мүмкін екенін түсінеміз. Бізді мүлде танымайтын, кім екенімізді білмейтін адамдар бізді жек көреді. Олар «бір түрлілеу» қыз-келіншек деген лейблді ғана көреді. Бірақ олар біздің білімімізді, бір-бірімізге қаншалықты жанашыр бола алатынымызды бағаламайды, қандай жандар екенімізді көрмейді. Егер олар бізді осы қырымыздан таныса, олар лейблге мән бермес еді. Ал аяғымыз ақсақ немесе өзге әлдебір ерекшеліктеріміз болса, қайтер еді, сол үшін бізге өштесу керек пе? Меніңше, өштеспейтін еді. Сол сияқты сексуалдық өзгешелік те адамның біліміне, қандай әлеуметтік топқа жататынына қарамайтын белгі ғана.

Азаттық: - Сіздер феминистік ұйымсыздар. Ал Қазақстандағы әйелдер құқығына қатысты жалпы ахуал жайлы не айтар едіңіздер?

Жанар Секербаева: - Халықтың тең жартысынан көбі - әйелдер, бірақ олар заң кеңістігінен мүлде сызып тасталған.

ЛБК-қыздар әйел ретінде де, ЛБК ретінде де екі жақты кемсітушілікке ұшырап отыр.
Гүлзада Сержан

Гүлзада Сержан: - Меніңше, әйелдердің елеулі орны жоқ, әйелдердің көзқарас-пікірі мүлде еленбейді. Әйелдерге «әйел өз орнын білуі тиіс» деген патриархалдық көзқараспен қарайды. Бізді шешуші қызметтерге тағайындамайды. Егер статистикаға қарасақ, қазір ер адамдардан гөрі білімді әйелдер әлдеқайда көп, бірақ әйелдерді шешім қабылдайтын қызметтерге қоймайды, демек ел өз ақшасын кейін кәдеге жаратпайтын адамдарды оқытуға салып жатыр. Білікті әйелдер қаншама, әлгі қызметтерге қойса, бас тартпайды ғой. ЛБК-қыздар әйел ретінде де, ЛБК ретінде де екі жақты кемсітушілікке ұшырап отыр.

Азаттық: - Зерттеулеріңізде ЛБК әйелдерді кемісіту әрекеттері қалай қамтылған?

Жанар Секербаева: - ЛБК әйелдер жұмыста өзінің кім екенін көбінесе айтып қояды, сондықтан кемсітушілікке ұшырап, жұмысынан айырылғандар көп. Кейбірі «жұмыста жеке өмірің жайлы айтпа деп өтінді, ал өзге әріптестерім ас бөлмесінде отырып алып киноға қалай барғаны, қай жерде демалып келгені, үйленгеннен кейінгі саяхаттары кезінде не ішіп-жегенін, күйеуі қандай адам екенін талқылайды». Бұл не деген сегрегация (алалау – ред.)? Біз ЛБК әйелдерге жеке құқықтар берілсін демейміз, біз әйелдерде де баршаға ортақ құқықтар болуы тиіс дейміз. Бірақ Қазақстанда ЛБК әйелдердің құқығын мойындамайды, сондықтан қыздарға өз құқығың үшін күресу керек деп түсіндірдік. Ал әлгі зерттеуміз - соған жетудің бір сатысы ғана.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG