Accessibility links

Әблязовті Ресейге экстрадициялау мәселесі шешілмек


Оппозициялық тұлға әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов Францияда. 15 тамыз 2010 жыл.
Оппозициялық тұлға әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов Францияда. 15 тамыз 2010 жыл.

Оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовті экстрадициялау мәселесі Ресей өтініші бойынша өтетін бүгінгі сотта шешілуі мүмкін. Ал Мәскеуде «Әблязов ісіне қатысы бар» орыс ұлтшылы ұсталды.

Қазанның 17-сі күні Лион қаласының аппеляциялық соты оппозициялық тұлға әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы істі қарайды. Ал бір аптадан кейін, яғни қазанның 24-і күні Әблязовті экстрадициялау туралы Украинаның өтінішіне қатысты да шешім шықпақ.

Украина мен Ресей билігінің «қаржылай алаяқтық жасады» деген айыптаулары негізінде 2013 жылдың жазында тұтқындалған саяси эмигрант Мұхтар Әблязовтің Францияның оңтүстігіндегі түрмеде отырғанына бір жылдан асты. Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыптардың «саяси астары бар» деп санайды.

Бүгінгі сот қарсаңында, «БТА Банк салымшыларының бірнеше миллард доллар ақшасын жымқырған» деген айыпқа қатысты қылмыстық істі тергеу аясында Мәскеуде «Заңсыз иммиграциямен күрес қозғалысының» бұрынғы жетекшісі Александр Поткин (Белов) ұсталды.

РЕСЕЙ МЕН УКРАИНА ТАҚҚАН АЙЫПТАР

Биыл қаңтарда Экс-ан-Прованс соты «Мұхтар Әблязовті Ресей немесе Украинаға экстрадициялауға болады» деген үкім шығарған, бірақ шілде айында Францияның кассациялық соты ол үкімнің күшін жойған еді. Бұл аралықта Украинада билік ауысып, Виктор Януковичтің авторитарлық режимінің орнына Петр Порошенконың демократиялық үкіметі келді. Әблязовтің жақтастары «Украина енді өз өтінішінен бас тартуы мүмкін» деп үміттене бастады.

Әблязовті қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шағымды Ресейдің саяси басшылығы Қазақстан өтініші бойынша берді.

2009 жылы Қазақстан билігі БТА Банктің «алты миллиард долларын жымқырды» деген айып таққаннан кейін Ресейде Әблязовке қарсы қылмыстық іс қозғалған. Бұл банкті Әблязов құрып, басқарған еді.

Ресейде Әблязов пен оның серіктеріне «Еуразия логистик» және «Еуразия» компаниялары арқылы Ресейдегі жобаларға салынған 4 миллиард 500 миллион долларды жымқырды деген айып тағылған. 2011 жылы Ресейде Әблязовке «80 миллион доллар жымқырды» деген тағы бір айып тағылды.

Мұхтар Әблязовтің мүддесін Ресейде қорғайтын адвокат Марк Фейгин Лиондағы сотқа да қатысып жатыр. Ол Ресейге зиян келмегендіктен, бұрынғы қазақстандық банкирге қатысты қылмыстық іс Ресейде қозғалмауы әрі тексерілмеуі тиіс еді деп санайды.

Адвокат Марк Фейгин.
Адвокат Марк Фейгин.

- Әблязов - Қазақстан азаматы, банк те, оның активтері де қазақстандық әрі Ресей резиденттері мен ұйымдарына несие бермегендіктен, тағылған экономикалық сипаттағы айыптар Ресейде тексерілмеуі тиіс. Бірақ Әблязовті қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шағымды Ресейдің саяси басшылығы Қазақстан өтініші бойынша берді. Қазақстан басшылығы мен билік органдары бұл істің процессуалдық барысына тікелей араласып отырғаны анық байқалады, - дейді адвокат Марк Фейгин Азаттық тілшісіне.

Мұндай өзара әрекеттестіктің бір белгісі ретінде ол Қазақстан үкіметінің бақылауына өткеннен кейін бұрынғы басшысы Әблязовтің үстінен Ұлыбритания сотына шағымданған БТА Банк қызметкерлері дайындаған сараптамалық материалдар мен анықтама, ұйғарымдарды атайды. Бұл іс бойынша түпкілікті үкім шықпаған, бірақ осы сот өндірісі аясында «сотты құрметтемегені үшін» Әблязовті 22 жылға қамау туралы шешім шыққан.

Украина үкіметінің қуғындағы банкир мен саясаткерге қатысты қандай шағым-талабы бар екені белгісіз.

Ел президенті Петр Порошенко баспасөздің Әблязовтің ісіне қатысты сұрақтарына берген комментарийінде «Украина оны осы елдің территориясында қылмыс жасаса ғана экстрадициялауды талап ете алады» деп мәлімдеген. Бірақ Украина бас прокуратурасы өкілдері Азаттықтың «Украинада Әблязов қандай қылмыстарға қатысты айыпталады?» деген сұрағына екінші рет жауап бере алмады.

БАЛДЫЗДАН КЕЙІН ПОТКИН КҮДІККЕ ІЛІНДІ

Адвокат Марк Фейгин «Мұхтар Әблязовтің Ресей немесе Украинаға экстрадициялау ісі бойынша сотта жеңіп шығамын деп үміттенуіне негіз бар» дейді. Оның айтуынша, қыркүйекте Лионда өткен тыңдауда сотталушы Әблязов пен оның адвокаттары барлық уәж-айғақтарын келтіріп, өз позицияларын толық мәлімдеуге мүмкіндік алған.

Бұл ашық пікір таластырған әрі тәуелсіз процесс болды. Мұхтар Әблязов ұзақ сөйледі әрі нақты уәждер айтты.

- Бұл ашық пікір таластырған әрі тәуелсіз процесс болды. Мұхтар Әблязов ұзақ сөйледі әрі нақты уәждер айтты. Өзі туралы, кезінде министр болғанын, одан кейін түрмеге түсіп, бір түрмеден екіншісіне қалай ауыстырылғанын, қалай азаптағандарын айтты. Судья бұл жайттарды мұқият тыңдап отырды, - дейді адвокат Марк Фейгин Азаттық тілшісіне.

Бір қызығы, Франция сотының үкімі жарияланады деген тұста Мәскеуде «Заңсыз иммиграциямен күрес қозғалысының» бұрынғы жетекшісі Александр Поткин (Белов) ұсталды. Тергеу болжамына қарағанда, Поткин мен оның серіктері қаржы құрылымынан заңсыз шығарылған активтерді бірнеше жылдан бері БТА Банктің бұрынғы қожайыны Мұхтар Әблязовтің атынан басқарып келген. Мәскеулік «Коммерсант» газетінің жазуынша, «Русские» ұлттық бірлестігі жетекшісі Дмитрий Дёмушкин Поткиннің тұтқындалуын оның Ресейдегі ұлтшыл ұйымдарды қолдауымен және «Орыс маршын» ұйымдастыруға қатысуымен байланыстырады.

Мұхтар Әблязовтің әйелі Алма Шалабаева (сол жақта) мен қызы Мәдина Аблязова Франциядағы сотта отыр. 9 қаңтар 2014 жыл.
Мұхтар Әблязовтің әйелі Алма Шалабаева (сол жақта) мен қызы Мәдина Аблязова Франциядағы сотта отыр. 9 қаңтар 2014 жыл.

Ал Қазақстанда қаржы полициясы Мұхтар Әблязовтің балдызы Сырым Шалабаевты «қылмыстық іске қатысы бар» деп жариялады. Әблязовтің әйелі Алма Шалабаеваның інісінеп «ірі көлемдегі ақшаны жымқыруға көмектескен» деген айып тағылды. Тергеу болжамына қарағанда, Сырым Шалабаев БТА Банк мемлекет меншігіне өткеннен кейін Әблязовтің жасырын активтерін басқарып, миллиондаған долларды шетелге шығаруды ұйымдастырған. Қаржы полициясының бұл мәлімдемесі Сырым Шалабаевтың аты-жөні Интерпол арқылы іздеу жарияланғандар тізімінен алынып тасталды деген хабардан соң жарияланды.

Ал Әблязов Қазақстанда оны президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынағаны үшін саяси астары бар себептермен қудалап отыр деп есептейді. Былтыр халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Франция билігін Мұхтар Әблязовті экстрадициялау ісінің сотта әділ қаралуын қамтамасыз етіп, оны Қазақстанға тапсыруы мүмкін елдерге экстрадицияламауға шақырған.

XS
SM
MD
LG