Accessibility links

БТА «Халық Банкінің» иелігіне өтуі мүмкін


«Қазақстан Халық Банкі» басшылығы БТА-ның бақылаушы пакетін сатып алмақ ниеті бар екенін жариялады. Сонымен қатар, Қазақстан үкіметі ел экономикасының дамуына қатысты оптимистік мәлімдеме жасап отыр.


ҚАРЫШТАЙ ДАМУ ЕКПІНІ

«Қазақстан үкіметі 2010 жылғы ұлттық экономиканың өсуі жөніндегі болжамын 7 пайыз деңгейіне дейін көтерді» деп жазады Интерактив инвестор сайты. Мұндай мәлімдемені премьер-министр Кәрім Мәсімов мамырдың 11-і күні жасады.

Бұған ұлттық экономиканың биыл жыл басынан бергі 4 айда былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда шапшаң дамуы негіз болған. «Үкіметтің бұдан бұрын осы жылға жасалған болжамы 1,5-2,0 пайыз мөлшерінде болатын» деп атап көрсетеді сайт.

Халықаралық нарықтағы мұнай мен металл бағасы артқандықтан экономика шапшаң өсіп барады. Бұл қазба байлық түрлері – ел экспорттайтын басты тауарлар. Өткен жылы Орталық Азиядағы пайдалы қазба кендеріне бай осы мемлекеттің экономикасы тек 1,2 пайыз ғана өсіп еді дейді сайт.

Сонымен қатар, Қазақстанның несие беру нарығындағы бұрынғы қызу белсенділіктің бірте-бірте қайта оралатын нышаны байқалады. Бұл сала, кен өндіру саласымен қатар, экономикалық дағдарыс басталғанға дейін Қазақстан ұлттық экономикасының тез дамуына негіз болған еді.

Банкир сайтының жазуына қарағанда, өздерін дефолт деп жариялаған 4 ірі банктің екеуі - «Темірбанк» пен «Альянс банк» - төлем қабілетсіздігіне байланысты туған қиыншылықты табысты түрде еңсеріпті.

Ұлттық нарықтағы бұл ахуалдан соң халықаралық инвесторлардың Қазақстан банктеріне деген сенімі қайтадан артты. Қазір ел банктері ішінен тұғыры ең мықтылары «Банк ЦентрКредит» пен «Қазақстан Халық банкі» болып тұр деп хабарлайды сайт.

«ХАЛЫҚ БАНКІ» БАЙЛЫҚҚА ШАШ-ЕТЕКТЕН КЕНЕЛІП ОТЫР

«Біздің бағалауымыз бойынша, қазір Қазақстанның сенімді деп есептелетін банкілерінің өтем қабілеті 5 миллиард АҚШ долларына тең. Олар қайтадан белсенді түрде несие бөле бастаса, онысы табиғи заңдылық болып табылар еді. Алайда, қазіргі несие беру деңгейі 2004 жылғы деңгейдің межесінен арта алмай отыр. Ол кездері айына 2 миллиард доллар несие берілетін. Ал ең жоғары деңгейі 10 миллиард доллар болған» дейді Visor Capital компаниясының маманы Жан-Кристоф Лермузье.
Бұдан бұрынырақ Блумберг агенттігі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен күйеу баласы Тимур Құлыбаев иелік ететін «Қазақстан Халық Банкі» БТА Банкті сатып алуы мүмкін деп хабарлаған еді. БТА Банк инвесторлар мен несие берушілерге тиесілі қарыздарына байланысты әлі күнге дейін қатарға қосыла алмай жатыр.

«Елдегі активі жөнінен қаржы саласында жұмыс істейтін екінші мекеме болып саналатын «Халық Банкі» Қазақстандағы «жақсы активтерді» сатып алуға даяр» деп мәлімдеді аталған банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова Алматыда журналистерге берген сұхбатында.

«Егер банктер сатылатын болса, оларды, мысалы, Ресейдің «Сбербанкіне» ғана емес, елдің бәріне бірдей ұсыну керек» деп атап көрсетті Үміт Шаяхметова.
«Қазақстан Халық Банкінің» басшысы осы банктің бұдан бұрын хабарланған көлемі 500 миллион долларға тең келетін облигацияларды сату туралы жоспарынан бас тартуы мүмкін екенін де тілге тиек етті. Себебі қазір банк қарамағында 5 миллиард доллардай артық ақша, «артық өтімділік» қаражаты қордаланып қалып отыр.
БТА-ны өз иелігіне алған «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры былтыр БТА Банкті Ресейдің «Сбербанкіне» сатпақ ойы бар екенін жария еткен.

«ХАЛЫҚ БАНКІ» БТА-НЫ ДА ЖҰТА МА?

Сәуір айында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы қызметін атқаратын Қайрат Келімбетов «бұл қор алдағы 3-5 жыл ішінде БТА Банкіндегі өзінің үлесін сатуды жоспарлап отыр» деген еді. «Самұрық-Қазына» қорының қарамағындағы активтердің жалпы көлемі шамамен 70 миллиард долларға тең. Олардың 27 пайыздайын «Халық Банкінің» жалпы және артықшылықты акциялары құрайды деп түсіндіреді «Блумберг» агенттігі Қазақстан қор биржасына сілтеме жасап.
Үміт Шаяхметова қазір «Халық Банкінің» мемлекет қолындағы үлесін қайта кері сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Ол үлестің құны 60 миллиард теңге (410 миллион доллар) болады.

Бұл банктің қазір сенімді клиенттерге ұзақ мерзімді несие ретінде 300 миллион долларға дейін қаражат бөле алатын қауқары бар. Бірақ «қазір осындай ешбір инвестициялық жоба болмай отыр» деп атап көрсетті Үміт Шаяхметова.

«Халық Банкінің» жетекшісі жуықта банктің Алматыдағы жаңа кеңсесінде президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, несиелеу мен банк холдингтері туралы мемлекеттік ережелерге енгізіледі деген түзетулерді талқылағанын тілге тиек етті. Қаржы маманы бұл түзетулерді енгізуге теріс қарайтынын жасырмады.
«Үкімет осы түзету нәтижесінде банктердің сақтандыру және лизингтік компанияларға, зейнетақы қорлары мен брокерлік фирмаларға иелік етуіне тыйым салуы мүмкін» деп түсіндіреді Үміт Шаяхметова. «Біз мұның кесірінен бизнесті әр тараптандыруға қатысты мүмкіндігімізден айырылып қалуымыз мүмкін» дейді бұл мәселе жөнінде «Қазақстан Халық Банкінің» жетекшісі.
XS
SM
MD
LG