Accessibility links

ФИФА-дағы «коррупция» және Қазақстан


ФИФА президенті Йозеф Блаттер осы ұйымның 65-конргесінде мінбеде тұр. Швейцария, Цюрих, 29 мамыр 2015 жыл.
ФИФА президенті Йозеф Блаттер осы ұйымның 65-конргесінде мінбеде тұр. Швейцария, Цюрих, 29 мамыр 2015 жыл.

Мамырдың 29-ы күні өтетін ФИФА президенті сайлауына екі күн қалғанда осы ұйымның тоғыз шенеунігі және төрт спорт менеджері «коррупцияға қатысы бар» деген айыппен Цюрих қаласында тұтқындалды.

АҚШ-тың бас прокуратурасы «ФИФА шенеуніктері 2010 жылғы футболдан әлем чемпионаты қай елде өтетінін анықтау кезінде пара алған» деп мәлімдеді (Футболдан әлем чемпионаты 2010 жылы Оңтүстік Африка республикасында өтті).

Мамырдың 27-сі күні Вашингтонда баспасөз жиынын өткізген АҚШ бас прокуроры Лоретта Линч 2010 жылғы оқиғаны ғана айтқан жоқ. Оның сөзіне қарағанда, «2011 жылғы ФИФА президенті сайлауы және 2016 жылы АҚШ-та өтетін Америка кубогына дайындық барысында да коррупциялық қылмыстар жасалды деген күдік бар».

Британиялық The Guardian басылымының жазуынша, АҚШ прокуратурасы ФИФА шенеуніктерінің 24 жыл ішінде алған «парасын» 150 миллион АҚШ доллары деп бағалаған. Олар «пара арқылы келісім-шарттар жасап, ақшаны бөлісіп отырған». АҚШ прокурорлары «бұл даудың басы ғана» дейді.

Осы апта Швейцария прокуратурасы да «2018 және 2022 жылғы футболдан әлем чемпионатын өткізетін елдерді анықтау кезінде ақша ұрлады» деп, ФИФА-ның бірнеше қызметкеріне қылмыстық іс қозғады. Алайда Швейцария прокуратурасы күдіктілер есімін жарияламай отыр. 2018 жылғы әлем біріншілігі Ресейде, 2022 жылғы әлем чемпионаты Катарда өтеді.

ТОҒЫЗ ШЕНЕУНІК, ТӨРТ МЕНЕДЖЕР, БІР «ДЕЛДАЛ»

Мамырдың 27-сі күні Цюрих қаласында (Швейцария) тұтқындалғандар қатарында ФИФА-ның екі вице-президенті Джеффри Уэбб пен Эухенио Фигередо, Коста-Рика футбол федерациясы басшысы Эдуардо Ли , ФИФА-ның даму жөніндегі офицері Хулио Роша, ФИФА ұйымдастыру комитеті өкілі Хосе Мария Марин, КОНКАКАФ (Солтүстік Америка футбол федерациясы) өкілі Костас Таккас, КОНМЕБОЛ (Оңтүстік Америка футбол федерациясы) атқару комитеті мүшесі Рафаэль Эскивель, ФИФА экс-вице президенті Джек Уорнер, ФИФА-ның экс-мүшесіНиколас Леос бар.

Блаттердің футболшы Криштиану Роналдуге "Алтын доп" сыйлығын беріп жатқан сәті. Цюрих, 12 қаңтар 2015 жыл.
Блаттердің футболшы Криштиану Роналдуге "Алтын доп" сыйлығын беріп жатқан сәті. Цюрих, 12 қаңтар 2015 жыл.

Олардан бөлек, спорт менеджерлері Алехандро Бурсако, Аарон Давидсон, Хуго және Мариано Хинкис те тұтқындалған. Футбол шенеуніктері мен маркетологтар арасында «делдал болды» деген күдікпен Хосе Маргулис атты адам да қамалған.

Бұған дейін шетелдік басылымдарда Блаттерді «Ресей (2018) мен Катарға (2022) әлем чемпионатын өткізу құқығын сатты» деп айыптаған мақалалар жарияланған еді. Бірақ айып тағылып, тұтқындалғандар арасында ФИФА президенті Йозеф (Зепп) Блаттер жоқ.

Мамырдың 28-і күні Цюрихте ФИФА президенті бұл іске «қатысы жоқ екенін және оның жеке адамдардың қылмысы екенін» мәлімдеп, отставкаға кетпейтінін айтты. 79 жастағы Блаттер 1998 жылдан бері ФИФА президенті болып отыр, осы сайлауда ол бесінші мерзімге өтуге тырысып көреді.

БЛАТТЕР ҚАЙТА САЙЛАНА МА?

Мамырдың 29-ы күні Цюрихте өтетін ФИФА президенті сайлауына екі кандидат түсіп жатыр. Олар - ФИФА-ның қазіргі президенті Йозеф Блаттер мен Иордания ханзадасы Али бин Әл-Хусейн. Португалия футбол құрамасының бұрынғы ойыншысы Луиш Фигу мен Голландия футбол федерациясы президенті Михаэль ван Прааг кандидатураларын алып тастады. Фигу ФИФА-дағы Блаттер «диктатурасына» бойкот ретінде сайлауға түсуден бас тартса, Прааг Әл-Хусейнді қолдайтынын айтқан.

Коррупцияға қатысты бұл шудан кейін УЕФА (Европа футбол қауымдастығы) Варшавада жиын өткізіп, ФИФА сайлауын шегеру туралы ұсыныс айтқан. ФИФА оған қатысты пікір білдірген жоқ. Блаттер «қазір тергеу ісіне көмектесіп жатқанын» ғана мәлімдеді.

УЕФА президенті Мишель Платини (оң жақта) ФИФА президенті сайлауына түсіп жатқан Иордания ханзадасы Али бен Әл-Хусейнмен сөйлесіп отыр. Цюрих, 29 мамыр 2015 жыл.
УЕФА президенті Мишель Платини (оң жақта) ФИФА президенті сайлауына түсіп жатқан Иордания ханзадасы Али бен Әл-Хусейнмен сөйлесіп отыр. Цюрих, 29 мамыр 2015 жыл.

Қазір футбол шенеуніктері мен жанкүйерлері арасында «Блаттер ФИФА президенті болып бесінші рет сайлана ма?» деген сауал талқыланып жатыр. УЕФА президенті Мишель Платини «Блаттер 2011 жылы сайланғанда «соңғы мерзімі» деп ойлағанбыз. Бірақ ол осы сайлауда да жеңуі мүмкін. Блаттер футболды дамыту үшін емес, ФИФА-ны басқарған 17 жылда жасаған былықтары ашылып қалмауы үшін қам жасап жатыр» деп мәлімдеді.

ФИФА туралы «Сатылған футбол» деректі фильмінің авторы, германиялық журналист Роберт Кемпе де «сайлауда Блаттер жеңеді» деп болжайды.

Кемпе Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында «Ол ФИФА даму бағдарламасын өзіне тиімді етіп жасап алған. Мәселен, Кариб аралдарына жыл сайын 250 миллион доллар аударады. Монсеррат сияқты бес мың тұрғыны бар аралға да ақша беріп отыр. Бұл елдер үшін ФИФА-дағы дау маңызды емес, оларға ФИФА-ның ақшасы керек. Ал олардың дауысы Германия немесе Ресеймен бірдей есептеледі. Блаттерге Еуропа мен Африка федерациялары да дауыс береді. Мәселен, Африка футбол федерациясы басшысы оған 54 дауыс жинап беретінін айтқан. Блаттер ФИФА президенттігіне тағы сайлануы мүмкін» деді.

«​БЛАТТЕРДІҢ САЙЛАНҒАНЫ ҚАЗАҚСТАНҒА ТИІМДІ»​

Блаттер Қазақстанға алғаш президент Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы, Австрия түрмесінде қайтыс болған Рахат Әлиев Қазақстан футбол федерациясын басқарып тұрғанда, 2001 жылы келген. 2004 жылы Алматы облысы Талғар қаласындағы футбол академиясы іргетасын қалады. 2009 жылы Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Блаттерді «Достық» орденімен марапаттап, Блаттер «Қазақстан футболын дамыту үшін бар көмегін жасайтынын» мәлімдеген. Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) алғашқы президенті Құралбек Ордабаев:

Қазақстан футбол федерациясының алғашқы президенті Құралбек Ордабаев.
Қазақстан футбол федерациясының алғашқы президенті Құралбек Ордабаев.

- ФИФА - бай ұйым. Мен федерацияны басқарғанда ФИФА Қазақстанға бірнеше рет қаржы бөлген. Қазір де Қазақстан футболына қаржы бөліп келеді. Қазақстанға Блаттер көзқарасы жақсы, бізге оның қайта сайланғаны тиімді, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Қырғызстан футбол федерациясы мамырдың 29-ы өтетін «сайлауда Блаттерді қолдайтынын» мәлімдеді. Ал Ресей спорт министрі Виталий Мутко «ФИФА президенттігінде Блаттерді көргісі келетінін» бұған дейін айтқан.

ФИФА президенті сайлауына Қазақстан футбол федерациясы президенті Ерлан Қожағапанов қатысады. ҚФФ қай кандидатқа дауыс беретінін әзірге білдірген жоқ. Сайлауда 209 елдің футбол федерациялары құпия түрде дауыс береді.

XS
SM
MD
LG