Accessibility links

Жылқышы мен полиция


Ауруханада жатқан жылқышы Алшынбек Омаров.
Ауруханада жатқан жылқышы Алшынбек Омаров.

Алматы облыстық қадағалау органы жылқышы Алшынбек Омаровтың туыстарының «Ақсу аудандық полиция бөлімінде оны азаптады» деген арызы бойынша тергеу амалдарын бастаған.

Гүлзада Омарова 40 жастағы ағасы Алшынбек Омаровты биыл қаңтардың 7-сі күні Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханаға барып көрген.

ПОЛИЦИЯҒА ШАҚЫРУ

Алшынбектің қарындасы «дені сап-сау ағам тергеушінің шақыртуы бойынша қаңтардың 3-і күні Жансүгіров кентіндегі аудандық ішкі істер бөліміне қылмыстық іске қатысты көзбе-көз беттестіруге кеткен» дейді. Бірақ Гүлзаданың айтуынша, полиция қызметкерлері туыстарына хабарлауға мұрсат берместен оны тұтқындап, тергеу абақтысына жауып тастаған.

Алшынбек Омаровтың қарындасы Гүлзада Омарова.
Алшынбек Омаровтың қарындасы Гүлзада Омарова.

- Түнге қарай алаңдап, оны іздей бастадық. Оны қамап қойғанын таңертең аудандық ішкі істер бөліміне барған кезде білдік. Прокуратура қызметкерлері оны кепіл ақшаға босатып алуға болатынын айтты. Үш күннен кейін ақша тауып, оны босатып алдық. Үйге әкелген кезде бауырымның халі нашарлап, қан құсты. Сондықтан оны облыстық ауруханаға апардым. Дәрігерлер «бас сүйегі мен миына зақым келген әрі кеудесі жаншылған» деген диагноз қойды, - дейді Гүлзада Омарова.

Алшынбек халі нашар екеніне қарамастан Азаттық тілшісімен сөйлесуге келісті. Ол «полицейлер азаптады» дейді.

- Қаңтардың 3-і күні тергеуші мені Ақсу аудандық ішкі істер бөліміне көзбе-көз беттестіруге шақырды. Адвокатымнан «Барайын ба?» деп сұрап едім, ол «Бара бер» деді. Полиция бөлімі дәлізінде тергеуші Марлен қабырғамнан бірнеше рет ұрып жіберген кезде еденге басыммен құладым. Кейін олар мені камераға кіргізіп, ферма қожайындарының үстінен арыз жазуымды сұрады. «Олар бай адамдар, ақша беріп құтылып кетеді, ал сен сотталасың» деді. Бәрі жабылып мені мұқатып, тынымсыз балағаттаумен болды. Полицейлер қайта-қайта аяқ киімімді шешкізіп, бетон еденде жалаңаяқ тұруға мәжбүрледі. Камераға суық кірсін деп сыртқы есікті ашып тастады. Бір кезде халім нашарлап кеткенін көріп жедел жәрдем шақырды. Фельдшер келіп, димедрол дәрісін екті, - дейді ол.

Алшынбек Омаров бағатын жылқылар.
Алшынбек Омаров бағатын жылқылар.

Жылқышының «полицияға жедел жәрдем шақырды» деген сөзін Ақсу аудандық аурухананың жедел жәрдем станциясы қызметкерлері де растайды. Бірақ Алшынбек Омаровты ауруханаға полиция бөлімінен жөнелтпей, оны төрт күннен кейін туысы әкелген. Азаттық тілшісіне журналдағы жазбаны көрсеткен жедел жәрдем станциясы меңгерушісі Бахтияр Камалов полициядан түскен шақыруға барған фельдшердің «5-6 қабырғасы сынған» деп алдын-ала қойылған диагнозы бар науқасты ауруханаға неге әкелмегенін баяндады.

- Ондай диагноз қойылса, оны бірден ауруханаға әкеліп, рентгенге түсіріп, емдеу шараларын бастауы тиіс еді. Енді науқасты ауруханаға не себепті әкелмегенін фельдшерден сұрап, мән-жайды анықтаймыз, - дейді Бахтияр Камалов.

ПОЛИЦИЯ АЗАПТАУ ШАҒЫМЫН ТЕРІСТЕЙДІ

Ішкі істер департаменті Алшынбек Омаровтың жарақатына қатысты өз болжамын мәлімдеді. Жылқышы «азаптады әрі мұқатып кемсітті» деп айыптаған тергеуші Марлен Мұхамедияровтың айтуынша, тұтқындалған адам полицияға сырқаттанып келген әрі полицейлерге сырқатының себебін «жуырда аттан құлап қалдым» деп түсіндірген.

- Омаров келген кезде ауырып тұрғанын айтып шағымданды. Біздің дәрігер оны қарап шықты, бірақ қауіпті ештеңе таппады, ол ыңқылдай бастағанда жедел жәрдем көлігін шақырдық, - дейді Марлен Мұхамедияров.

Алматы облысы ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Жанат Сарқытов. 12 желтоқсан 2015 жыл.
Алматы облысы ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Жанат Сарқытов. 12 желтоқсан 2015 жыл.

Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Жанат Сарқытов оқиғаға қатысты: «Омаров қылмыстық іске күдікті ретінде тергеуге іліккен. Тергеу амалдарына кедергі келтіріп, яғни жәбірленушілерді үгіттей бастаған соң оны Ақсу аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу абақтысына жапқан. Қаңтардың 6-сы күні Ақсу ауданы прокуроры оны кепіл ақшаға босатқан» деген комментарий берді.

«Қадір-қасиет» қоғамдық ұйымы төрайымы, заң ғылымы кандидаты Анар Ибраеваның пікірінше, тергеудегі кісі халінің нашарлап тұрғанын мәлімдеген болса, Ақсу ішкі істер бөлімі қызметкерлері Алшынбек Омаров полицияға келген алғашқы сағаттардан бастап заң бұзған.

- Полиция қызметкерлері ішкі істер министрлігінің бұйрығын бұзған. Егер тергеудегі кісі өзін жайсыз сезінсе, олар тәуелсіз сот-медициналық сарапшысын шақырып, оның мәлімдемесін куәландыруы тиіс еді. Сосын оны медициналық мекемеге апарып жатқызып, туыстарына ескертуі тиіс болатын, - дейді Анар Ибраева.

Қазір Алшынбек Омаров облыстық аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесінде емделіп жатыр. Ал 200 жылқыны 18 жастағы ұлы мен әйелі Гүлмира бағып отыр. Олардың фермасы Ақсу ауданы Көлтабан кентінен 10 километр жерде.

XS
SM
MD
LG