Accessibility links

Түрмедегі пошта жәшігі азаптауға қарсы құралға айнала ма?


КА-168/2 түзету мекемесі. Ақтөбе, 9 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
КА-168/2 түзету мекемесі. Ақтөбе, 9 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

2015 жылы Қазақстан түрмелерінде азаптау немесе қатыгез әрекеттерге шағымдарды салатын арнайы пошта жәшіктерін орнату жоспарланған. Кейбір колонияларда мұндай жәшіктер қазір де бар.

Келесі жылы күшіне енетін жаңа қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес, Қазақстандағы колониялардың бәріне тұтқындар шағым-арыздарын салатын арнайы жәшіктер орнатылады.

Жәшікте жиналған шағымдарды аптасына бір рет прокурор келіп алып кетеді деп жоспарланған. Ал түрме басшылығы бұл шағымдарды оқымауы тиіс, бірақ оларды жәшіктен шығару процедурасына қатысады. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) қызметкерлерінің Азаттық тілшісіне айтуынша, қазір колонияларда дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр,ал жәшіктер тұтқындар шағымын тастай алатындай ыңғайлы орынға қойылады.

Қазақстандағы адам құқықтары бюросының Қостанай облыстық филиалы жетекшісі Анастасия Миллер қараша айының басында колониялардың бірінен тұтқындар шағым-арыздарын салатын осы сияқты жәшікті көрген. Оның айтуынша, жәшіктің сыртында «Ұлттық превентивтік механизм» (ҰПМ) деген жазу бар. Ал ҰПМ ережесі бойынша, тұтқындардың азаптау немесе қатыгез әрекеттерге қатысты шағымдарын тексеруге қоғамдық бақылау жасалуы тиіс.

Анастасия Миллер «Жәшікті ҰПМ-нің колонияларды аралайтын тобындағы Қостанай облысы қоғамдық-бақылау комиссиясы өкілдері орнатқан жоқ, сонда ол қалай пайда болған?» деп таңданады.

– Мен көрген әлгі жәшікті түрме әкімшілігі өзі орнатқан. Түрмедегі тұтқындар камера-камера болып, бөлек-бөлек отыратынын ескеріп, бұл жәшікке хаттарды қалай салуға болатын сұрастырдық. Түрме қызметкерлері тұтқындар шағымдарын серуенге шыққан кезде тастайтынын айтады. Кейін мекеменің заңгері жәшікті ашып, хатты алады да, тиісті орынға жібереді. Бірақ хат-хабар жөнелту тәртібіне сәйкес шағымдар алдын ала тексеріледі. Демек, тұтқынның жазған шағымын түрме бастығы оқып, кімнің не жазғанын біліп алады. Тұтқындардың шағымдануына жағдай жасау сиқы осындай, - дейді Анастасия Миллер.

Ол мұндай процедура тұтқындардың шағым беру механизмін тиімді етеді дегенге сенбейді.

Қазақстандағы адам құқықтары бюросының Қостанай облыстық филиалы жетекшісі Анастасия Миллер. Алматы, 26 маусым 2013 жыл.
Қазақстандағы адам құқықтары бюросының Қостанай облыстық филиалы жетекшісі Анастасия Миллер. Алматы, 26 маусым 2013 жыл.

– Біздің қолымызда әлгі жәшіктердің кілті жоқ, шағым хаттарды жәшіктен мекеме қызметкерлері шығарады. Енді тұтқындар шағым жазғаны үшін қысымға ұшырай ма деп қорқамын. Ал бұл жаңа құрылған «Ұлттық превентивтік механизмге» сенімсіздік тудырады, - дейді Анастасия Миллер.

Түрмелерде шағым салатын арнайы жәшіктер орнату Қазақстанда азаптаумен күрес шараларының бірі ретінде аталады. Қазан айының соңында Женевадағы БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінде Қазақстанның есебі тыңдалған кезде Адам құқықтарының ұлттық орталығы басшысы Вячеслав Калюжный осындай мәлімдеме жасаған.

Былтыр Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемдегі адам құқығы ахуалына қатысты жыл сайынғы 24-есебінде «Қазақстанда азаптаулар тексерілмейді, ал азаптау әрекеттері жазаланбайды» деп мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG