Accessibility links

Қазақстандағы мұнай мен бензин бағасы


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда жанар-жағармай бағасы жыл сайын қымбаттайды. Ел билігі «баға биыл бірінші тоқсанның аяғына дейін қымбаттамайды» деп уәде берген еді. Бір ерекшелігі, сыртқы нарықта мұнай бағасының қымбаттауы немесе арзандауы елдегі ішкі бағаға онша әсер етпейді.

ДИНАМИКА

Отын түрлерінің бағасы әлемдегі мұнай бағасына тікелей тәуелді екені белгілі. Мұнай қымбаттаған сайын отын да қымбаттай түседі. Бірақ Қазақстанда жанар-жағармай материалдары бағасы мұнайдың әлемдегі бағасына қатысы жоқ ішкі логикамен реттелетін ерекшелігі бар.

Қазақстан статистика агенттігі деректері бойынша, 2003-2012 жылдары әлемдегі мұнай бағасы 3,7 есе өскен. Ал елдегі ең «өтімді» АИ-80 маркалы бензиннің бір литрінің бағасы 2,2 есе, АИ-92 – 2,5 есеге ғана, бірақ дизель отынның бағасы 3,9 есеге өскен.

Мұнай мен отынның кейбір түрлерінің жылға шаққандағы орташа бағасы, доллармен

Көрсеткіштер Жылдар
2003 2004 2005 2006 2007 2008 2009 2010 2011 2012
мұнай/тонна 221 311 411 462 665 322 540 679 781 807
АИ-80/литр 0,27 0,37 0,38 0,48 0,60 0,48 0,45 0,48 0,59 0,60
АИ-92/литр 0,30 0,43 0,46 0,61 0,71 0,64 0,55 0,60 0,72 0,74
дизель/литр 0,20 0,35 0,39 0,46 0,58 0,62 0,47 0,53 0,68 0,78

Мұнай мен негізгі мұнай өнімдері бағасы біркелкі өспегенін Азаттық тілшісі құрастырған кестеден байқауға болады. Мұны мемлекеттің ішкі «ерекше» факторларымен түсіндіруге болатын сияқты. Мысалы, 2009 жылы мұнай бағасы 67 пайызға өскенімен, отын бағасы екі жыл бойы арзан болды. Кейбір мамандар мұны теңгенің құнсыздануымен байланыстырады.

Азаттық тілшісі құрастырған кестеде мұнайды сыртқы нарықтағы бағасы мен Қазақстандағы АИ-80, АИ-92 маркалы бензин мен дизель отын бағасының динамикасы көрсетілген (АҚШ долларымен):



БЕНЗИН НЕГЕ ҚЫМБАТТАЙДЫ?

Былтыр қазан айында АИ92/93 маркалы бензиннің бір литрінің бағасы (қосымша құн салығын қоса есептегенде) 110 теңгеден 115 теңгеге дейін, АИ-80 – 89 теңгеге, дизель отыны 102 теңгеге дейін өсті. Қазақстан табиғи монополияларды реттеу агенттігі (АРЕМ) баға қымбаттауының екі себебін атайды. Біріншіден, Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің кесімді бағасы тамыз айындағы 109 доллардан қыркүйекте 113,68 долларға дейін көтерілді. Екіншіден, Қазақстан АИ92/93 маркалы бензиннің 40 пайызға жуығын Ресейден алуға мәжбүр.

Бұдан бөлек, бағаның қымбаттауы елдің халықаралық міндеттемелеріне де байланысты түсіндіріледі. Мысалы, биыл жыл басында мұнай өнімдерін темір жолмен ішкі тасымалдау тарифтері қымбаттады. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі сарапшылары «Қазақстан мұнай тасымалдау тарифтерін бекіткенде ДСҰ талаптары,Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында құрастырылған темір жол қызметі тарифтерін реттеу туралы келісімге сүйенеді» деп түсіндіреді.

Жанармай құйып жатқанын ескертетін жазу. (Көрнекі сурет)
Жанармай құйып жатқанын ескертетін жазу. (Көрнекі сурет)
Ал OilNews.kz порталының бас редакторы Сергей Смирновтың мақалаларында баға қымбаттауының басқа себептері де аталған. Оның пікірінше, бағаның қымбаттауына нарықты шектен тыс монополиялау мен мұнайды жарытымсыз өңдеу кінәлі.

«Казпотребнадзор» бақылау кеңесінің төрағасы Талғат Әбдіжапаров мұнайдың әлемдегі кесімді бағасының қымбаттауын сылтаурату дұрыс емес деп есептйді.

Tengrinews агенттігі Талғат Әбдіжапаровтың «Қазақстанда бензин Brent маркалы мұнайдан емес, сапасы төмен әрі арзан сорттарынан жасалады. Ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге бөлінген мұнай бағасы нарықтық бағадан көп төмен әрі тәуелсіз жүргізілген есепке қарағанда, бензиннің өзіндік құнындағы мұнай бағасының үлесі 60 пайыздан аз» деген пікірін жариялаған.

ӘЗЕРБАЙЖАН МЕН ЕУРОПАДАҒЫ БЕНЗИН БАҒАСЫ

Қазақстандағы статистикалық деректерге сәйкес, 2013 жылы жанар-жағармай материалдарының орташа бағасы АИ-80 — 0,58 доллар, АИ-92 — 0,75 доллар, АИ-95 — 0,94 доллар, дизель отыны — 0,75 доллар болған.

Қазақстанда жанар-жағармай материалдары бағасы мұнай өндіруші көрші Әзербайжан елімен салыстырғанда біршама төмен. Бұл ел де мұнайды көп көлемде экспорттайды. Әзербайжанның мемлекеттік кеден комитетінің есебінше, 2013 жылы елдің жалпы экспортындағы мұнайдың үлесі 84,44 пайыз болған.

Бакудегі жанармай құю бекеттерінің бірі. 3 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Бакудегі жанармай құю бекеттерінің бірі. 3 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Әзербайжанда жеті жыл бойы тұрақты болған жанар-жағармай материалдары бағасы желтоқсанның басында ғана көтерілді. Мысалы, АИ-95 маркалы бензин қазір 1,02 доллар, АИ-92 және АИ-80 — 0,89 доллар, дизель отыны — 0,77 доллар тұрады. Жанар-жағармай материалдары бағасының қымбаттауы жергілікті халықтың наразылығын тудырып, интернетте Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке мыңдаған адам қол қойған петиция жарияланды.

Ал басқа елдердегі баға шамасы қаңтарда мынадай болды: АИ-95 маркалы бензиннің бағасы Ресейде - 0,97 доллар, Германияда – 2,031 доллар, мұнай өндіруші Норвегияда – 2,55 доллар, мұнайды Қазақстаннан алатын Италияда 2,35 доллар болған.

Мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Руслан Меделбек қатысты.
XS
SM
MD
LG