Accessibility links

Ерлан Ыдырысов Лондонда «жиһадшылар» жайын да түсіндірді


Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов. Астана, 19 тамыз, 2013 жыл.
Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов. Астана, 19 тамыз, 2013 жыл.

Қарашаның 21-і күні Лондонға барған сапарында сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «қазақстандық жиһадшыларды» елге қайтаруға күш салып жатқанын мәлімдеді.

Лондонда журналистерге жауап берген Ерлан Ыдырысов «Сириядағы қазақстандық жиһадшылар» туралы айтты.

"СИРИЯДАҒЫ ЖИҺАДШЫЛАР" ЖӨНІНДЕ

BBC-дің өзбек қызметінің хабарлауынша, Ерлан Ыдырысов «елде исламдық радикалдық жағдайдың бой көрсетуін» «ешкім күтпеген таңғаларлық жағдай» болғанын атап өткен. Ол қазіргі кезде сыртқы істер министрлігінің оларды еліне қайтаруға күш салып жатқанын айтқан.

Бұған дейін сыртқы істер министрі «Таяу Шығыста жүрген қазақтар» жайлы деректер мұқият тексеріліп жатқанын мәлімдеген еді.

Қазан айында интернетте "Сирияға жиһад жасауға кеткен жүз елу қазақстандық" туралы видеоролик жарияланды. Азаттық тілшілері видеодағы азаматтардың туыстарымен сөйлесіп, олардың онға жуығының аты-жөнін анықтады.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті видео жазба жөнінде «үгіттеу мақсатында түсірілген, әрі оны біздің азаматтар жасамаған» деп, бейнекөріністегі адамдардың кім екені тексеріліп жатқанын хабарлады. Ал сыртқы істер министрлігі видеода көрсетілген адамдардың «Қазақстан азаматтары екенін растайтын не жоққа шығаратын мәлімет министрлікте жоқ» деп мәлімдеді.

"ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ" ЖАЙЫ

Журналистер Ыдырысовтан Қазақстандағы "адам құқығының күрделі жағдайы" туралы сұраған.

Ерлан Ыдырысов адам құқығына қатысты жағдайдың күрделі екендігі туралы халықаралық ұйымдар мен батыс елдері басшылары мәлімдемелерін «негізсіз» деп атады.

Оның айтуынша, «шетелдегі көп адам Қазақстанда не болып жатқанынан хабарсыз, хабары бар деген адамдардың мәліметтері негізсіз».

- Соның салдарынан Қазақстандағы жағдай туралы қате түсінік қалыптасқан. Бірақ Батыс мемлекеттерінен жасыратын ешқандай құпиямыз жоқ. Біз - толықтай демократиялық ел болмасақ та, демократияға әрекет етіп жатқан мемлекетпіз, - деді ол.

Біз - толықтай демократиялық ел болмасақ та, демократияға әрекет етіп жатқан мемлекетпіз.
Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов
Заңсыз есірткі тасымалдау мәселесін баяндаған министр "Ауғанстаннан халықаралық күштердің шығарылуы заңсыз есірткі тасымалын көбейтуі мүмкін" деп болжаған.

Ол қазір де Ауғанстаннан есірткі тасымалының аз емес екенін, «өкінішке қарай» Қазақстанның есірткінің транзиттік жолы бойында орналасқанын еске салды.

Халықаралық ұйымдар "адам құқығының нашарлап бара жатқанын" айтып, Қазақстанды жиі сынап келеді. Заң бұзушылықтар қатарына кісі өлтіру, адам өліміне алып келген әскери әлімжеттік, тұтқындалғандар мен сотталғандарды азаптау, түрмедегі жағдайдың нашарлығы, заңсыз тұтқындау және қамауға алу, азаматтардың жеке өміріне заңсыз араласу, дін бостандығын шектеу, саяси партияны тіркеу, т.б. аталады.

Бірақ Қазақстан билігі бұл айыптардың "негізсіз" екенін үнемі қайталаумен келеді.

УКРАИНА МЕН ЕУРАЗИЯ ОДАҒЫ

Ерлан Ыдырысов Лондондағы корольдік институтта сөз сөйлеп, Ресей, Қазақстан, Беларусь бірігіп құрғалы отырған Еуразия Одағы туралы да айтқан.

Ыдырысов «Еуразия кедендік және экономикалық одағы соңғы 80 жылдық экономикалық тарихқа, өндірістің ортақ ерекшеліктеріне негізделген. Сондықтан, Украинаның орны - Еуразия Одағы» деп мәлімдеген.

«Қазір Ресей, Қазақстан, Беларусь одақтың жұмыс тәсілдері мен тұжырымдамасын келісіп жатыр. Ешкім ешкімге қысым жасап отырған жоқ. Әр елдің ұлттық мүддесі мен жеке мақсаттары бар. Келіссөздер арқылы бір мәмілеге келу жолдары қаралып жатыр» дейді Ыдырысов.

Министрдің айтуынша, "2015 жылы қаңтардың 1-інен бастап Еуразия Одағы жұмысын бастайды. Бірақ ол Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық процестердің басы ғана".

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ерлан Ыдырысовтың Лондонға ресми сапармен барғанын бүгін хабарлады. Министр ресми кездесулермен қатар Chatham House халықаралық қатынастар институтында болып, елдің сыртқы саясаты жайлы сөз сөйлеген. Министрліктің хабарлауынша, Ыдырысов Лондонда Қазақстан елшілігінің жаңа ғимаратын ашып, ВВС арнасына сұқбат берген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG