Совет заманындағы мақаларда қазақ театр өнері 1925 жылы Қызылорда қаласында қазақ ұлттық театры ашылған, яғни 1926 жылы қаңтардың 1-і күні «Еңлік-Кебек» пьесасы үзіндісі сахналанған сәттен басталады деп жазылған.
Бірақ 1915 жылы ақпанның 13-і күні Семей қаласында приказчиктер клубында қазақ әдеби-вокал-музыкалық кеші өткен екен. Қазіргі театр тарихшылары мен театр қайраткерлерінің пікірінше, сол кеште «Біржан мен Сара» айтысын сахналау қазақ театр өнерінің туған күні -1915 жылы ақпанның 13-і деп санауға негіз болады.
Белгілі қазақ актері әрі Қазақстан театр қайраткерлері одағы төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловтың айтуынша, бұл - театр құжат жүзінде ашылған күн, ал қазақ халқында театр элементтері әлімсақтан болған.
- Қазақ халқының ауыз әдебиетінде, кейбір салт-дәстүрлерінде театр элементтері бар. Мысалы, бәйге жарысын немесе баланы бесікке салу дәстүрін алайық. Мұндай салт-жоралар кезінде жұрт ән айтып, белгілі бір жоралғыларды орындаған. Мұның бәрі театр элементтеріне жатады. Театр өнері халық шығармашылығы дәстүрлерінен пайда болған. Бұл - ескі замандардан бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан өнер. Мысалы, ақындар айтысы мен жыраулық толғаулар. Орындау шеберлігімен жұртты ұйытып тастайтын жыраулық дәстүрді бір актердің тұтас театры деуге болады. Ақын-жыраулар шығармашылығының құдыреттілігі соншалық, тыңдаушы жұрттың көңілінен шығып, еріксіз елітіп әкетеді. Нағыз актерлік өнер деген осы емес пе?! - дейді актер Азаттық тілшісіне.
Тұңғышбай Жаманқұловтың айтуынша, 1915 жылы ақпанның 13-і күні өткен кеш «қазақтар әйелдеріне актриса болуға тыйым салған» деген пікірді жоққа шығарады.
АЙҒАҚТАР
Семейдегі тарихи-өлкетану мұражайы директоры Бекен Теміров Азаттық тілшісіне 1915 жылы ақпанның 13-і күні өткен қазақ кеші афишасының фотосуретін көрсетті. Тарихи суреттен кеш қайырымдылық мақсатта ұйымдастырылғанын білуге болады. Кештен түскен ақша Петроградтағы мұсылмандардың жылжымалы лазаретін жабдықтауға (Бірінші дүниежүзілік соғысы жүріп жатқан кез) және Ресей университеттерінде оқитын қазақ студенттеріне көмекке жіберілген.
Бекен Теміровтің айтуынша, 1915 жылы ақпанның 13-і күні әдеби-вокалды-музыкалық кеш өткенін тарихшылар баяғыдан біледі, бірақ бұл факті саяси әрі идеологиялық себептермен ондаған жылдар бойы жарияланбай келген.
- Бұл кеш туралы «Қазақ» және «Айқап» газеттері қазақ тілінде, ал «Семипалатинский телеграф», «Сибирьская жизнь» басылымдары орыс тілінде жазған. Кешке қатысқандардың көбі кейін «Алаш» қозғалысының белсенді мүшелеріне айналып, біреулері репрессияға ұшырады, біреулері атылып кетті. Тірі қалғандары санаулы ғана, - дейді ол.
100 жыл бұрын Семейде өткен кешке мұғалімдер семинариясы оқытушысы Нұрғали Құлжановтың әйелі Нәзипа Құлжанова да қатысқан.
- Ол кісі сегіз қырлы, бір сырлы тұлға еді. Ән айтатын, билейтін. Орыс география қоғамының Семей бөлімшесінде жұмыс істеген. 1914 жылы орыс халқына арнап ұйымдастырылған Абай шығармашылығы кешінде орыс тілінде баяндама жасаған. Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхановтармен жақсы таныс болған кісі. Қазақ ақындары ол кісіге өлең арнаған, - дейді Бекен Теміров.
Кезінде ақпарат құралдары жариялаған болжамдардың бірі бойынша, оның күйеуі Нұрғалиды ақ гвардияшылар жазалаған. Ал қаза тапқаннан кейін марқұмды большевиктер «халық жауы» деп жариялаған. Нәзипа Құлжанова Алматы қаласына көшіп кеткен. Ол - қазақ әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш журналист және орыс әдебиеті шығармаларын қазақшаға тәржімалаған аудармашы. Мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиесі жөнінде еңбектері жарияланған. 1934 жылы 46 жасында туберкулезден қайтыс болған.
2012 жылы Қазақстан ақпарат құралдарында Нәзипа Құлжанованың 125 жылдығына арналған өмірбаяндық очерктер жарияланған. Оның бірінде «Алаш орда» қозғалысы қайраткерлерімен таныстығы үшін соңғы жылдары қудаланып, еңбектерін жариялауға тыйым салынғаны, соның салдарынан тұрмыста таршылық көргені жазылған.
100 жыл бұрын Нәзипа Құлжанова «Біржан - Сара» айтысын қазақ жазушысы әрі драматургі, ағартушы-ғалым, «Алаш орда» үкіметін құруға қатысқаны үшін 1931 жылы ату жазасына кесілген Жүсіпбек Аймауытов екеуі орындаған. Қазір оның есімі қазақтың актерлік шеберлігі мен режиссурасының негізін қалаушылардың бірі ретінде аталады.
1915 жылы ақпанның 13-і күні өткен кешке қатысушылардың арасында Қаныш есімі аталады. Бұл - 100 жыл бұрын Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқыған болашақ геолог-ғалым, академик Қаныш Сәтпаев болатын.
Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының театр және кино бөлімі меңгерушісі Амангелді Мұқанның айтуынша, мұрағат материалдары негізінде революцияға дейінгі қазақ драматургиясы туралы кітап шығару жоспарланған.