Accessibility links

Тағы бір бұрынғы вице-министрдің соты басталады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Жемқорлық айыбы тағылған бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өміраевтің ісі сотқа жетті. Оның кінәсіз екеніне сенімді ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков «егер айыбы дәлелденсе, отставкаға кетемін» деп мәлімдеген еді.

Қазақстан ауыл шаруашылығы министрінің бұрынғы орынбасары Мүсілім Өміраевқа «100 мың доллар пара алған» деген айып тағылған. Лауазымды шенеунікті тұтқындау жайлы қаржы полициясы жариялаған видеожазбада полицейлер қатталған ақшаны көрсетіп тұр. Видеода Мүслім Өміраевтің өзі орындықта отырғаны көрінеді.

Бұл видеода ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты мал шаруашылығы департаменті директоры Мақсұт Бақтыбаевты тұтқындау сәті де бар. Оған «700 мың теңге көлемінде (үш жарым мың доллардан аса) пара алды» деген айып тағылған. Бірақ видеожазбада Бақтыбаев қылмыс үстінде ұсталған адамға ұқсамайды, керісінше, өзін сабырлы ұстап, сұрақтарға байыппен жауап беріп, тіпті кейде есінеп те қояды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің екі шенеунігі былтыр желтоқсан айында тұтқындалған. Мақсұт Бақтыбаевтың соты өтіп, үш жыл шартты мерзімге сотталған ол қамаудан босатылған. «Пара алу» бабы бойынша ақталғанымен, сот оны да «қызмет бабын асыра пайдалану», «кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру», «біреудің дүние-мүлкін заңсыз иемдену немесе ысырап қылу» баптары бойынша айыпты деп таныды.

Өміраевтің соты қыркүйектің 2-сі күні Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта басталады. Тергеу болжамы бойынша, ол ветеринарлық препараттарды мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңуге көмектесемін деп кәсіпкерден пара алған.

МИНИСТРДІҢ СЕРТІ

Қазақстан ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Мүсілім Өміраевтің айыпты екеніне сенбейді. Министр Мамытбековтің мәлімдеуінше, «Өміраев мемлекеттік сатып алу жөніндегі комиссия құрамында ешқашан болмаған әрі комиссияны басқармаған, сондықтан конкурс қорытындысына ықпал ете алмайтын еді. Ветеринария саласы мәселелеріне қатысы болмаған, ал ветеринарлық препараттарды сатып алу конкурстарын ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті өткізеді».

Қазақстан ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков. Ресми сайттағы сурет.
Қазақстан ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков. Ресми сайттағы сурет.

Facebook желісіндегі парақшасында Мамытбеков «Мүсілім Тайырұлы біреуден пара алды, әсіресе ақша бопсалады дегенге онша сенбеймін. Оны адал азамат, принциптеріне берік адам ретінде білемін. Өз ісінің шебер маманы. Бұл арандату болуы мүмкін» деп жазады.

Министр бұрынғы орынбасарын «арандату» кімге тиімді екенін болжап көруді ұсынады. Ол ауыл шаруашылығы министрлігінде 2011 жылы мемлекеттік бюджет ақшасын тиімді жұмсалғанын растайтын деректер келтіреді. Оның мәлімдеуінше, 2011 жылы ветеринарлық препараттар бойынша өткізілген мемлекеттік сатып алу конкурстарына жұмсалған ақша көлемі орташа есеппен 40 пайызға азайған. Министр Мамытбеков «Ал кейбір позициялардың бағасы бірнеше есеге, яғни жүздеген пайызға азайған. Яғни мемлекеттің ақшасы бұрын бір жаққа кетіп отырған? Оған тосқауыл қойылды» деп жазады.

Ол егер сот Мүсілім Өміраев коррупциялық қылмыс жасады деп тапса, үкім шыққан соң бірден «отставкаға кетуге әзір» екенін мәлімдеген.

Мүсілім Өміраев ауыл шаруашылығы министрлігінде 2011 жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс істеген. Тараз қаласының тумасы, Мәскеу тұтынушылар кооперациясы университетінің 20 жастағы түлегі Мүсілім Өміраев Мәскеудегі «Русские фермы» халықаралық қорының қаржы директоры болған. «Қазақстан президенті әкімшілігі мен үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясын» басқарған, Қазақстан президенті істерін басқарушының орынбасары және премьер-министрдің кеңесшісі қызметтерін атқарған.

XS
SM
MD
LG