Accessibility links

Студенттік киноға қатысушылар әр қырынан танылды


«Бастау» фестивалі президенті Сергей Азимов (оң жақта) сөйлеп тұр. Оның сырт жағында (үш жүргізушінің оң жақ шетіндегі) Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова тұр. Алматы, 24 қазан 2016 жыл.
«Бастау» фестивалі президенті Сергей Азимов (оң жақта) сөйлеп тұр. Оның сырт жағында (үш жүргізушінің оң жақ шетіндегі) Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова тұр. Алматы, 24 қазан 2016 жыл.

Алматыда «Бастау» халықаралық студенттер фильмі мен киномектептері фестивалі өтіп жатыр. Қазақстандық студенттердің фильмдері көбінесе жеке адамның ішкі күйзелісін көрсетеді.

Осы аптада Алматыда басталған алтыншы «Бастау» халықаралық студенттер фильмі мен киномектептері фестиваліне қатысуға биыл 305 өтініш түскен. «Алматы» сауда - ойын-сауық орталығындағы Bekmambetov Cinema 3D кинотеатрында фестивальға іріктеліп алынған, жанры бойынша ойын, ойын емес және анимациялық киноға жататын 57 фильм көрсетіледі.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ФИЛЬМДЕР ТАҚЫРЫБЫ

Фестивальдің іріктеу комиссиясының мүшесі, режиссер Азат Хакімовті Оңтүстік-Шығыс Азиядан бастап Батыс Еуропаға дейін, одан әрі Солтүстік Америкадан Атлант мұхиты арқылы жеткен фильмдердің географиялық ауқымы тәнті еткен.

- ТМД елдерінен де, алыс шетелден де қатысып жатқан кинокартиналар өте жоғары деңгейде. Сондықтан кейде тіпті екеуі де жақсы шыққан жұмыстың бірін таңдауға тура келді. Тақырыптары да өте ауқымды. Авторлар ең алдымен ішкі толғанысын көрсетуге тырысқан. Біз бұл студенттік кино екенін және қазір жастар көбінесе өздерін мазалайтын тақырыптарды қозғауға тырысатынын түсінуіміз керек. Кемел шақтағы авторлар деңгейінде түсірілген деуге болатын картиналар да бар. Олар «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобының Еуропадағы ықпалы, миграция, әлеуметтік теңсіздік тәрізді тақырыптарды арқау еткен, - дейді Азат Хакімов.

Оның түсіндіруінше, ИМ, босқындар тақырыбындағы фильмдерді еуропалық, бірақ кейбірі шығыс елдерінде туып-өскен авторлар түсірген. Мысалы, Германиядағы мигранттардың тыныс-тіршілігі туралы фильмді Германияның тегі түрік тұрғыны түсірген. Ал Үндістан, Сингапур киномектептерінің кей шығармаларында әлеуметтік теңсіздік тақырыбы қозғалады.

Азат Хакімовтің айтуынша, қазақстандық фильм авторлары көбінесе жеке адамның ішкі күйзелісін негізге алған.

- Бірақ әлдебір кейіпкерлердің, тіпті жас баланың жеке тағдыры арқылы өзекті тақырыптар қозғалады. Мысалы, қарақшылық немесе ересектердің заңға қайшы әрекеттерінің түп-тамыры қайдан шығатыны көрсетіледі. Жүйенің ересек адамға ықпалы және мұны баланың түйсінуге тырысуы суреттеледі. Мәселен, жайлаудағы оқиғаны баяндайтын «Шопан қызы» тәрізді мәдениетіміздің элементтері қамтылған фильмдер бар.

Ресейлік кинорежиссер Иван Магдесьян. Алматы, 24 қазан 2016 жыл.
Ресейлік кинорежиссер Иван Магдесьян. Алматы, 24 қазан 2016 жыл.

Азат Хакімов кей фильмдердің сан қатпарлы екенін айтады. Ол Эльдар Рязановтың «Жестокий романс» фильмі түсірілген кезде пайдаланылған дөңгелегі бар пароход туралы картинаны ерекше атап өтті. «Пароход “Достоевский”... А напоследок я скажу...» атты ол фильмді ресейлік Иван Магдесьян түсірген.

- Әлгі пароходтың тағдыры – қираған жүйенің, күйреген әлдебір кинематографиялық тағдырдың образы. Онда индустрия, кинематограф, туристік бизнеспен байланыстырылған мықты тұстар бар.

«Бастау» фестивалі президенті Сергей Әзімовтен фестивальде таныстырылған фильмдердің әлеуметтік тақырыбы жайлы айтып беруін сұрадық.

– Жастар киносы априори әлеуметтік тақырыпта түсірілген болып келеді. Тіпті тікелей әлеуметтік бағыты болмаса да, жастар фильмі жақсы не жаман консерватизмнен ада. Олардың өмірге көзқарасы өзгеше. Ал бұның әлеуметтік мәні бар. Біздің кинофестиваль өзіндік кино тілін іздеуді, авторларға бір-бірімен тәжірибе алмасу, үйрену мүмкіндігін беруді көздейді. Әлеуметтік тақырыптарды қамтитын фестивальдер бар да, ауқымды әрі маңызды міндеттер қоятын фестивальдер бар, «Бастаудың» негізгі мақсаты да осы – кино түсіруді үйрену. Фестиваліміз осынысымен қызықты әрі құнды, - дейді Сергей Әзімов.

УКРАИНАДАҒЫ КИНО МЕН СОҒЫС

Алматыдағы алтыншы «Бастау» фестивалінде таныстырылған әлеуметтік тақырыптағы фильмдер арасынан Украина кинематографистерінің Sad face («Мұңлы жүз» - «Грустное лицо») кинолентасын айрықша атауға болады. 2016 жылғы шілдеде 18-бүкілресейлік Шукшин кинофестивалінде бұл шығарма «Жеке тұлға мен жүйенің сәйкессіздігі жайлы әлеуметтік трагедияны бейнелі түрде ашқаны үшін» дипломымен марапатталған.

Украиналық режиссер Роман Кириченконың «Мұлы жүз» фильмінің постері.
Украиналық режиссер Роман Кириченконың «Мұлы жүз» фильмінің постері.

Фильмді киевтік жас кинорежиссер Роман Кириченко 20 ғасырдағы неміс әдебиетінің классигі Генрих Бёллдің «Мұңлы келбетім» («Мое грустное лицо») әңгімесінің желісімен түсірген. Бұл - оқиғасы ойдан шығарылған мемлекетте өрбитін антиутопиялық фильм. Оның бас кейіпкері жұрттың бәрін бақытты болуға міндеттейтін заңы бар елде үнемі жабырқап жүретіні үшін сотталады. Ол түрмеден босап шыққан соң тағы сотталады. Бұл жолы ол әміршінің қазасына орай жарияланған қаралы күндері жүзінен бақыт белгісі байқалғаны үшін кінәлі болады. Бас кейіпкерді елде заң жүзінде рұқсат етілген жазалау тәсілдерін қолданып, яғни ұрып-соғып тергейді.

«Бастау» фестивалі іріктеу комиссиясының мүшесі Азат Хакімовтің сөзінше, Генрих Бёллдің әңгімесі алғаш рет ондаған жыл бұрын жарияланғанымен, фильмдегі қазіргі заманға тән көріністерді ғимараттар, кейіпкерлердің киімі, пайдаланған ұялы телефондары, сөйлеген сөздері арқылы сезінуге болады.

- Биыл Украинадан келіп жатқан фильмдерден әлдебір балама көзқарас байқалады. «Мұңлы жүз» фильмі қозғаған тақырыптың өзі қазір Украинада қоғамға ой салар процестер болып жатқанын көрсетеді, - дейді украиналық автордың еңбегі жайлы қазақстандық режиссер.

Фестиваль ұйымдастырушылары халықаралық қазылар алқасының төрағасы Владимир Меньшовқа «Әлемдік кинематографияны дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығын табыс етті. Алматы, 24 қазан 2016 жыл.
Фестиваль ұйымдастырушылары халықаралық қазылар алқасының төрағасы Владимир Меньшовқа «Әлемдік кинематографияны дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығын табыс етті. Алматы, 24 қазан 2016 жыл.

Фестивальде көрсетілген тағы бір шығарма туралы айта кету ләзім. Украинаның шығысындағы Луганскіде түсірілген бұл фильмде халықаралық қауымдастық Ресейді айыпты санайтын Шығыс Украинадағы қарулы жанжал кезіндегі мәдениет пен соғыс жайлы сөз болады. Фильмді Луганск мемлекеттік мәдениет және өнер академиясының студенті София Шагаевская таныстырды. Мысалы, ресейлік «Аға» («Брат») фильмінде актер кіші Сергей Бодров сомдаған кейіпкер «Аға, не күшті?» деген сұраққа «Шындық - күшті» деп жауап берсе, София Шагаевская күш - музыкада деп біледі. Оның фильмі де дәл осылай – «Музыка күші» деп аталады. Ол Луганск академиялық симфониялық оркестр музыканттары, соңғы жылдары олар өткерген қиындықтар, олардың музыканы қорғаныш етіп, соның көмегімен өз тыңдарманы – Луганск халқы мен өзгелерді соғыс ауыртпашылығын, шарасыздық пен үрейді жеңуге қалайша тырысып жатқаны жайлы баяндайды.

Биылғы «Бастау» фестиваліндегі енді бір жаңалық - халықаралық көше киносы фестиваліне ұсынылған фильмдерден тұратын конкурстан тыс бағдарлама болды. Бұл фестивальге қатысуға ниет білдірген бір мың өтініш түскен, ең үздік сегіз фильм таңдап алынған. Оларды қазанның 27-і күні сағат 15.00-тен 17.00-ге дейін Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында көруге болады.

«Ерекше оқиға» бағдарламасы да - «Бастаудың» жаңалығы. Бұл бағдарламаға үш картина енген. Әуелі көрермендерге қазақстандық режиссер Елзат Ескендірдің «Өліара» фильмі ұсынылды. Бұл туынды Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен 21-кинофестивальде қысқа метражды фильмдер арасында ең үздік деп танылған. Сәрсенбі күні Владимир Меньшовтың «Құдайлар қызғанышы» («Зависть богов») фильмін көрсетеді. Ал қазанның 27-і күні көрермендер жуырда дүниеден озған ирандық режиссер Аббас Киаростамидің «Мені ала кет» («Забери меня с собой») фильмін көреді.

XS
SM
MD
LG