Accessibility links

Назарбаевты Абай мен Вашингтонға теңеді


«Бірінші Назарбаев оқулары - Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» форумы. Астана, 29 қараша 2012 жыл.
«Бірінші Назарбаев оқулары - Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» форумы. Астана, 29 қараша 2012 жыл.
«Назарбаев оқуларында» оны Абай мен Вашингтонға теңеді. Әлемнің 51 елінен мейман келген бұл жиында «Назарбаевтың болмысын бір ғана форум аясында ашу мүмкін емес» дегендер де болды.

Қарашаның 29-ы күні Астанадағы Назарбаев университетінде «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» деген тақырыпта «Назарбаев оқулары» халықаралық форумы басталды.

«ВАШИНГТОН МЕН НАЗАРБАЕВ»

Алғаш ұйымдастырылған форумға қатысуға 1 мың 500 өтініш түскен. Қазір форумға Италия, Ұлыбритания, Ресей, Румыния, Сингапур, АҚШ, Франция секілді әлемнің 51 елінен келген ғалымдар қатысып отыр.
«Бірінші Назарбаев оқулары - Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» форумына келген қонақтар. Астана, 29 қараша 2012 жыл.
«Бірінші Назарбаев оқулары - Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» форумына келген қонақтар. Астана, 29 қараша 2012 жыл.

Екі күн өтетін жиында негізінен Қазақстан президентінің мемлекет басқарған жылдары ішкі және сыртқы саясат пен экономикада жеткен жетістіктері ғана әңгімеге арқау болмақ.

Форумды жүргізіп отырған «Назарбаев орталығының» директоры Қанат Саудабаев:

- Қазақстанның даму жолы мен Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа тәуелсіз мемлекет құрған стратегиясы, жасампаз еңбегі әлемдегі көптеген елдерде салмақты талдаулар мен терең зерттеулердің нысанасына айналды, - деді.

Бұдан соң сөз алған мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед «АҚШ үшін Джордж Вашингтон мен Томас Джефферсон қандай тұлға болса, Назарбаев та сондай деңгейдегі тұлға» деп мәлімдеді.

- Ешқандай көтермелеусіз-ақ Нұрсұлтан Назарбаев - барлық қазақстандықтар үшін елдің негізін салушы, - деді Құл-Мұхаммед.

«АБАЙ МЕН НАЗАРБАЕВ»

«Планетарлық деңгейдегі саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлының халықаралық деңгейдегі ұсыныстары қолдау тауып отырғанын» айтқан Қазақстанның білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Назарбаевты Абаймен теңестірді.

- «Әуелі ол заманда елбасы... болады»» деп жазған еді ұлы Абай. Болашақты болжаған Абай бабамыз қандай ұлы болса, халық, заман сынынан мүдірмей өтіп келе жатқан Назарбаев та сондай ұлы тұлға, - деді ол.

БҰҰ бас хатшысының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, «Назарбаев есімі әлемде Семей полигонын жабу туралы шешімімін ерекшеленеді». Бұл турасында ол:

- Ешқандай елбасшы осы секілді іс істеген жоқ, - деді.

Назарбаевтың "даралығын" Тоқаев мынандай сөздермен де айтып өтті:

- Қазіргі әлемде Қазақстан президентіне тәжірибесі, даналығы, ерік-жігері, көрегендігі, нәтижесі жағынан балама жоқ, сондықтан оны шетелдерде ғаламдық саясаткер деп атайды.

«БІР ФОРУМ ЖЕТПЕЙДІ, КӨП ФОРУМ КЕРЕК»

Тоқаев «Назарбаевтың болмысын бір ғана форум аясында толық ашу мүмкін емес екеніне байланысты осы секілді кездесулерді көптеп өткізу қажеттігін» айтты.

«Бірінші Назарбаев оқулары - Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» форумына қатысып отырған БҰҰ бас хатшысының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 29 қараша 2012 жыл.
«Бірінші Назарбаев оқулары - Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» форумына қатысып отырған БҰҰ бас хатшысының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 29 қараша 2012 жыл.
БҰҰ бас хатшысының орынбасары Қазақстан президентінің "ядролық қарусыздануға қосқан үлесін" айтқан кезде бұрынғы Ливия президенті Муаммар Каддафидің 1992 жылы Қазақстан сыртқы істер министрлігіне жазған хатын сөз етті.

Оның айтуынша, Каддафи Назарбаевқа «Мұсылман елдеріндегі алғашқы атом бомбасы ретінде Қазақстандағы ядролық қаруларды сақтап қалуды» өтінген. Ол үшін Каддафи миллиардтаған қаржылық көмек көрсете алатынын да жеткізген.

Азаттық тілшісі сөйлескен шетелдік делегаттардың бірі, Оңтүстік Кореядан келген тарихшы Сон Енг Хун «Қазақстанда мұндай форумның өткені дұрыс» деп санағанымен корей халқының тарихында мұндай оқулардың жоқ екенін айтады.

- Президентке байланысты оқулар жоқ. Бірақ президенттіктен кеткеннен кейін, оның еңбегіне баға беретін оқулар болады. Оны профессорлар ұйымдастырады, - деді тарихшы.

Қазақстандағы саяси оппозиция мен бірқатар қоғамдық белсенділер президент Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау шараларын сынға алып, мұндай акцияларды "жеке басқа табыну көрінісі" деп сипаттап келеді. Биылғы желтоқсанның 1-інде бірінші рет мемлекеттік деңгейде аталып өтетін "Тұңғыш президент күні" мейрамын ұйымдастыру кезінде президент Назарбаевқа арналған ресми іс-шаралар күрт көбейді. Астана қаласының әкімдігі мен білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша республикалық ауқымда ұйымдастырылатын мадақтау акциялары қарашаның 29-ында басталып бір апта бойы жалғаспақшы.
XS
SM
MD
LG