Ұлыбританиядағы қазақ мәдениеті орталығы төрағасы Исмаил Кесижимен Азаттық тілшісі қазанның 29-ы күні жыр мүшайрасы, сурет көрмесі және термешілер сайысы өткен шетел қазақтары өнер фестивалінде, Астана қаласында кездесті. Фестивальге арнайы келген ол Азаттыққа берген сұхбатында шетелдегі қазақ жастарына тіл үйретудің тиімді тәсілі ретінде «қазақ диаспорасына арнап телеарна ашылса» деген тілегін білдірді.
Азаттық: – Исмаил Кесижи мырза, Ұлыбританияда тұрғаныңызға қанша жыл болды?
Исмаил Кесижи: – 1986 жылдан бері тұрып жатырмын. Түркияда тудым, Түркиядан бардым. Ата-бабамыз нәубетті заманда Индия, Пәкістанға өтіп, Түркияға 1953 жылы келген. Түпкілікті жеріміз Көкшетау өңірі екен. Мамандығым – электроника инженері. Англияға (бұдан ары Ұлыбритания - ред.) барған соң сән, тоқыма дизайны саласына көштім.
Азаттық: – Ұлыбританияда қанша қазақ отбасы бар?
Исмаил Кесижи: – Түркия арқылы барған 45 үйдей бармыз. Оның сыртында, Қазақстаннан келіп, әртүрлі жұмыс істеп жатқан 100-ге жақын отбасы бар. Бұдан бөлек, британиялықтарға күйеуге тиген 250-ден астам қазақстандық қыздарымыз бар. Қытай, Моңғолиядан келген 3-4 үй және бар. Саны үш мың мен төрт мың арасында өзгеріп тұратын, Қазақстаннан келетін студенттеріміз бар. Бәрін қоссақ, бірталай қазақ боламыз.
Азаттық: – Араласып тұрасыздар ма?
Исмаил Кесижи: – Шама-шарқымыз жеткенше. Өткен жылы Ұлыбританияның көп университеттерінде Наурыз мейрамын өткіздік. Оны «Болашақ» бағдарламасымен Қазақстаннан келген студенттер бастады, біз қолдап, қосылдық. Біз басқарған шараларға олар да қосылып тұрады. Қазақ елшілігі, қазақ диаспорасы және қазақстандық студенттер қосылып, «үш бұрышты қоғам» болып тұрмыз.
Азаттық: – Сіз тәп-тәуір қазақша сөйлейді екенсіз. Қазақ тілін қайдан үйрендіңіз?
Исмаил Кесижи: – Біріншіден, Түркияның қазақ ауылында тұрдым. Алты жасыма, мектепке барғанға дейін басқа тіл білмедім. Әрине, кейін Стамбулға көшкен кезде тілді ұмыта бастадым. Бірақ, бақытыма қарай, 1974 жылы 12 жасымда Қазақстаннан адрес тауып, хат алысып жүрдім. Жазған хат үш айда келіп жететін. Сол кездері кириллицаны үйрендім. Кейіннен кітаптар алып, оқи бастадым. Екінші жағынан, әйелім - қазақстандық. 1992 жылы Қазақстанға келгенімде үйленгем. Осының бәрі тілді ұмытпауыма үлкен себеп болған шығар.
Азаттық: – Ұлыбританиядағы қазақ мәдениеті орталығы нендей қызмет етеді?
Исмаил Кесижи: – Қазақ мәдениеті орталығы тіркеуден өтіп, қызмет жасап келе жатқалы 10 жылдан асты. Оның алдында қоғамдық ұйым ретінде жұмыс жасады. Еуропадағы мәдени орталықтардың жұмыстары ұқсас. Айт, Құрбан айт, Наурыз сияқты мейрамдарды ұйымдастырып, бас қосып тұрамыз. Желтоқсанның 19-ы күні Еуропа [қазақ] жастары конференциясы өтеді, қазір соған дайындалып жатырмыз. Бұл конференция осымен бесінші мәрте өткелі отыр. Бұған дейін Еуропа қазақ жастарына қазақ диаспорасы тарихы, қысқаша қазақ тарихы туралы айтқанбыз. Осы жолғы тақырып - Қазақ хандығының 550 жылдығы. Одан бөлек, қазақ диаспорасы жастарының түрлі проблемаларын көтермекпіз.
Азаттық: – Еуропадағы қазақ жастары алдында қандай проблемалар бар?
Ең басты мәселе – қазақ тілі. Еуропа жастарына қазақ тілін үйрену ағып жатқан суға қарсы жүзумен тең. Бұл жұмыс бір сәтке тоқтаса, енді қайтып ұстатпайды. Оны түсініп, әрекет етіп жатырмыз.
Исмаил Кесижи: – Ең басты мәселе – қазақ тілі. Еуропа жастарына қазақ тілін үйрену ағып жатқан суға қарсы жүзумен тең. Бұл жұмыс бір сәтке тоқтаса, енді қайтып ұстатпайды. Оны түсініп, әрекет етіп жатырмыз. Қазір әр сенбіде жастарға қазақ тілін үйретіп жүрміз. Бірақ, аптасына өтетін екі сағаттық бұл сабақтан жастар тіл үйреніп жатыр деуге келмейді. Елге де (Қазақстанды айтады – ред.) қарайлап отырған жайымыз бар. Тіл үйретудің ең үлкен амалы теледидар екеніне көзім анық жетті. Неге десеңіз, Еуропада туып өскен, өмірінде Түркияға барып көрмеген, түрік мектебінде оқымаған мұқым қазақ баласы түрікше сайрап жүр. Себебі, олардың үйлерінде түрік телеарналары қосулы тұрады. Түркияның 250-ден астам каналы спутник арқылы тарайды. Дәл осы секілді балаларға арналған қызықты қазақ тілді телеарналар Еуропоға жетсе, бала тілі тез шығар еді. Ондай күнге жетсек, сенбілік мектеп ашып, сабақ берудің қажеті болмай қалады. Ал Kazakh TV телеарнасы - үш тілде хабар тарататын ақпараттық канал. Диаспора балаларына арналған деуге келмейді.
Азаттық: – Еуропадағы қазақ жастарына қазақ тілін үйренуге кириллица әліпбиі де кедергі шығар?
Исмаил Кесижи: – Кирилл таңбасын үйренуге ұзағанда бір-екі күн ғана кетеді. Сосын жеңіл бірлі-екілі кітап оқыса, ары қарай алып кетеді. Ұлыбританияға келген қазақ жастары 5-6 айда ағылшынша таза сөйлеп кетеді ғой. Бұл не? Бұл – талап! Бірінші адамның сөйлегісі келуі керек. Ол үшін ұлттық сезімді ояту керек.
Азаттық: – Ол сезімді Ұлыбританияға барған қазақ студенттері мысалымен көрсетуге болатын шығар?
Ол аз ойланып отырды да, «Орысша сөйлейтін қытайлар ма?» деп қарсы сұрақ қойды... Олар орысша сөйлейтін азиялықтардың қайдан келгенін таппай, «кім?» деп ойлайды.
Исмаил Кесижи: – Бұл сұрағыңызға бір мысалмен ғана жауап берсем деймін. Өткенде Оксфорд университетіне іссапармен бардым. Жолай таксист «Кім боласыз? Қайдан келдіңіз?» деп сұрады. «Қазақстаннан. Қазақтарды білесіз бе?» дедім. Ол аз ойланып отырды да, «Орысша сөйлейтін қытайлар ма?» деп қарсы сұрақ қойды. Бұл сөзді олар бізге түр-әлпеті ұқсайтын вьетнамдықтарға, кореялықтарға, жапондарға айтпайды. Себебі, олар өз тілінде сөйлеп тұрады. Ал орысша сөйлеп тұрған азиялықтардың қайдан келгенін таппай, «кім?» деп ойлайды. Бұл менің намысыма тиеді.
Азаттық: – Өздеріңіз, немесе Еуропада туған қазақ жастары Қазақстанға көшіп келуге қаншалықты құлықты?
Исмаил Кесижи: – Еуропадағы қазақтың саны - әрі кетсе жеті мың. Оның бәрі көшіп келіп, осындағы қазақ санын көбейте қоймайды. Біздің бір ойымыз - жастарымыздың бір бүйрегі Қазақстанға тартып тұрса дейміз. Екінші бүйрегі болған туып-өскен мемлекеттерінде жақсы оқып, білім алғанын қалаймыз. Келешекте Еуропадан Қазақстанға барып қызмет етіп, пайдасын тигізсе дейміз. Ол үшін жастарға Қазақстанды танытып, қарым-қатынасты жиілету керек. Ал «жаппай көшіп кел» дегенге ешкім келе қоймайды.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!