Adam bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева соттың басылымды жабу туралы шешіміне қарсылық белгісі ретінде қаңтардың 19-ы күні жариялаған аштығын жалғастырып жатыр. Ол тек су ішеді. Гүлжан Ерғалиева сот пен прокуратурадан журналды жабу туралы шешімді өзгертіп, айыппұл көлемін азайтуды және сот шешімін орындаушылар әрекетінің заңға сәйкестігін тексеруді талап етеді.
Adam bol журналы 2014 жылы желтоқсанның 24-і күні қалалық әкімдіктің талап-арызы бойынша сот шешімімен жабылған. Журналды жабуға онда жарияланған бір мақала себеп болған. Әкімдіктің ішкі саясат бөлімі мақалада «соғысты насихаттау» белгілері бар деп санайды. Редакцияның пікірінше, журналды жабу туралы шешімнің «саяси астары» бар.
Гүлжан Ерғалиеваның ұлы Аян Шәріпбаев Азаттық тілшісіне анасының денсаулығының бірқалыпты болғанымен, созылмалы сырқаттары қозғанын хабарлады.
- Қан қысымы ауытқи береді, ми тамырлары тарылғандықтан басы ауыратын болды. Оның үстіне жасы да келіп қалған адам, қазір 63-те ғой, - дейді Аян Шәріпбаев.
Оның айтуынша, Гүлжан Ерғалиеваға күн сайын дәрігерлер келіп, тексеріп кетеді.
- Олар бүгін де біз жоқта келіпті, - дейді Гүлжан Ерғалиеваның баласы.
Қаңтардың 24-і күні Алматыда Гүлжан Ерғалиеваны қолдау акциясы өтті. Таңертең ұстап, полиция бөлімшесіне апарғандықтан, акцияға Гүлжан Ерғалиеваның өзі қатыса алмады. Оны бөлімшеде бірнеше сағат ұстап, акция аяқталған соң ғана босатқан.
ВИДЕО: Гүлжан Ерғалиеваны қолдаушылар акциясы
НАИБ-ИМАМНЫҢ АРЫЗЫМЕН САЛЫНҒАН АЙЫППҰЛ
Adam bol журналы 2014 жылы күзде Алматыдағы орталық мешіт наиб-имамы Ерсін Әміремен соттасып, жеңілген. Дауға Adam bol журналының былтыр ақпанда шыққан санында жарияланған «Сирия соғысындағы қазақстандық майдан» («Казахстанский фронт сирийской войны») мақаласы себеп болған.
Ерсін Әміре мақалада жарияланған кейбір деректерді «ар-намысымды қорлап, іскерлік беделіме нұқсан келтіретін жалған мәліметтер» деп есептейді. Имам Adam bol журналы иесі ADAMDAR компаниясынан 5 миллион теңге (27 мың 500 долларға жуық) өндіріп беруді сұрап, Медеу аудандық сотына талап-арыз берген.
Сот процесі барысында сот төрелігі таразысы үнемі екі жаққа кезек ауытқып тұрды.
Әуелі Медеу аудандық соты Ерсін Әміренің талап-арызын жартылай қанағаттандырып, Adam bol журналынан Ерсін Әміренің пайдасына 2 миллион 500 мың теңге (13 мың 800 долларға жуық) өндіруге қаулы еткен. Ол кезде журнал басшылығы «мұндай соманы төлеуге шамамыз келмейді» деп апелляциялық шағым берген.
Ал Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы өтемақы көлемін одан ары азайтып, Adam bol журналынан 500 мың теңге (2 мың 700 долларға жуық) өндіру туралы қаулы шығарды. Апелляциялық соттан кейін журнал басшылығы айыбын мойындамағанымен, бұл шешімге риза болған. Бірақ талапкер Ерсін Әміре шешімге көңілі толмай, кассациялық шағым берген.
ВИДЕО: Ерғалиеваның «президентпен серуен» атты наразылық акциясы
Былтыр қарашаның аяғында Алматы қалалық сотының кассациялық алқасы Медеу аудандық соты мен Алматы қаласы апелляциялық соты шешімінің күшін жойып, Алматы орталық мешітінің наиб-имамы Ерсін Әміренің талап-арызын толық қанағаттандырды және Adam bol журналының иесі ADAMDAR компаниясын Әміреге талап-арызда көрсетілген 5 миллион теңгені төлеуге міндеттеді.
ADAMDAR компаниясы басшысы Аян Шәріпбаевтың Азаттық тілшісіне айтуынша, мұндай айыппұл төлеуге басылым иесінің шамасы келмейді. Ол айыппұлды әлі төлемегенін, ал қазір жоғарғы сотқа кассациялық алқа шешіміне қатысты шағым әзірлеп жатқанын айтты.
Аян Шәріпбаевтың айтуынша, сот процесі жүріп жатқан кезде сот шешімін орындаушылар ADAM bol журналының иесі ADAMDAR компаниясы мүлкі ғана емес, жеке азаматтардың да мүлкіне қамау салған. Оның ішінде Аян Шәріпбаевтың жеке көлігі мен әке-шешесінің пәтері де бар.
Қаңтардың 26-сы күні Adam bol журналы басшылығының сот шешімін орындаушылардың әрекетіне қатысты апелляциялық шағымы қаралды. Гүлжан Ерғалиева өтемақы талап етіп отырған Алматы орталық мешітінің наиб-имамы Ерсін Әміреге бітімге келуді ұсынды. Ол бұл ұсынысты имамға жеткізетінін айтты. Судья отырысты қаңтардың 29-ына ауыстырды.
БАСЫЛЫМДЫ ӘКІМДІК АРЫЗЫМЕН ЖАБУ
Adam bol журналының сот сергелдеңі айыппұл өндірумен аяқталған жоқ. Былтыр қарашада Adam bol журналы тағы бір сотқа тартылды. Қарашаның 18-і күні Алматы қаласы ішкі саясат басқармасы «журнал мақалаларының бірінде соғысты насихаттау белгісі бар» деген уәжбен редакцияның үстінен талап-арыз түсірген. Басқарма журналды жауып, мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінің күшін жоюды талап еткен.
Ал бір тәуліктен кейін, қарашаның 20-сы күні Медеу аудандық соты «арыздағы талаптарды қамтамасыз ету» үшін журналды шығаруды және таратуды уақытша тоқтату туралы ұйғарым шығарды. Сол күні сот шешімін орындаушылар журнал редакциясы кеңсесі есігіне мөр басып, дайын тиражды тәркіледі. Бұл - Adam bol журналы қызметі іс жүзінде тоқтаған күн.
ВИДЕО: Adam bol журналы бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның аштығы
Adam bol журналы іс жүзінде шықпағанымен, ақпанның 5-іне дейін қағаз жүзінде әлі жұмыс істейді деп саналады. Өйткені былтыр қараша-желтоқсан айларында Алматының Медеу аудандық сотында Алматы қаласы әкімдігінің Adam bol журналына қатысты талап-арызы қаралған. Желтоқсанның 24-і күні судья Әсел Әбішева талап-арызды толық көлемде қанағаттандыру туралы шешімін жариялаған.
Журнал басшылығының апелляциялық шағым беруіне байланысты соттың бұл шешімі әлі күшіне енген жоқ. Өйткені шағым қаралып жатқан кезде бірінші сот шешімі күшіне енбейді.
Adam bol журналының апелляциялық шағымы ақпанның 5-інде Алматы қалалық сотында қаралады деп белгіленген. Тараптардың кассациялық шағым берген-бермегеніне қарамастан, апелляциялық сот шешімі заң бойынша бірден күшіне енуі тиіс.
Гүлжан Ерғалиева – белгілі қазақстандық журналист. Ол «Мир» телерадиокомпаниясы филиалын басқарып, Қазақстандағы «31 арна» телеарнасында «Қоғамдық келісім» ток-шоуы сияқты медиажобаларды құруға қатысқан. «Сөз» газетінде редактор болған, «Свобода Слова» газетін ашып, басқарған. Кейін Guljan.org сайты мен Adam reader’s журналын ашып, басқарған. Сайт сот шешімімен жабылған, ал мемлекет лицензиясын қайтарып алған Adam reader’s журналына шықпай жатып тыйым салынған.
Гүлжан Ерғалиева «Невада-Семей» қозғалысы, «Қазақстан халық конгресі» партиясы, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы мен партиясы, оппозициялық «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы президиумы мүшесі болған.